Балалар бағының бағбаны

20141107-08-2Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушы. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамдардың өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Бүгінде кез келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның «Менің атым Қожасы» әрбір үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателеспеспіз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасының иегері, қазақ балалар әдебиетінің классигі, тамаша жазушы Бердібек Соқпақбаев тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Жазушының мерейтойына орай Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Балалар бағының бағбаны» атты шығармашылық байқау ұйымдастырған болатын. Ондағы мақсат – балаларды жазушының шығармаларын оқуға ынталандыру, жазу шеберлігін шыңдау. Осыдан жарты жыл бұрын жарияланған байқауға 13-24 жас аралығындағы отыздан аса жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, оның қорытындысы өткен аптада жарияланды.

Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер кітапханасындағы салтанатты кеште аталмыш байқау жеңімпаздарының есімі аталып, жүлдегерлер анықталды. Сонымен, бас жүлде №5 мектеп оқушысы Маралбек Шүленбайдың қанжығасына байланса, Сәкен Сейфуллин гимназиясының 10 сынып оқушысы Әлиасқар Байділдин бірінші, Технологиялық колледждің студенті Нұрбек Сырман екінші орындарға ие болды. №16 мектеп оқушысы Қымбат Ахметова мен Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 мектебінен қатысқан Диана Ермұхамбет үшінші орындарды өзара бөлісті. Жүлдегерлердің барлығына арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аталмыш кеште жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеақпарат, «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетіліп, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырзалиев секілді ақын-жазушылардың пікірі тыңдалды. Өз ойларын ортаға салған оқырмандар назарына жазушының халқына мұра етіп қалдырған еңбектері ұсынылды.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ұйымдастыру комитеті 13-24 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шығармалар байқауына қатысуға шақырады.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.