Екі бас жүлде және Дубайға жолдама

20141031-05-2Қазан айының 20-24 күндері Алматы қаласында VII республикалық «Таланттарды іздейміз» балалар мен жасөспірімдердің байқауы өтті. Бұл байқауға Оқушылар сарайының 8 оқушысы қатысып, екі бас жүлде және 1 бірінші орын, ІІ екінші орын мен ІІІ үшінші орынды қанжығалап қайтты.

Байқауға еліміздің әр облысынан 800-ге тарта бала қатысып, әр номинация бойынша өнерлерін ортаға салған.

– Республикалық деңгейде өткізілген бұл байқаудан оқушылар көп әсер алып қайтты. Қоржын да қомақты жеңістерге толы болды. Сегіз жүз баланың ішінен озып шыққан осы сегіз оқушымыздың талмай-шаршамай жетекшілерімен бірге ізденіп, талпынғандығы осындай қуанышқа кенелтіп отыр. Байқаудың вокал номинациясы бойынша Ақмоншақ Махамбет және аспапта ойнау номинациясы бойынша Нұрбол Жақсылық бас жүлдені еншіледі. Вокал номинациясында өнер көрсеткендердің қатарынан орта жас бойынша Аймира Қуаныш І орынды, Аружан Байзрахманова мен Анель Закирова ІІ орынды еншіледі. Ал, үлкен топ арасында Төлеу Халифа ІІ орынды иеленсе, Біржан Абраш ІІІ орынға табан тіреді. Кіші топтан Ерасыл Мұхан ІІІ орынмен жүлделі болды. Оқушыларымыздың бұл жеңісі қаламыздың, сарайымыздың мәртебесін бір көтеріп тастады – дейді балғын өнерпаздардың жетекшілері.

Алатау бөктерін төрт күн ән тербеткен байқауда сәтбаевтық өнерпаздардың шоқтығының жоғары болуына бірден-бір еңбек сіңірген олардың жетекшілері Эльмара Жұбаниязова, Күлзада Исаева мен Мадияр Құлашев.

Байқауда вокал номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген Ақмоншақ Махамбет Біріккен Араб Әмірліктерінің үлкен қаласы Дубайда 30 қараша мен 7 желтоқсан арасында өтетін халықаралық ән жарысына қатысады.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.