Алаштың тілі мәңгілік

Тіл – қай халықтың болмасын тағдырымен тығыз байланысты. Жер бетінде талай ұлттың тілі халқымен бірге жойылып кеткеніне тарих куәгер. Біздің де ана тіліміздің тағдыры қыл үстінде тұрды. Ұлтымыз қаншама қайғы-қасіретті бастан өткерсе де, бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамына жетті. Алайда, ұлы бабалардан мирас болып қалған қазақ тілінің жағдайы көпті толғандырып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, айбынын асқақтату мақсатында елімізде «Қазақ тілі қоғамы» құрылды. Қарағанды облысы бойынша Жезқазған қаласында алғаш болып құрылған «Қазақ тілі қоғамына» биыл – 25 жыл. Бұл ұйымның атаулы мерекесі Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 25 жылдығы мен Қазақ КСР Халық комиссариатының Тіл туралы Декретінің қабылданғанына 90 жыл толуына тұспа-тұс келді.

20141107-05-2Аймағымызда мемлекеттік тілдің ахуалын жақсартуды хал-қадірінше шешіп жүрген Жезқазған қаласының «Қазақ тілі қоғамы» Жезқазған қаласындағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Алаш мұраты және тіл» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысына Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев, аймағымыздан тұңғыш «Ғасыр адамы» атағын иеленген ғылым докторы, профессор, академик, Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ-нің Қарағанды облысы филиалының төрағасы Темірғали Көкетай және Жезқазған қаласының зиялы өкілдері, «Қазақ тілі қоғамының» бұрынғы төрағалары мен аудармашылар, тіл жанашырлары қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Әнуар Серікбайұлы қазақ тілінің сан ғасырлық бұғауды жарып өтіп, бүгінгі тәуелсіз жас Қазақстанның өскелең буынына жетуінің өзі – тіліміздің құдіреттілігін айқындап беріп отырғандығын баса айтты.

Біз қанша ғасыр өзгенің бодандығында, езгісінде жүрсек те тіліміздің құндылығы жоғалмады. Жоғалтуға тырысқан саясаттар да болды. Алайда, рухы мықты қазақ елінің сағын ешкім сындыра алмады. Бәз қалпында бүгінге жеткеннің өзі үлкен мақтаныш. Сол мақтаныш жас буынның кеудесін кернеп, ана тілін қадір тұтуы тиіс. Осы мақсатта жұмыла еңбек етіп, жастарды тілін қадірлеуге үйретуден жалықпауымыз қажет.

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мүддесі тұрды. Осы бағыттағы жұмыстардың жандануына үлес қосқан Жезқазған қаласының «Қазақ тілі қоғамы» ауыз толтырып айтарлық шаруалар атқара білді , – дей келе, шаһар басшысы Әнуар Омар қоғамдық ұйымның төрағалығында болған Төлеген Бүкіров, Асқар Ермекбаев, Төлеутай Қазанғапов пен қазіргі төрайым Мейрамкүл Мусинаға 25 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берді.

Одан кейін сөз алған Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев бұл игілікті істің мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы маңыздылығы ерекше екендігін айта келе, қоғамның бір топ белсенді мүшелері мен бұрынғы төрағаларына Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Тақырыпқа сай «Ғасыр адамы», академик Темірғали Көкетай тұщымды ой қозғап, жастарды қазақ тілін қадірлеуге шақырды.

– Біздің тілдің құдіреттілігі сол, ең таза, әуезді тіл болып табылады. Сарапшы ғалымдардың айтуынша, қазақ тілі әлемдегі ең таза әрі бай тілдің ішінде оныншы орында тұр. Мен физика ғылымымен айналысып, талай шет елдерде болдым. 2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде дәріс оқығанымда қазақ дейтін ұлттың тілі бай және көркем екеніне олар көз жеткізді. Мен бұл облыстағы қоғамдық ұйымға алғаш келген күннен бастап тілдің жайын жақсарту мәселесі күн тәртібінен түспеді. Аса ыждахаттылықпен қарқынды еңбек еткен ұйымның бірі осы – Жезқазған қаласының «Қазақ тілі қоғамы» деп толық айта аламын. Тәубе дейік, егемендігімізді алып, азат күнде тіліміздің күрмелген мәселелерін шешуге тырысып келеміз. «Көш жүре түзеледі» дейді, мен сенемін, өкшемізді басқан жас буын өз ана тілінде жақсы сөйлеп, оның мәртебесін асқақтатарына. Біздің ер жетіп, азамат болған шағымызда қазақ тілінде бір ауыз сөз айту мұң болды. Қайда барсаң да орыс тілінде сөйлеуге талап қойылды. Ғылымның тілі де орысша болды. Бірақ, біз өз тілімізден алшақтамадық. Себебі, бойымызда ұлтымызға, тілімізге деген сүйіспеншілік жатты. Сол сүйіспеншілікті жас буыннан да көргім келеді, – деп сөзін түйіндеді Темірғали Көкетай.

«Қаладағы тіл ахуалы» тақырыбында Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалия Түгелбаева және Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш баяндама жасады.

Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылған істерге тоқталған Қанат Жанділдәұлы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында қала басшысының бастамасымен «Ұлттық өнер орталығы», мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге арнайы орталық жұмыс жасап отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ономастика мәселесінің де басын шалған бөлім басшысы қаладағы кейбір көшелерге шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың есімін беру жоспарда барын жеткізді. Сондай-ақ, атауын немесе жарнамасын мемлекеттік тілде қате жазатын кәсіпкерлік нысандарға ескертпе жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Конференция жұмысы жарыссөзге ұласып, тақырып төңірегінде бұрынғы төрағалар – Төлеген Бүкіров, Төлеутай Қазанғапов, Жезқазған қалалық мәслихатының аппарат жетекшісі Болат Орынбаев, педагог, Жезқазған аймағында ең алғаш қазақ тілінде балабақша ашу ісіне көп еңбек сіңірген Шүкір Молдағалиева, Жезқазған қалалық Әділет басқармасының басшысы Сәуле Жанділдинова сөз қозғады.

Екі жарым сағатқа созылған жиынды қорытындылаған Жезқазған қаласы «Қазақ тілі қоғамының» төрайымы Мейрамкүл Мусина мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде біріге еңбек еткен бір топ қоғам мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады.

Облыс көлемінде алғаш рет мыс шаһарында өткен бұл ғылыми-тәжірибелік конференция Алаш тілінің мәңгілік екенін айғақтап берді.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.