Сапалы білім әкім назарында

Оқушылардың күзгі демалысын пайдалана отырып, №16 мектеп қабырғасында қала әкімі Әнуар Омар ұстаздармен арнайы кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесуді Сәтбаев қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға мектеп директорлары мен орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері шақыртылды. Ұлт болашағы – жастардың көзі ашық, көкіректері ояу болуы үшін де алаң болған қала басшысы Әнуар Омар ұстаздармен етене жақын араласа отырып, кеңінен әңгімелесті. Жиналыстың негізгі мақсаты ұстаздарға білім сапасын жақсарту жолында бағыт-бағдар беру еді.

Әнуар Серікбайұлының айтуынша, қазіргі балалардың ойлау шеңберлері тарылып барады. «Мен өскенде кім боламын?» деген мақсат-мұраттың жоғалғаны рас шығар. Өйткені, мектепті 11 жыл бойы жүрдім-бардым аяқтап, ата-анасының қалауымен бейімі болмаса да кез-келген мамандықты игеретін жастардың көбейіп келе жатқандығы шындық. Ал жалпы еліміздің болашағы үшін барлық маман иелері ең бірінші тіл мен тарихтан хабардар болуы тиіс екендігі айқын. Сондықтан, қала басшысы тарих сабағының өткізілу деңгейін, тіл сауатсыздығын сынға алды.

Бұл мәселеде қала басшысының мемлекеттік қызметке келіп жатқан жас мамандар арасындағы сауатсыздықты көзі көріп отырғандықтан бей-жай қалмағандығы белгілі болды. Ол кісі сауатсыз мамандардың есімдерін атап, түстерін түстемесе де бірнеше фактіні мысалға ала отырып, осының барлығы кезіндегі мектеп қабырғасындағы білімнің жетіспеушілігінен туындап отырғанын алға тартты. Болашақта мұндай кемшіліктер қайталанбау үшін өз тарапынан түйіннің шешімін табу жолдарын көрсетіп берді.

«Тіл тұрғысына келгенде оқушылар қазақ тілінің емлесі мен стиліне салғырттық танытып, ауызша әдеби жанрға ғана көңіл бөліп жүр» деді Әнуар Омар. Құжат жұмыстарындағы сауаттылық үшін қазақ тіліндегі ережелерді жаттатып, дұрыс сөйлей алу үшін әдеби шығармаларға ден қоюды талап етті.

Ал, тарих пәні ұстаздарына оқулықтарда көрсетілмеген деректермен жұмыс жасау керектігін қадап айтты. «Қазақ тарихында саясаттың салдарынан көлеңкеде қалып зерттелмей жатқан, ешбір жерде айтылмаған жайттар көп» деді ол. Сол үшін әдеби шығармалар мен тарихи құжаттарды салыстыра отырып, оқушыларға тың дерек көздерін ұсына білу қажеттігін түсіндірді. Әнуар Омар тарих толқынынан біз білмейтін көптеген оқиғаларды қызықтыра баяндады.

Қала басшысы «Жастарымыз жан-жақты, толерантты болуы тиіс. Мемлекет, ұлт, Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, соған орай тырысулары қажет» деп сөзін түйіндеді.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.