Екі елдің арасына жол салған

Түрік еліне қазақы қалпымен танылған Гүлмира Еркінқызы Оспанова – Елбасының сарабдал саясатымен уақыт талабына сай білім нәрімен сусындауға талпынған талантты жастардың бірі. Онымен жақын танысып, әңгімеге тартудың реті жақында туған қаласы Сәтбаевқа келгенде түсті.

1975 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келіп, №27 қазақ орта мектебін алтын белгіге аяқтаған жас қызды үлбіреген үкілі үміті мен ақ арманы Алматыға жетеледі. Гүлмираның қадамы құтты болды. Құтты дейтініміз, ол орта мектеп қабырғасынан шыққан соң, 1992 жылы Түркияның Кайсери қаласындағы «Ерджиес» университетінің түрік тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, айды аспаннан бір-ақ шығарғанына күллі аймақ қуана шаттанды. Болашағына жарқын жол ашылып, он жыл бойы алған білімінің сапасын осылай танытты. Білім нәтижесінің нәрлілігі сол – өркениетті елге барып, сапалы білім алумен шектелмей, төрткүл дүниедегі жүзден астам ұлт өкілдерінің арасынан іріктелген жастардың алдыңғы шебінде жүрді. Ата-анасын, туған-туыстарын, ұстаздарын осылайша қуанышқа бөлеп, ісімен сүйсінтті. Қазақтың қара көзі қайыспас қайсарлығын, көздеген мақсатына жетпей тоқтамайтындығын дәлелдеп, аталған оқу орнын 1997 жылы тәмамдады. Әсілі, «білім алу инемен құдық қазғандай» деп қазақ бекер айтпаған. Осынау қазақы даналыққа, сол қазақтың ұлы данышпаны, ойшыл ақыны Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деген көрегендігіне көңіл түкпірінен орын берген Гүлмира Еркінқызы филология магистрі мамандығы бойынша білім алып, аспирантураны да аяқтап, түрік тілі мен әдебиеті ғылымдарының докторы атанды. Білгенге бұл Сәтбаев өңірінен шыққан қазақтың қарапайым қызының білімге деген шексіз құштарлығын аңғартары анық.

жылы алған білімін ел игілігіне жарату мақсатымен ортамызға оралған Гүлмира бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде түрік тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы. Көп тілді білу секілді уақыт сұранысын мүлтіксіз атқарып, «Түркі тектес елдердің тілін білсем, білген үстіне біле түссем және өркениетті елдердегідей тек өзім ғана білумен шектелмей, сол білгенімді шапағат нұрындай айналама шаша жүрсем» дегенді ұстанымына айналдырғаны ой өлшемінің биіктігін көрсетеді.

Қожа Ахмет Яссауи университетінде 27 елдің өкілдері білім алады. Мұндай оқу орны дүние жүзі бойынша тек бізде ғана бар. Бұл жерде түркі тілдес халықтардың жастары бір шаңырақ астына жиналған. Бірінші, екінші курстарда міндетті түрде түрік тілі оқытылады. Шет елден келген студенттер қазақ, орыс, ағылшын тілін үйренеді. Негізгі сабақ қазақ, түрік тілдерінде жүргізіледі. Дәріс алатын оқушылардың көбі шетелдіктер. Шет мемлекеттермен үнемі байланыста болғандықтан, білім деңгейі де өте жоғары, – дейді түрік тілі мен әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін толық меңгерген Гүлмира.

Оның ізденімпаздығы тек қана оқумен шектелмей, шетелде алған білімін өз елімізде тәжірибеден өткізу арқылы биік белестерге бет алғандығын дәйектейді. Гүлмира Еркінқызы қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерін меңгергені соншалық, оқу, сөйлеу, жазу арнайы лексика сынақтары бойынша тек «5» деген баға иегері. Әсіресе, түрік тілінен хабары мол. Бұл екінің біріне бұйырмаған бақыт десек артық емес. Microsoft Office, Outlook Express, Mozilla Firefox, Adobe Photoshop, Corel DRAW атты компьютерлік бағдарламаларды да жетік меңгергенін баса айтқан ләзім. Рас, бұл бәлендей жаңалық емес, бірақ, ғылым докторы Гүлмираның тағы бір қыры.

Түріктік қасиетке ие, түрікшіл рухта тәрбиеленген адаммын. Шет елде оқысам да қазақ екенімді ұмытқаным жоқ. Тіліме, тарихыма, халқыма деген махаббатым артпаса, кеміген емес. Бұл жолда ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор. Олар түркі тектес халықтың ұрпағы екенімді ұғындырды. Енді дамып келе жатқан қазақ тілі көне түркі тілінен бастау алады. Ал, түрік тілі – өте бай, жан-жақты дамыған тіл. Себебі, олар ешқашан басқа елдің бодауында болмаған, ешкімге басын имеген, тілі шұбарланбаған ел. Қазір мен түркі тектес халықтардың тілін зерттеу үстіндемін, – дейді Гүлмира.

Ол «Ерджиес» университетінде өткізген жылын жоғары деңгейде пайдалана білді. Өте ақылды, іскер жан жұмысты шығармашылықпен ұштастырды. Міне, екі елдің арасына жол салған «Ерджиес» университеті түлегінің жеткен жетістігі осындай. Бұл жерде оны мақтан тұтатын ата-анасы мен ұстаздарының өлшеусіз еңбегі жатыр. Ел сеніміне селкеу түсірмеуді азаматтық парызы санайтын, елі мен жерінің абыройын арттырған Гүлмира сынды жастарды Отанымыздың ақыл-ой байлығы деп бағалаған жөн болар.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.