Бағдарлама бар, шатырды жөндеуге не кедергі?

Соңғы кездері көпқабатты үйлердің төбесін жаңарту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Әрине, бұл жағдайда тұрғындар көбіне-көп жергілікті билікке үміт артады. Алайда, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, тұрғындар баспаналарының төбесі мен жертөлесін ұқыпты ұстап, оны жөндеуге міндетті. Себебі, көпқабатты үйлердің төбесін қайта жаңғыртуға бюджеттен арнайы қаржы қарастырылмаған.

Бүгінгі күні ел көлемінде тұрғын үй шаруашылығының төңірегінде үлкен мәселеге айналған бұл жағдайдың біздің қалада қалай жүзеге асырылып отырғанын білу үшін тұрғын үй инспекциясының басшысы Назгүл Сүттібаеваға хабарласқан болатынбыз. Мәселенің мән жайына қанық инспекция басшысы біздің сауалдарымызға былайша жауап берді:

– Бұл мәселе қала көлемінде өте өткір тұр. Әлі күнге дейін тұрғындар әкімдікке төбелерін жаңғыртуды сұрап жиі шағымданады. Қазіргі күні елімізде тұрғын үйлерді жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бектіліп, жұмыс жасалуда. Елбасының тапсырмасымен 2011 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама аясында біздің қалада да ауқымды жұмыс атқарылды. Екіқабатты ағаш үйлердің бірқатары толық терможаңғыртудан өтті. Осы бағдарлама аясында көпқабатты үйлердің иелері де бірлесе отырып, өздерінің ортақ мүлкі, жекеменшік үйлерінің төбесін жаңғыртуға толық мүмкіндік барын қанша айтып жатқанымызбен, тұрғындар әлі бейқам. Бағдарламаның аяқталуына да, міне, 5 жыл қалды. Осы бағдарламаның аясында осы мәселелерді шешіп алуға толық мүмкіндік болып тұр.

Әрине, бағдарламаның тиімділігін түсінген тұрғындар да бар. Мысал ретінде келтіретін болсам, Ерден көшесі 157 үйдің тұрғындары терможаңғырту бағдарламасының аясында көпқабатты үйдің төбесін қайта жаңартып алды. Олар енді бірнеше жыл бойы төбеден аққан су тамшыларынан бір жолата құтылды. Неге қалған тұрғындар да осы істі қолға алмасқа? Тағы бір мәселе – осы бағдарламаның тиімділігін түсіндіріп, ақпарат беру мақсатында тұрғындармен кездескенде көбісі «Мен 2-3 қабаттарда тұрамын. Маған төбенің не қажеті бар? Ол үшін ақша шығындамаймын» деп те жатады. Бұл әрине, жаңсақ пікір. Бір тұрғын келіскенімен екінші бір тұрғын осындай сылтауларын айтып жатады, – дейді Н.Сүттібаева.

Мұндай мәселеде ең бірінші – тұрғындардың өзара түсіністігі мен жаңа қоғамға деген көзқарас ерекше болуы қажет. Осындай қағиданы ұстанатын Ерден көшесі 157 үйдің тұрғындары үйлерінің шатырын жаңалап алды. Олар бағдарламаның тиімді екенін алға тартып отыр (Суретте).

Үкіметтің бекітіп берген арнайы бағдарламасы бойынша көпқабатты үйлердің төбесін жаңғыртып алуға тұрғындар өздері ниеттенбесе, өзгеден келер қайыр жоқ.

Сондықтан құрметті Сәтбаев қаласының тұрғындары, тұрғын үйді жаңғыртудың арнайы бағдарламасы іске асып тұрған сәтті пайдаланып, жекеменшік үйлеріңіздің төбесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік барын біле жүріңіздер.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.