Жастық шақпен қауыштырған кеш

20141107-08-1Үстіміздегі жылдың наурыз айында қала әкімі Әнуар Омардың қолдауымен өнер саласында жақсы бір бастама көтерілген болатын. Мекеме, ұйымдардың, білім ордаларының ұлттық өнерімізге деген қызығушылығы пен шығармашылық қабілетін шыңдап, ізденіске ұйыту мақсатында қолға алынған «Ел іші – өнер кеніші» байқауында бірнеше ұжым өздерінің өнерлерін ортаға салып үлгерді. Өткен жұма күні осы байқаудың аясында Оқушылар сарайының ұстаздары «Күз – береке, күз – мереке» атты кеш өткізді.

Өнерлі балғындардың шығармашылық қабілетін шыңдап жүрген Сарай ұстаздарының өнерін қала басшысы Әнуар Омар, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук тамашалады.

Өнер кеші күзде қырман басына жиналған бір-бірімен әзілі жарасқан қыз-келіншектердің «Қырманға кел, қалқатай», «Шофер келді ауылға» әндерімен бастау алды.

Қырман басындағы қыз-қыз қайнаған өмірдің арасында әнге де, биге де орын табылып жатты. Қазақ қыздарының мың бұралған билері ырысты мезгілдегі халықтың шат-шадыман күйін елестетсе, Эльмара Жубаниязова орындаған «Тракторшы қарындас» әні кезіндегі аналарамыздың еңбектегі шынайы болмысын ашып берді. Ансамбльдің орындауындағы «Әлқисса» күйі мен «Ақ бидай» әні өте сәтті шықты.

Күзгі бақтың сырлы сезімінді Әдемі, Маржан, Ақмарал, Мәдина және Мақсат өлең шумақтарымен ақтарса, «Күз сыйы» суретші-модельерлердің туындылары жұртшылық қошеметіне ие болды.

Өнер кешінде өзге де ұлттың әні мен биі көрініс тапты.

Абай Хужаев пен Халифа Төлеудің орындауындағы «Шофер сүйген қыз» және Ботагөз Абелдина «Қаздар қайтып барады» әні тыңдаушыларынан өз бағаларын алды.

Кештің соңы ұстаздардың ұжымынан құрылған хордың орындауындағы «Ақ бидай», «Шолпан» әндерімен түйінделді.

Байқауды тамашалауға келген алдыңғы аға буын Сарайдың бұл кеші жастық шағымызды еске түсіріп, өткен шақпен бір қауыштырды деп өздерінің оң бағаларын беріп жатты.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.