Халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына сенім мол

20141031-02-1Өткен жексенбі, қазанның жиырма алтысы күні Сәтбаев қалалық мәслихатына шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өткізілді. Таңғы жетіде төрт сайлау учаскесінде басталған сайлау кешкі сағат сегізге дейін жалғасты. Бұл күні аумақтық сайлау комиссиясы өз құзіреті ауқымында ұйымдастыру шараларын кезең-кезеңімен атқаруға күш салды. Саяси науқанның Конституциямен және сайлау заңнамасымен көзделген тәртіпте өтуі үшін өз міндетін толық орындауға барынша тырысқаны байқалды.

Мәслихаттың шығып қалған депутаттарының орнына үміткер ретінде екі учаске бойынша жалпы білім беретін №16 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қамар Жанасылова, «Сәт-Сәулет» ЖШС-нің бас инженері Аймырза Ишанов, Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Балқия Сәкенова сайлауға түсті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну белгіленген тәртіп бойынша тіркелген жергілікті қоғамдық бірлестіктер және өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылды. Алдын ала өз бағдарламаларын ұсынған үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын қыркүйектің 26-нан бастап бір ай бойы жүргізді.

496-шы сайлау учаскесіне қарасты көпқабатты 11 үйдің 1665 тұрғыны өздері үшін маңызы зор саяси науқанға белсене қатысты. Түске дейін осы аумаққа қарасты Абай мен Ерден көшесі тұрғындарының 50 пайызы дауыс беріп үлгерді. Сайлау дауыс беру парағына қол қою арқылы іске асырылды. Сайлау бюллетеньдері жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырылып, толтыру кезінде дауыс берушіден басқа адамның кіруіне тыйым салынды. Сондай-ақ, бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, оған қандай да болмасын түзетулер енгізуге жол берілген жоқ. Белгі қойылған бюллетеньді сайлаушылар арнайы жәшікке салды.

Дауыс беруде кедергілерге ұшырамас үшін бар мүмкіндіктерді барынша қолдануға тырысудамыз. Денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебіне байланысты келе алмаған сайлаушылардың үйінде дауыс беруі ұйымдастырылуда. Бюллетеньдерді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі жоқ сайлаушы сенетін адамның көмегіне жүгіне алады, – дейді сайлау учаскесінің төрағасы Батырлан Сейітжапбаров.

Оныншы сайлау округіне қарасты №494-ші сайлау учаскесінің сайлаушылары да бұл күні таң алакеуімнен №4 мектеп-лицейіне ағылды. Абай көшесіндегі көпқабатты 16 үй тұрғындарынан тұратын 1647 сайлаушының сағат 11-ге дейін 500-і дауыс беріп үлгеріпті. «Осы қарқыннан танбасақ, кешке дейін сайлаушылардың 90-100 пайызға жуығы қатысып үлгереді» деп сеніммен айтты аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Гүлмира Жаппасова. Бұл күні сайлаушылар арасынан ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерді кездестіріп, бір ауыз сөзге тарттық.

Дауыс беруді азаматтық парызым деп санаймын. Осы шараны ұйымшылдықпен, тиісті талап-міндетті адалдықпен атқару сайлаушыларға сын. Біз үшін бұл да бір мереке. Елінің қамын ойлайтын, ертеңі үшін тер төгетін тұлғаларға өзіміз таңдау жасап, сайлап алып жатсақ, мереке емей, немене?! — дейді зейнеткер Шайымгүл Алғаринова.

Қалалық мәслихат депутаттарын сайлау нәтижелері 27 қазанда дайын болып, жарияланды. № 2-сайлау округі бойынша 2082 дауысқа ие болған «Тазалық-2020» ЖШС-нің директоры Қайрат Керімқұлов жеңіске жетсе, ал, №10-шы сайлау округы бойынша 2187 дауыс жинаған жалпы білім беретін №16 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қамар Жанасылова халық қалаулысы атанды.

Тұрғындардың мәслихат депутаттарына деген зор сенімін осы сайлауда байқадық. Олардың халық пен билік арасында дәнекер болып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аянбай қызмет ете береріне сенім мол. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің қол жеткізген жасампаз жетістіктерін саралаумен қатар, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отандастарымызды жаңа межені бағындырып, жаңа мақсаттарды орындауға жігерлендіріп отыр. Осы бағыттарды жүзеге асыруда халық аманатын арқалаған мәслихат депуттарына да үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.