Дара тұлғаға лайықты құрмет

Үстіміздегі жылы Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР еңбек сіңірген кеншісі, Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының алғашқы директоры, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының Құрметті азаматы Виктор Васильевич Гурбаның туғанына 100 жыл толып отыр. Ұлы тұлғаның осы мерейтойы өңірімізде айшықты шаралармен аталып өтті.

20141031-03-1-1

100 жылдық торқалы тойға орай аймағымызда В.В.Гурбаның өмірінен, студенттік және қызмет еткен жылдарынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, оқу орындарында ұлы тұлғаның көзін көрген кісілермен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының мұрындық болуымен Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде көрме ұйымдастырылып, онда Виктор Васильевичтің өмірі мен еңбек жолдарын бейнелейтін үш стенд жабдықталды. Сол сияқты Виктор Гурбаның көзі тірісінде отырған столы, қолданған құралдары, телефон аппараттары қойылды. Көрме өзінің жан-жақтылығымен көрермендерді қызықтыра алды.

20141031-03-1-2   20141031-03-1-3

 Мерейтойға орай ұйымдастырылған тағы бір айшықты шара Виктор Васильевичтің тұрған үйінің жанынан тұлғаның тас тұғырдағы бейнесі мен мемориалдық тақтайшаның қойылуы болды. Бұл іс-шараға Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының әкімдері Батырлан Ахметов пен Әнуар Омар, тұлғаның Алматыдан келген қызы Елена Погребняк пен күйеу баласы Владимир Погребняк және Мәскеуден келген ізбасары әрі шәкірті Валерий Прокофьев, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің техникалық директоры Владимир Урумов және қанаттас жатқан қос қаладағы тау-кен, металлургия саласының ардагерлері қатысты.

Ескерткіш белгінің ашылу салтанатын Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов ашып, жұртшылықты осы бір тарихи сәтпен құттықтаса, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің техникалық директоры Владимир Урумов Жезқазған өндірісінің дамуына қомақты қолтаңба қалдырған дара тұлға жайлы айта келіп, оның есімінің ел есінде мәңгі қалатынын тілге тиек етті.

Салтанатта тұлғаның туыстары атынан күйеу баласы Владимир Погребняк сөз сөйлеп, қайынатасының құрметіне осындай ауқымды шара ұйымдастырып, мерейтойын ел болып атап өтуге мұрындық болған қала, кәсіпорын басшыларына, замандастары мен ізбасарларына ақжарма тілегін жеткізсе, Виктор Гурбаның шәкірті әрі ізбасары Мәскеуден келген мейман Валерий Прокофьев тәлімгерінің еңбектері мен азаматтық ұстанымы жайлы сөз етті.

Салтанат соңында Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов бастаған қадірлі меймандар Виктор Гурбаның тас тұғырдағы мүсіні мен жаңғыртылған тақтаны ашып, жиылған жұртшылық гүл шоқтарын қойды. Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған қалалық филармонияның әншілері әннен шашу шашып, салтанат сәнін келтіре түсті.

Бұдан соң жиналған қауым Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен салтанатты жиынға қатысты. Салтанатты жиында Сәтбаев қалалық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары ән-жырмен ашып, жүргізіп отырды.

Жиында Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов сөз сөйлеп, Виктор Гурбаның еңбек жолдары жайлы баяндаса, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар оның азаматтық келбеті мен тереңнен болжайтын іскерлік қабілеттері жайлы көсіле сөйледі.

– Қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының кемел келешегін сол кездің өзінде-ақ болжаған Виктор Васильевич олардың құрылысына, бас жоспарына ерекше мән берді. Қалаларды осылай қанаттастыра салды. Өндіріске кедергі келтірмеуін қатты ескерді. Соның нәтижесінде қос қала бүгінгідей келбетке жетті.

Виктор Гурба өзінің ұстазы Қаныш Сәтбаевтың ісіне қалай адалдық танытса, оның ізбасарлары – Кәкімбек Салықов, Ғазиз Омаров, Садық Асатов, Мұхит Бөпежанов сынды асыл ағаларымыз да Гурбаның бастаған істерін абыроймен аяғына жеткізуге үлестерін қосты. Бүгінгі ұрпақ та сол ағалардың ісін абыроймен жалғастыратын болады, – деп түйіндеді әкім өз сөзін.

Салтанатты жиында корпорация басшылары атынан Владимир Урумов, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, Гурбаның ізбасарлары Валерий Прокофьев, Әмірбек Шегірбаев және басқалары мінберге шығып, дара тұлға жайлы өздерінің естеліктерін айтып, осындай алқалы жиын өткізген азаматтарға ризашылық сезімдерін білдірді.

Бұл күні меймандар Виктор Васильевич Гурбаның бейітіне барып, гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті. Сондай-ақ, қанаттас жатқан қос қалада 100 жылдық мерейтойға орай шағын футболдан, волейбол мен бокстан біріншіліктер өткізілді. Осылайша В.В.Гурбаның мерейтойында тұлғаға лайық құрмет көрсетіліп, іс-шаралар есте қаларлықтай болып өткізілді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.