Психологтармен емен-жарқын әңгіме

Мектептерге психолог маман қызметінің енгізілуі кездейсоқтық емес. Елімізде әлеуметтік психологиялық қызметтің кәсіптік деңгейге көтерілуінің маңызы артуда. Бұл мамандықтың ел болашағы, мемлекеттің әлеуметтік саясаты, жастар саясатының өзекті проблемаларының шешілуіне тигізер әсері мол. Білім беру мекемелерінде әлеуметтік психологиялық қызмет оқушылардың қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімделуіндегі қиыншылықтар, оның тұлғалық қасиетін зерттеу барысында түзету жұмыстарын жүргізу, өмірдің қиын жағдайынан шыға білуге ықпал ету қажеттілігінен сұранысқа ие.

– Бұл жай мамандық емес. Мұнда ұлт болашағы, адам тағдыры жатыр. Оның ертеңіне барлық қоғам мүдделі екенін есте ұстауымыз керек. Себебі, келешекте педагог-психолог мамандығы мұғалім мен медицина қызметкерлері секілді бұқаралық сипатқа ие болады. Қоғам үшін «әлеуметтік эпидемиямен» күрескеннен, алдын-алу әлдеқайда тиімді екендігі белгілі, – деп бастады әңгімесін білім беру мекемелеріндегі психолог мамандармен кездесуінде қала әкімі Әнуар Омар.

Жиында еліміздегі әлеуметтік психологиялық педагогика ғылымының дендеп дами қоймағандығынан білім беру мекемелерінде кездесетін кедергілер мәселесі қозғалды.

Бүгінгі күні Сәтбаев қаласы мектептерінде 17 жоғары білімді психолог маман бар. Олардың барлығы түрлі деңгейдегі білім жетілдіру курстарынан өткен. Оқушылармен бірнеше бағытта диагностика, тренингтер, дамыту, түзету жұмыстары, әдістемелік әзірлемелер, психодиагностикалық деректер, психологиялық даму карталары, психологиялық тексеру нәтижелері мен ұсыныстар, сараптамалық жұмыстар атқарады.

Қала психологтарының жетекшісі Айгүл Бахтаева балалар арасында дәрі-дәрмек ішіп, улану оқиғаларының жиі кездесетіндігін атап айтты.

Жасөспірімдердің бақылаусыз, қараусыз қалуы өзекті проблемалардың бірі. Басты себебі – ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты.

– Балаларының қайда жатып, қайда тұрып жүргендігінен бейхабар ата-аналар бар. Кейбірі өз кемшілігін түсінбей, бізге кінә артады. Отбасы мен мектеп арасындағы байланыс ортақ мақсатқа негізделген. Әр отбасы жүйелі әрі жан-жақты зерттеліп, ондағы тәрбие ерекшеліктеріне мән берілген. Алдағы уақытта ата-аналарды осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, – дейді №1 мектеп-гимназиясының психологы Ботакөз Хамзина.

Күнделікті өмірде ішімдік, нашақорлық, теріс мінез-құлықпен, қылмыспен кездесу, психикаға жағымсыз әсер ететін отбасындағы кикілжіңдер, материалдық және рухани ресурстардың жетімсіздігі қазіргі заман жастарын әлеуметтік депрессияға ұшыратады. Сапалы білім алу да отбасының материалдық жағдайына байланысты. Осындай әлеуметтік жіктелулер күннен күнге тереңдеп, жастардың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіруде. Осы қиындықтан қиыстырып жол табатын психолог – баланың тұлғалық мүддесін, заңдық құқын қорғаушы, балалар мен ересектер қызметінің тікелей қатысушысы, жетекші ұйымдастырушысы және әлеуметтік ортаны сауықтырушы болып табылады. Өмірден түңіліп, үмітін жоғалтқан балаларға көмектесіп, өз-өзіне сенуіне, қайта кемелденуіне ықпал ету – психологтың басты міндеті. Олардың негізгі миссиясы жасөспірімдердің жанын түсіну екендігін атап айтқан қала басшысы кездесуге қатысушыларды ешқашан шаршамауға, кері шегінбеуге шақырып, сауапты жұмыста таңдаған жолдарының дұрыстығын, ұзақ мерзімді жоспарлар мен стратегиялар арқылы табысқа жететіндіктеріне сенім білдіретіндігін жеткізді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ,

Комментарии закрыты.