Сиқырлы сандар сырын ашқан

20141107-07-1Ресми статистика барлық елдер үшін өсуші рөл атқарады. Қазіргі кезде жоғары сапалы статистикалық деректер құпия емес, қолжетімді. Олар ашық пікір-сайыстарда, саяси және іскерлік шешімдерді қабылдағанда қолданылады. Жыл сайын 80-ге жуық мемлекет Статистика күнін мерекелейді. Бұл мереке қызмет етудің, адалдықтың, кәсібиліктің негізгі құндылығы болып табылады.

Бүгінгі күні Сәтбаев қалалық статистика басқармасында бас маман Мария Көкенова, жетекші мамандар Ардақ Тілегенова мен Гүлсім Исатаева секілді өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Олардың барлығы жоғары білікті экономист-қаржыгерлер. 2011 жылдан бері аталмыш мекемені басқаратын, өзін байыпты да тәжірибелі басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көрсеткен Сәлима Қорғанбекова статистикалық деректердің әлеуметтік-экономикалық даму аумағын айқындауда күнделікті жұмыс барысында ерекше рөл атқаратындығын атап көрсетті.

Алдағы қараша айында тоқсан төрт жылдығын атап өткелі отырған еліміздің статистика қызметі тәуелсіз еліміздің талаптарына сай жаңа құрылымдық жүйеге өтті. Оның бір айғағы – таяуда ғана «Мемлекеттік статистика туралы» заңның қабылдануы, – деген Сәлима Қорғанбекова Сәтбаев қаласының биылғы жылғы тоғыз айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайымен таныстырды. Айтуынша, өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру аталған мерзімде 4710,1 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 66,6%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 403,8 млн. теңге, мал мен құс түрлерінен 177 тонна ет өндіріліп, жалпы сауын сүт 1589,3 тоннаны құрады. Негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 9698,9 млн. теңгеге жетіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 70,95,1 млн. теңгеге бағаланып отыр. Бұл жалпы облыстық көлемнің 5,4 % құрайды. Тұрғын үй құрылысына 520,9 млн. теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге артық. Қала бойынша жалпы ауданы 6472 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Бөлшек сауда айналымы 7194,8 млн. теңге деңгейіне көтеріліп, 7,2 % артқан. Бүгінгі күні қалада 325 шаруашылық субъектісі тіркелген.

Осындай деректер арқылы қаланың қазіргі қол жеткізген биіктерін айқындап берген С.Қорғанбекова қызметтерін пайдаланушылар көбейгендігіне, олардың электрондық желімен байланысты тиімді пайдалана бастағанын баса айтты.

Соңғы кезде «Электронды статистикалық есептілік» («ЭСЕ» АЖ) ақпараттық жүйесі енгізілген. Респонденттерге есептерді электронды түрде интернет арқылы тапсыру мүмкіндігі ұсынылады. Енді қағаздағы көшірмелер қажет емес. Мұның бір ерекшелігі – жүйеге енгізілген форматты-логикалық бақылау мәліметтерді жіберу кезінде қателердің кетуіне жол бермейді.

Статистикалық есептілікті электронды түрде тапсырамын деушілер халыққа қызмет көрсету орталықтарында аутентификация кұралдарын және заңды тұлғаның электронды сандық қолтаңбасын алулары қажет. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер туралы ақпараттар статистика басқармасына онлайн режимінде электронды түрде түсіп отырады. Осылайша, мемлекеттік статистикалық тіркеуге есепке алу, бірыңғай теңестірілген және басқа да жүйелік-есептік кодтарды алу электронды түрде жүзеге асырылатын болады. Жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін бюрократиялық кедергілерді қысқартуға септігін тигізеді деп күтілуде, – дейді С.Қорғанбекова.

Бекітілген жоспар бойынша статистика қамтитын сала түрлері көп. Сондай маңызды салалардың бірі – демография.

Халықтың табиғи жолмен өсуі аса маңызды мемлекеттік стратегияның бір саласы болып табылады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік бір әсері бар, терең талдауды қажет ететін, қорытынды шығаруға дерек беретін түпкі нысана деуге болады. Мәселен, еңбек күші ресурстары, Отан қорғауды қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды, мәдениетті дамытудағы жетекшілік, тілді сақтап қалуда қазақтардың ара-салмағы секілді даму түрлерін қамтиды. Қала тұрғындарының басынан өткен қоғамдық даму үрдістеріне, ондағы туу мен өлімнің көрсеткіштеріне анық баға береді.

Халықтың жалпы санындағы өзгеріс (өсу немесе кему) екі факторға – халықтың табиғи өсіміне (туылғандар мен өлгендер арасындағы айырма) және көші-қондағы оң (келгендердің басым болуы) мен теріс (кері көшу) айырмасына тәуелді. Халық санының өсу қарқыны оның негізгі факторы – табиғи өсімге тікелей байланысты. Кейінгі жылдары өңірдегі халықтың туу көрсеткіші арта түсуде. Әсіресе, 2001 жылдан бастап өскен, – деген С.Қорғанбекова оның басты себептерін атап айтты.

Бұған себеп – елдегі экономикалық, саяси тұрақтылық пен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы. Ана мен балаға көп көңіл бөлу, туылған балалар күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының көбеюі, әлеуметтік саясатты жетілдіру жолындағы шаралар, жалақының өсуі табиғи өсімге жағымды әсер етуде. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына орай, жергілікті тұрғындар арасында табиғи өсім артуда. Бұл ең алдымен, әлеуметтік төлемдердің үкімет тарапынан жас балалы аналарға бағытталған қамқорлығынан айқын көрінеді.

Соңғы 6 айдың туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 4 %-ға өскен. Мәселен, өткен жылдың 8 айында 997 бала дүниеге келсе, биыл 1017-ге артқан. Кейінгі кездері тұрғындардың өмір сүру жасының ұзарғандығы да байқалады. 2013 жылы 485 адам дүниеден өтсе, биыл бұл көрсеткіш 65 адамға азайған. Бұл соңғы кездері өмір сүру ұзақтығының арта бастағандығының айқын бір дәлелі.

Соңғы кездері статистикаға біршама жаңалықтар енгізілуде. Тіркелімдер, есептіліктерді электронды түрге көшіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жыл аяғына дейін толықтай осы жүйеге көшу күн тәртібіндегі басты мәселе. Статистика адамзаттың ауқымды проблемаларын шешуге көмектеседі. Саяси шешімдерді қабылдауда, қоғам дамуында, салыстыру, нақтылау, бағаны реттеуде аса маңызды. Нақты жағдайда, шынайы деректер негізінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына талдау жасау мақсатына қызмет етеді. Сәтбаев қаласының даму қарқыны жайындағы негізгі көрсеткіштерді растайтын, сиқырлы сандардың сырын ашқан статистика басқармасының мақсаты осындай.

Мейрамгүл Саяжанқызы. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.