Ағымда болу діндар болу ма?

Соңғы уақытта елімізде діни нанымдарымыз бен салт-санамызға сіңген діни көзқарастарымызға сәйкес келмейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар көрініс табуда. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды.

Бастапқы кезде «діндар болғанның жөні осы» деп, әркімнің артынан ере бергеніміз рас. Кейіннен «жылтырағанның барлығы алтын емес» екендігіне көзіміз жетсе де барлығы кеш болды. Ислам құндылықтары қазақ халқы үшін күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Қазіргі уақытта халқымыз бұрыннан дәріптеп, құрметтеген дінімізге де күдікпен, сенімсіздікпен қарайтын болдық.

Қоғамымызда діни реформа жасағысы келетін топтар шықты. Олардың айтуынша, ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген Ханафи мазхабы қате! Қазақ жеріне ислам діні тек өткен ғасырдың 90 жылдары келе бастады дейді.

Ойға еріксіз сұрақ келеді: сонда ата-бабаларымыз осынша уақыт адасып келіп, барлығы күнәһар болғаны ма, барлығы да тозаққа кеткені ме? Біреуді тозаққа немесе жұмаққа жіберу Алланың ісі емес пе? Сонымен қоймай өздері мешіттерге келіп, имамдардарға ұйып, намаз оқитыны тағы бар. Қарасаң бұлардың қарсылығы діни сенімге қатысты емес секілді болып көрінеді.

Сол себепті, қазіргі кезде біздің қоғамда уахабизм, салафизм пікірін ұстанушылармен жұмыс жүріп жатыр. Бұл жолдағылар бастапқы кезде шииттік көзқарасқа қарсы келіп, «сунна» бойынша қабірді зиярат ету көзқарасын қалыптастырып, шииттердің мешіттерін қиратып, мешіттерге мұнара салуға, намаздан кейін тасбих қолдануға тыйым салған болатын.

Дәл қазір олар барлық нәрсе Исламның алғашқы кезіндей болу керек деп, айналасындағыларға уағыздай бастайды. Бұл Ибн Таймияның жақтастары қайтадан көбейіп, тек шииттік көзқараспен ғана емес, дәстүрлі мәзһабты ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсете бастады. Тіпті олардың арасынан террорлық ағымдардың қатарын толтырып жатқандар да бар.

Білікті теолог мамандарға жүгінсек, «Мұсылман кісінің сабырлы, шыдамды болуы, әркімге қарсы «кәпір», «күнәһар» деген сөздерді қолданбауы шарт. Алдымен пайғамбарымыздың өмірінен сабақ алуы керек. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар сенімді хадисінде: «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер», деп ескертеді». Енді біреулері біздің ата-бабаларымыз зікір салған, біз де зікір салып, ата-баба аруағына табынамыз деп елді дүрліктіріп жүр. Қарапайым халықты алдап бақсылық, балгерлік, тәуіпшілдікпен айналысып жүргендер де аз емес. Сонда бауырмашылдық пен сүйіспеншілікті үйрететін, пайғамбар «үмметім» деп мақтанатын, біреудің ала жібін аттамайтын, қарапайым мұсылмандарымыз қайда?! Бұл қарама-қайшылық өз кезегінде біреулер үшін саяси тиімді құралға айналып отыр. Сондықтан, еліміздің ішіне іріткі салып жүрген «діншілдер» мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден саяси мүдде басым болып отыр. Сол себепті, халықтың тұтастығын, бірлігін сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын дін үйретушілерден сақтану қажет!

Аз ғана уақытта діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты төмен азаматтарымызды өздерінің белсенді жақтастарына айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. Енді өз отандасымызбен, отбасымыздың мүшесімен, ағайынымызбен тартысқа түсетін халге дейін жеттік.

Алайда, бұл ағымдағылар өздерін шынайы діндар және ақиқат жолындағылар ретінде санайтындықтан, олардың қатары әлі де болса көбею үстінде.

Мұндай көзқарасты ұстанушылар Исламның атын жамылып, діни мәтіндерден (Құран және хадис) өздерінің істеріне дәлел келтіретіндіктен, олармен күресу басқа діни ағымдармен күресуден қарағанда өте күрделі.

Қазір еліміздің дін саласында діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, діни ағымдар мен бірлестіктер саны біршама азаюда. Қазақстан аумағында жағымсыз әсерін таратып отырған деструктивті ағымдардарға тосқауыл қою қиын болып отыр деуге болады. Себебі, деструктивті ағымдар мен олардың пікірін ұстанушыларды бақылау немесе олармен диалогқа келу мәселесінің күрделілігі.

Біріншіден, теріс пиғылды бағытты ұстанушылар мемлекет қызметкері мен имамдарды мойындамайды. Яғни, өздерін «шынайы діндарлармыз, басқалар адасқандар» деп санағандықтан, олармен сұхбаттасуды орынды деп ойламайды. Екіншіден, олар көбінесе нақты бір мекемеде жұмыс істемейтіндігіне байланысты оларды дін тақырыбындағы пікірталаста, болмаса кездесулерде көру қиын. Тіпті діни және мемлекеттік қызметкерлермен кездесу бола қалған күннің өзінде олар қатыспауға тырысады.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда елімізде теріс ағымда жүрген бауырларымыздың көзқарасы шынайы ислам көзқарасына қарсы келуде және ұлт қауіпсіздігіне теріс ықпал етуі мүмкін. Осыған орай, бұл мәселені шешу мақсатында бағдарлама қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл дегеніміз, мемлекет тарапынан теріс діни ағымдардың дамуына тосқауыл қойылады деген сөз. Ал сіздердің, яғни қала тұрғындарының тарапынан бұл жұмысқа қолдау, көмек берілсе, біз оң нәтижелерге тезірек жетер едік.

Қ.Сағындықова, Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.