Әке жолын қуған

20141031-06-1«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді Абай атамыз. Машақаты мен рахаты қатар жүретін ұстаздық жұмысқа екінің бірі беттей бермесі анық. Әйтсе де, осы бір қиын да қызық мамандықты абыроймен алып келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – С.Сейфуллин атындағы гимназия оқытушысы Әсел Оразбекова.

Әсел Қамбарқызы Жезқазған университетінің математика-физика факультетін «Математика-информатика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1999 жылдан бастап ұстаздық деген ұлы жолда келеді. Еңбек жолын №1 мектеп-гимназиясынан бастап, 2004 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы гимназияда жалғастыруда. Бір қызығы, Әсел Қамбарқызының отбасы мүшелері мұғалімдікке бейім болып шықты. Әкесі Қамбар Оразбек осы мектептің ардагер ұстаздарының бірі. Әсел әкесімен қатар еңбек жолында жүргенін мақтан тұтады, сондықтан, саналы, рухты ұрпақ тәрбиелеуде барын салатыны байқалып тұр. Отбасында әке жолын қуған сіңілісі де бар екен. Ал, кейіпкеріміз – үш баланың анасы. «Өз балаларым да жаратылыстану-математика бағытына бейім» дейді ол.

Ұстазбен сұхбаттасуға барғанымызда математика кабинетінің заманауи үлгіде толықтай жабдықталғанын көріп, қуанып қалдық. «Компьютерлер мен компьютерлік сенсорлы экран тақтасы оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттырып, біліктілігін жоғарылатады» дейді Әсел Қамбарқызы әңгімесінде. Сұхбат барысында бұл техникалардың қалай пайдаға асатыны, жалпы көрнекіліктерді қаншалықты қолданатындығы турасында сұрап білдік.

– Негізі, көрнекіліктерді үнемі пайдалана бермейміз. Өйткені, оқушыларды жалықтырып алуымыз мүмкін. Аптасына екі рет қолданса жеткілікті. Біз оның орнына дидактикалық материалдар, қосымша кітаптар пайдаланамыз. Компьютерге келетін болсақ, интернеттен тест бағдарламаларын ала отырып, соның негізінде өзіміз сұрақтар құраймыз. Міне, осы кезде компьютердің көмегі көп. Ал, мына компьютерлік сенсорлы экран тақтасымен «Activ studio» бағдарламасымен флипчарттар жасау өте қолайлы. Ол слайд сияқты дүние.

Әсел Қамбарқызының биыл бірінші рет 11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап жатқан жайы бар. Айтуынша, оқушылары бұған дейін қалалық байқаулардан жақсы нәтижеге жетіп жүрген. Талапшыл ұстаз өзінің оқушыларын «көңілімнен шығады» дейді. 9-сынып оқитын Ұлжан Ақанова, Аружан Нұрсапа және 6-сынып оқушысы Аян Шаһарғалидың болашағынан үлкен үміт күтеді.

– Ең алғаш жұмысымды бастаған кездері қиыншылықтар көп кездесті. Осы бағытқа не үшін келгенімді түсінбеген кездерім де болды. Шәкірттерің сенен тәлім алу үшін әуелі өз жауапкершілігің жоғары болуы тиіс қой. Сондықтан, алдын-ала өзің балаға ұқсап дайындығыңды әзірлейсің. Бастапқыда үй шаруасына, отбасыма қарайтын уақыт таба алмай жататынмын. Математика – күрделі сала. Әр есеп шешімінің сан қилы амалдары болады. Оқушыға жан-жақты түсіндіру менің міндетім. Шыны керек, осы уақытқа дейін кей есептің шешімін таппай, әкемнен көмек сұраймын. Ол кісі математик болса да, ой-өрісі өте кең адам. Тарих, әдебиет, тіл жағына мығым. Әдетте жаратылыстану бағытындағы адам тілге шорқақ келеді деп жатады ғой. Ал, менің әкемнің бесаспаптығы мұны теріске шығарады. «Мен барда өздеріңе қажеттіні сұрап алыңдар» деген әкемнің бір ауыз сөзі мен үшін өмір бойғы азық. Мен де сол кісіден үйренгенімді, бар уақытымды оқушыларыма сарп еткім келеді –дейді Ә.Оразбекова.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.