БАҚ-тар да белсене араласатын болады

Дін – қашаннан күрмеуі көп күрделі мәселе. Әр заманда мысық пиғылды миссионерлер жер-жерді аралап, өздерінің ағымдары мен идеяларын ел арасына таратып, олардың санасын улап отырған. Кешегі «Дін – апиын» деген кеңестік қағиданың тас-талқаны шыққаннан кейін біздің елімізде де жұртты жолынан жаңылдырған түрлі ағымдар қаптап кетті. Бүгінде онымен қоғам болып күресуге мәжбүр болдық. Тіпті, бұл бағытта мемлекеттік тұрғыдан да мән беріле бастады. Ендігі жерде осы күрестің ортасына бұқаралық ақпарат құралдары да білек сыбана кірісетін болды.

Олар дін тақырыбы, діни негіздегі лаңкестік көріністерін жария етумен қатар, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жариялауды да белсене атқармақ. Ал, бұл жұмыстар қалай жүргізіледі? Ол жайында жуырда Жезқазған қалалық әкімдігінде өткен семинарда сөз болды.

Жалпы, аймағымызда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында мекемелер мен ұжымдарда кездесулер мен семинарлар өткізіліп келеді. Ал, Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған бұл семинардың мәні мүлдем бөлек болды. Семинарға Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданының БАҚ өкілдері қатысты.

Семинарды Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айшагүл Тасмағанбетова ашып, жүргізіп отырды. Жиында республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Нұрлы білім» ҚБ-нің төрағасы, дінтанушы, тарих магистранты Рүстем Сыздықов еліміздегі және аймағымыздағы діни ахуал туралы әңгіме қозғады.

Ол өз сөзінде «қандай да болмасын жиындар мен ақпараттық хабарларда Жезқазған мен Сәтбаевқа қатысты жайттар жиі айтылады. Бұл дұрыс емес. Жат ағымның жетегінде жүрген жастар еліміздің өзге де аймақтарында аз емес. Бұлай бөле-жара қарау – сыңаржақтық. Сондықтан, жергілікті БАҚ өкілдері осындай келеңсіздіктердің алдын алуға атсалысулары қажет. Солай екен деп асыра сілтеп жіберуге де болмайды» деген пікірін ашық жеткізді.

Алқалы шарада аталмыш тақырыпты жазу, жариялау барысындағы негізгі кездесетін кедергілер, жалпы БАҚ-ның елдегі діни ахуалға ықпалы турасында терең әңгіме қозғалды. Және шараға қатысушылар осы тақырыпты мейлінше ашуға тырысты. Дін – нәзік те терең тақырып. Оны терең түсініп жазу журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен, тақырып туралы жазып отырған журналист осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі түсініп алғаны жөн. Жиында осы мәселе сөз болды.

Семинарда сондай-ақ, халықтың діни сауаттылығын арттырудағы БАҚ-тың рөлі тақырыбында келелі әңгіме қозғалды. Жалпы, дін тақырыбының бүгінгі таңда ақпарат айдынына шығу үрдісі кеңінен талқыға салынды.

Іс-шара барысында БАҚ қызметінің дінді жариялау әдістемелері мен формаларын сараптау, журналистердің дін саласына бейімделуі, ғаламтордағы дінге қарсы жарияланып жататын материалдар, мемлекеттің дін саласындағы саясатын насихаттау сынды өзекті мәселелер көтерілді.

Семинар жұмысына Қарағанды облысының дін істері басқармасының «Қарағанды облысы конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығы» КММ-нің бөлім басшысы М.Мысыр, Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Мырзабекова, Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Қ.Жұмабеков қатысып отырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.