Балғын боксшылар өнер көрсетті

20141031-03-2Социалистік Еңбек Ері, тау-кен металлургия комбинатының алғашқы директоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының Құрметті азаматы Виктор Васильевич Гурбаның 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың бірі – аймақтық бокс турнирі – Сәтбаев қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өтті. Төрт күнге жоспарланған айтулы додада Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск қалалары мен Талап, Кеңгір елді-мекендерінің балғын боксшылары шаршы алаңда қолғап түйістірді.

Виктор Гурбаның өмірі – өзгелерге үлгі. Мамандық таңдауда жаңылыспаған жан Украинада туып-өскен. Кен-металлургия институтын тәмамдағаннан кейін 1952 жылы Жезқазғанға келеді. Мыс қорыту комбинатының бас инженері, кен басқармасының директоры қызметтерін атқарып, өнеркәсіптік кешенінің жеке дара құрылымдары тау-кен комбинатына біріктірілген тұста алғашқы директоры болып тағайындалып, жиырма жылдан артық осы қызметті тізгіндеді. Ғалым Қаныш Сәтбаевтың сенімді серігіне айналған ол жүздеген талантты өндіріс майталмандарын тәрбиелеп, еңбек үздігі атанды. Басшылық еткен тұста №№55, 57, 65 шахталар ашылып, мыс қорыту зауыты мен байыту фабрикасы іске қосылды.

Аймақтық турнирдің ашылу салтанатында Виктор Гурбаның Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Қарсақбай кентінің дамуына қосқан үлесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиеттері тілге тиек етілді. Валерий Прокофьев, Өмірбек Сартов секілді өндіріс ардагерлері тұщымды естеліктер айтты. «Жезқазғантүстімет» ӨБ әлеуметтік еңбек қатынастары бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов, Сәтбаев қаласы әкімінің кеңесшісі Марал Мәдиева, ССРО спорт шебері Руслан Дәуренбеков, турнирдің бас бапкері Ерболат Тортаев құттықтауларында спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуіне тілектестіктерін білдірді.

Жиырма салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістірген 130-дан аса балғындардың жекпе-жегі жарыс додасын тартысты ете түсті. Сәтбаев қаласының үкілеген былғары қолғап шеберлері бағы мен бабы асқандығын көрсетті. Турнирді жіті қадағалаған бас бапкер жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміздің өзгелерге есе жібермегендігін баса айтты.

Мәселен, жасөспірімдер арасында Әнуар Балмұханов – 30, Давид Бейсембаев 63 келіде бірінші орынды иеленсе, Бекзат Салықов – 32, Асыл Рахмет – 44, Бекжан Дүйсенбеков – 46, Мәлік Усатаев 48 келіде екінші орынды жеңіп алды. Қыздарымыз да қалыспады. Әсем Әбдібекова – 42, Әлия Сапарғали – 54, Айзада Жүрсін 44 келіде жеңіс жалауын желбіретті.

Байрақты бәсекенің жеңімпаздары өткен жексенбіде анықталып, бас демеуші – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің естелік сыйлықтары мен жүлделері табыс етілді. Жалпы есеп бойынша 20 алтын, 20 күміс, 35 қола жүлде өз иесін тапты. Өзге қалалардың намысын арқалап келгендер құр қайтқан жоқ. Сәтбаевтық Ардақ Әшеновамен қолғап түйістірген балқаштық Сәбира Искакова 3:0 есебімен басым түсіп, финалға өтті.

Спорт додасына барлығы өз мықтыларын алып келгендері белгілі. Кілең чемпиондар мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шаршы алаңның шаңын шығарды.

Тек қана жеңіс үшін келдім. Оңайға соқпасы белгілі, бірақ, барымды салатын боламын. Себебі, бұл бәсекенің мен үшін маңызы зор, – дейді 63 келіде бірінші орынды жеңіп алған жерлесіміз Давид Бейсембаев.

Осы турнирде топ жарған саңлақтар арасында балқаштық Мәдина Мадияр да бар. Бұл бірінші жеңісі емес. Бапкері Әли Жукиннің көмегімен талмай жаттығып, бірнеше рет айтулы додаларда жеңімпаз атанған ол: «Інім Мәди де бокспен айналысады. Анам қарсы болғанымен, жетістіктерімді көргеннен кейін ақ батасын берді», – дейді.

Болашақта әлемге әйгілі боксшы болғысы келетіндердің қатарында қарағандылық Ақжол Алпысбайұлы да бар. 2002 жылдан бастап Ерлан Шілдебаевтың қоластында жаттыққан жас ұлан айтулы жарыстарда 4 күміс, 15 алтын еншілеп үлгеріпті.

Аталмыш спорт додасы әр өңірдің жалпы бокс деңгейін тануға мүмкіндік берді. Жас спортшылар тәжірибелі ағаларынан сабақ алды. Өзара шеберлік алмасуға мүмкіндік ашылады. Виктор Гурба атындағы турнирдің талай мықтының шыңдалып шығуына септігін тигізгені сөзсіз. Ең бастысы – спорт әлеміне енді ғана тәй-тәй басқан жаңа есімдер анықталды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.