Салиқалы басқосу

20141031-12-3Өткен аптада Сәтбаев қаласы «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» сапындағы белсенділер колледж студенттерімен, яғни қыз балалармен кездесу өткізді. Жиынды «Аяулым» әлеуметтік қолдау бірлестігі мен ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.

Сәтбаевтық іскер әйелдер қауымдастығының бұл бағытта жұмыс жасап келе жатқанына биыл 3 жыл толып отыр. Мектеп жұмысының негізгі мақсаты –Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру. Сондай-ақ, әр қызмет саласында табысты еңбек етіп келе жатқан әйелдер қауымының еңбегін жастарға насихаттап, қолдау таныту. Белсенді әйелдер мектебінің тұрақты мүшелері ретінде қаламыз бойынша 10 адам тағайындалған. Олар мемлекеттік орган жетекшілері, қалалық мәслихат депутаттары, әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия мүшелері, кәсіпорын және мемлекеттік емес ұйымдардың иелері.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы К.Сағындықова сөз тізгінін қолына алып, жиынды өзі жүргізіп отырды. Әйел теңдігі мәселелерін жастармен кеңінен отырып талқыламас бұрын әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы, әйелдер мектебінің жетекшісі Г.Таңсықбаева мен Сәтбаев қалалық мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук «Қазақстан Республикасының гендерлік саясатын жүзеге асыру» тақырыбында баяндама жасады.

Гүлмира Өміртайқызы республикамызда көшбасшылық қасиетін танытып келе жатқан әйелдердің саны мен саласына тоқтала кетті. Ал, Татьяна Ивановна әлем деңгейіндегі саясатта жүрген нәзік жандылар турасында сөз қозғады. Қазір қоғамды қай жағынан алып қарасаң да әйел қауымының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Барлық салада, барлық елде әйелдердің рөлі артып келеді. Әйел белсенділігі деген тақырып әлем бойынша 1791 жылдан бері көтеріліп келе жатыр екен. Баяндамашылардың сөз төркіні «Еркек – бас, әйел – мойын» деген мағынаға келіп саяды. Қазақы менталитетке сүйене отырып, әйел баласы қандай билікті қолға алса да, отбасында ерінің көңілін табуы тиіс екендігі айтылды. Расында, ақылды әйел отбасында бас боламын деп емес, ерінің мерейін үстем етемін деп өмір сүруі һақ. Ол үшін де әйелге көшбасшылық қасиеттер керек.

Студенттер өз армандары мен мақсаттарын ортаға салып, көшбасшылардан тиімді кеңес алды. Кездесудің соңында психолог Э.Цхай «Адамды жеке тұлға ретінде қалыптастыру» тақырыбында студенттермен тренинг өткізді.

«Әйелдер көшбасшылығы мектебі» мүшелері ретінде қатысушылардың қатарында білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова, №2 ОДА-ның аға дәрігері О.Лекерова, қалалық мұрағат директоры А.Төлендина, мәслихат аппаратының жетекшісі Қ.Махамбетова, «Нұрбөбек» балабақшасының директоры Ж.Жаппасова, «Шаңырақ» дағдарыс орталығының төрағасы, «Аяулым» әлеуметтік қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Әбдуәлиева, мәдени-сауықтыру орталығы директорының орынбасары Н.Геймбух, «Әлия» жиһаз үйінің директоры Ә.Аяпбергенова болды.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Суретке түсірген автор.

Комментарии закрыты.