І Республикалық Қобызшылар байқауы шақырады

Қараша айының 14-15 күндері қаламызда Ерден Сандыбайұлы атындағы І Республикалық қобызшылар байқауы өтпек. Қалалық әкімдік ұйымдастырып отырған өнер бәйгесін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі де қолдап отыр. Ал, байқаудың мақсаты, бәйге қоры қандай? Бұл сұрақтарды біз Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке қойған едік.

— Әрбір байқаудың өзіндік мақсат, мұраты болады ғой. Қобызшылар сайысы нені дәріптемек және оған кімдер қатыса алады?

— Байқаудың көздеген мақсаты – қобыз мектебінің дәстүрін сақтап қалуға үлес қосу, күйдің ұмытылып бара жатқан өзіндік орындаушылық дәстүрін қалыптастыру, талантты қобызшыларды анықтау және олардың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасау, сонымен қоса, қобыз күйлерін және қазіргі заман композиторларының қобызға арнап шығарған шығармаларын кеңінен насихаттау. Конкурсқа 16 мен 35 жас аралығындағы қобызшылар қатыса алады.

— Байқау екі кезеңнен өтеді деп естіген едік. Өнер бәйгесінің өту тәртібі қандай?

— Ия, байқау екі кезеңнен тұратын болады. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар Ықыластың «Ерден» күйінің Дәулет Мықтыбаевтың орындауындағы, Қорқыттың «Қоңырының» Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы нұсқаларын міндетті түрде орындауға тиіс. Сондай-ақ, бұл кезеңде Қазақстан композиторларының шығармалары да орындалады. Ал, екінші кезеңде үміткерлер Ермұрат Үсеновтің «Қойлыбайдың сарынын», Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы Ықыластың «Жезкиігін», Қазбек Абеновтың орындауындағы Баубектің «Сарынын» міндетті түрде орындауы тиіс. Сол сияқты, байқауға қатысушы қобызшылар тапсырма орындау кезеңінде конвертте алдын ала жазылған күйді орындайтын болады. Ал, олардың арасында Дәулет Мықтыбаевтың нұсқасында орындалатын Ықыластың «Кертолғау», «Ханшайым», «Қазан», «Айрауықтың ащы күйі», Қорқыттың «Қорқыт» күйінің І түрі, халық күйі «Аққу», Жаппас Қаламбаевтың нұсқасындағы халық күйі «Мұңлық-Зарлық», Шәркеннің күйі «Шәркен», Жаппас Қаламбаевтың «Марш», Баубектің «Қоңыржай» сияқты күйлері болады.

— Байқаудың Ерден Сандыбайұлының атында өткізілуінің мәнісі неде?

— Ерден Сандыбайұлы бабамыз тек ел билеуші ғана емес, ерекше өнер иесі де болған. Жан-жағына өнерпаз жандарды жинаған. Бұл туралы атақты Орынбай ақынның толғауында жақсы айтылған ғой. Сондай-ақ, Ерден Сандыбайұлының домбыра тартып, қобызда ойнағаны да белгілі. Ықыластың «Ерден» күйінің шығу тарихын зерттеушілер осы күйдің бас жағын Ерден өзі шығарған, Ықылас соны іліп әкетіп, тереңдете түскен дегенді айтады. Сондықтан, қобызшылар байқауын Ерден Сандыбайұлы атында өткізе отырып, біз тарихи тұлғаны басқа, өнерпаз қырынан да халыққа насихаттауды мұрат тұттық.

– Байқау болғансын бәйге болуы да заңды. Жүлде қоры қандай?

– Бас бәйгеге 1 млн. теңге тігіліп отыр. І орынға 500 мың, ІІ орынға 250 мың, ІІІ орынға 100 мың теңге тағайындалған. Мұның сыртында көтерме сыйлықтар мен дипломант атақтары тағы бар. Осыдан-ақ байқауға қандай биік мақсат, орындаушыларға қандай қатаң талап қойылып отырғанын байқауға болатын шығар. Елімізге танымал қобызшылар келеді деп күтілуде. Демек, Жезқазған – Ұлытау аймағы халқының қасиетті қара қобыздан төгілген күй құдіретімен сусындауларына тамаша мүмкіндік туғалы тұр. Байқау 13 қараша күні салтанатты түрде ашылады. 14, 15 күндері екі кезеңі өтіп, 15 қараша күні жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтеді. Өнерсүйер қала тұрғындары өнер додасы өтетін Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының төрінен табылады деп сенеміз.

Жазып алған Айнұр Құлашова.

Комментарии закрыты.