«Ойнап айтам» – облыс әкімінің Кубогі иегері

Жуырда Қарағанды қаласында облыстың ең үздік көңілділер мен тапқырлар командасы атағын сарапқа салған дүбірлі дода болып өтті. Осы сайыстан Сәтбаев қаласының «Ойнап айтам» КВН командасы облыс әкімінің кубогін жеңіп алды.

20141107-01-1

Жастар ісі жөніндегі облыстық басқарма мен облыстық балалар мен жастар бірлестіктері және юмористер ұйымы бірлесіп өткізген бұл додаға Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау қалалары мен Шет ауданынан өз аймағында талай сындардан шыңдалған 11 команда қатысты. Ойында қоғамдағы өткір тұрған мәселелер, кем-кетіктер астарлы әзілдерге арқау болды. Өздерінің уытты әзіл-қалжыңдары мен тапқырлықтарын, сахналық шеберліктерін көрсете алған Сәтбаев қаласының «Ойнап айтам» командасы ойынның көшбасшысы бола алды. Олар ә дегеннен-ақ көрермендер мен қазылар алқасының назарын өздеріне аударып, ойын бойы бір жерден де мүлт кетпеді.

Ойынның қорытындысы бойынша бірінші орынды КарМТУ-дің «ЖасSTAR» командасы, екінші орынды медициналық университеттің «Күлкі терапиясы» командасы, үшінші орынды Болашақ университетінің «Болашақ VIP» командасы иемденді.

Ал, ойынның бас жүлдесі – облыс әкімінің кубогін сәтбаевтық «Ойнап айтам» командасы қанжығаларына байлады.

Қалаға осындай қомақты тарту әкелген көңілділер мен тапқырларды Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар қабылдап, жеңістерімен құттықтады. «Сәтбаевтықтардың жасының да, жасамашының да қандай болмасын жарыстардан жеңіспен оралуы, олардың алған жүлделері – қаламыздың абыройы, қаламыздың жетістігі», деді әкім өз сөзінде.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.