Ұлытаудың ұланын ұлықтады

Жақында Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапханада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және Баубек Бұлқышевтың шығармашылық мұрасын халыққа насихаттау, әдебиетке бейімі бар жастарды анықтау мақсатында III аймақтық Баубек Бұлқышев шығармаларын мәнерлеп оқушылардың байқауын өткізді.

Байқауға 14-30 жас аралығындағы Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданы мектептерінің оқушылары мен жас маман-ұстаздар қатысты. Қатысушылар жауынгер, жазушы-публицист, ақын Баубек Бұлқышевтың өлеңдері мен прозалық шығармаларынан үзінділерді жатқа оқыды.

Әр қатысушы өзінің көркем мәтінді оқу шеберлігін көрсете білді.

Жиырма үш қатысушының ішінен қазылар алқасы ең үздігін таңдап, бас жүлдені «Шығыс ұлына хат» шығармасын орындаған №1мектеп-гимназиясының 8 «А» сынып оқушысы Бейбарыс Кетебаевқа лайық деп таныды. Ал, I-орынды «Жауыздық пен махаббат» шығармасын орындаған Сәкен Сейфуллин гимназиясының 11 «А» сынып оқушысы Тоғжан Абдразақова иеленсе, II-орын «Ана қабірінің басында» өлеңімен №3 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Балдырған Төрехан және «Алматылықтар» романының «Естен шықпас оқиға» бөлімін орындаған №19 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелді Қайратұлына берілді.

III-орынның жүлдесін «Жауыздық пен махаббат» шығармасын орындаған №1 мектеп-гимназиясының 10 «А» сынып оқушысы Ардақ Тойлыбаева, «Заман біздікі» шығармасымен №7 орта мектебінің 8 «А» сыныбы оқушысы Рауана Накупова, «Өмір сүргім келеді» шығармасымен №15 орта мектебінің орыс бөлімінің 11 «А» сынып оқушысы Абылай Хойши өз ара бөлісті.

Ұйымдастырушылар атынан жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.

Шолпан Сабырова, кітапханашы.

Комментарии закрыты.