Кәсіби маман – ел тірегі

Қаржыгер, экономист – жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін, теңге жүйесімен жұмыс істейтін жауапты мамандық. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы ұлттық валютамыздың құндылығы, қаржыгерлік мамандықтың маңыздылығы мен міндеттері жайлы айтқан болатын.

Осы міндеттерді абыроймен атқарып, қаржыгер мамандығының маңызын арттырушылар қатарында Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі міндетін атқарушы Шапағат Әубәкір де бар.

Қасиетті Ұлытауда туып-өсіп, топырағына аунап, жылқы мініп, желмен жарысып өскен Шапағаттың бойына Алла бар өнерді үйіп-төгіп бере салған. Домбырада қоңырлатып ән салып, қара сөзді қиыстыра сөйлеп, суырып салып жыр төгетін шешендік, ақындық қасиеті басым.

№27 қазақ орта мектебін үздік аттестатқа аяқтаған соң табысты саланың бірі – экономикаға атбасын бұрған ол бірден Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің экономика факультетіне қабылданып, 2005 жылы қызыл дипломмен бітіріп, туған жеріне оралды. Бес жыл бойы алған білімін еңбек тәжірибесімен ұштастырып, еңбек жолын 2006 жылы бас маман ретінде бастаған Шапағат Әубәкір бүгінде әріптестері арасында белсенді, жауапкершілігі мол қызметкер ретінде сый мен құрметке ие. Кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болатындығын өмірлік ұстанымы еткен жас жігітке осы қағида сәттіліктер мен кәсіби жетістіктер әкелді.

— Қаржыгер, экономист тек мамандық қана емес, адамның өмірлік әрекеті. Бұл мамандықтарды игергендердің ішкі дүниесі, ойлау қабілеті бір арнаға тоғысуы керек. Қаржымен, есеппен жұмыс істеу, өз кезегінде жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді. Заман талабына сай, экономикамыз жедел даму үстінде. Сондықтан, есте сақтау қабілетінің жоғарылығы, шығыс пен кіріс құжаттарын тиянақты жүргізу жауапкершілігі және кәсіби машықтану секілді қасиеттерге ие мамандар ғана біздің қатарда қызмет ете алады, — деген Шапағаттың мақсаты айқын, ойы өрелі.

ХХІ ғасыр – инновацияға толы, ақпараттық технология заманы. Соған орай, маманд­арымыз бәсекеге қабілетті, білікті болу­ы тиіс. Бүгінде заман өзгерді, кейбір кәсіп көнерді. Елімізге Шапағат Әубәкір секілді кәсіби мамандар ауадай қажет. Олардың ел экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға және күшейтуге, ырысты-берекелі болуына қомақты үлес қосары сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.