Қоғам қорын корғаушылар

20141114-05-1Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылдың 13 қарашасында республикамыздың Ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Сол жылдың 15 қарашасынан бастап қазақ елінің төл теңгесі Отандық экономикамыздың өркендеуіне белсенді қызмет етіп келеді. Мерейлі мереке қарсаңында ел мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп, алғыс пен ықыласқа бөленген Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімі қызметкерлерімен жүздесіп, бөлім басшысының орынбасары Марат Баповпен сұхбаттасқан едік.

— Бүгінде ел экономикасының өр­кендеуіне куә болып отырмыз. Қазақстан экономикасының қазіргі дамуы сатысында қаржы секторы жаңа сапалы деңгейге көшті. Елі­міздің қаржы жүйесі ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда үдемелі жүйе ретінде танылды. Мұны халықаралық жетекші сарап­шылар да растап отыр. Осы ретте сіз басқаратын бөлімнің негізгі функциялары мен міндеттері қандай?

— Егемендік алғаннан кейін елімізде экономикалық жағдайды тұрақтандырудың жолын іздеп, базалық құрылымдық өзгерістерді ретке келтіріп, инвестиция тарту саясаты белсенді жүргізілді. Одан кейінгі «Қазақстан 2030» даму бағдарламасы, енгізілген жинақтаушы зейнетақы жүйесі, «Ұлттық» қор, «Самрұқ» холдингі, «Қазына» қоры секілді қаржылық институттардың дүниеге келуі біршама оң өзгерістер әкелді. Әлемдік дағдарыстан шығу жолында көршілес елдермен біріккен кедендік одаққа үміт артылды. Мұның өз кезегінде экономикалық дамуға оң ықпал еткені сөзсіз. Жалпы алғанда, еліміздің даму бағыты дұрыс. Оны бүкіл әлем мойындауда. Ал, біздің бөлім бірыңғай мемлекеттік экономикалық қаржы саясатын, мемлекеттік сатып алуды үйлестіру және коммуналдық меншікті бақылау мен есепке алуды, ұйымдастыру және үйлестіруді жүзеге асыратын, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын атқарушы орган болып табылады.

— Сәтбаев қаласы бюджетінің орындалысы туралы айтып өтсеңіз?

— Елімізде жоспарлаудың стратегиялық, экономикалық-индикативтік және бюджеттік үш түрі қалыптасқан. Үш жылдық бюджеттің енгізілгеніне бес жылдың жүзі болды. Жалпы бюджеттік жоспарлау әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамына енеді. Сондықтан, бюджет те аталған құжатпен бірге қабылданады. Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің ұсынысы мен сұранысы қалалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберіледі. Бүгінгі күні 2015-2017 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы дайындалып, өз бекітілімін күтуде. 2015 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі биылғы кірістен 3 пайызға, шығысы 5 пайызға өскен. «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша үш жылда екі негізгі бағыт бойынша 1 млрд. 636 млн. теңге бөлініп, 12 жоба жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың соңғы он айы бойынша қала бюджеті 4 млрд. 887 млн. 254 мың теңгені құрады. Жоспардың орындалысы 99,6 пайыз. Жоспардағы 4 млрд. 887 млн. 254 мың қала бюджетінің соңғы он айдағы орындалысы 4 млрд. 552 млн. теңгені құрады.

— 2014 жылды қандай қорытындымен аяқтамақпыз?

— Биылғы жыл құрылыс саласы үшін жаман болған жоқ. Облыс әкімдігінің қаулысымен 999 млн. 449 мың теңгені құрайтын 24 екі пәтерлі тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелердің құрылысы «Қазақмыс» корпорациясы», «Қазорталыққұрлыс» ЖШС арқылы қарқынды жүргізілуде. Аталған қаржы осы жылы толығымен игерілмек. Сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 6472 шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, жоспар өткен жылмен салыстырғанда 103,6 пайызға орындалды. 56 пәтерлі, 4 қабатты жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына 132 500 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары келер жылдың тамызында аяқталмақ. Шығыс тұрғын үй ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту нысанының құрылысына 526 656,0 мың теңге бөлінді. Инженерлік желілер мен су құбырларын тарту жұмыстары және коммуналдық тұрғын үй құрылыстары жалғасуда. Жалпы алғанда, биылғы жылдың Сәтбаев қаласы үшін жаман аяқталмасы анық.

— Ал, келер жыл қаржы секторы үшін қандай болмақ?

— 2015 жылға облыстық басқармаларға Сәтбаев қаласы бойынша 1 млрд. 762 млн. 936 мың теңгенің жобалары ұсынылды. Оның ішінде 4 қабатты 56 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сәтбаев қаласын кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыру бағытында 320 орындық балабақша құрылысына 581 млн. 427 мың бөлінбек. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында «Экономиканы әртараптандыру әрі шағын және орта бизнесті дамыту» бағыты бойынша келер үш жылда 1 млрд. 405 млн. теңге, «Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға» 3 млрд. 108 млн. теңге қарастырылмақ. Жаңа өндірісті дамыту үшін 2015 жылға 10 млн. теңге көлемінде гранттар беріліп, 20-25 жаңа жұмыс орындары, шағын несие беруге 20,7 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде 20-ға жуық жұмыс орындары ашылмақ. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Тағзым» мемориалдық кешені 120 млн. теңгеге орнатылып, 230 млн. теңгеге білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

— Сіздер қоғам қорын қорғаушы іспеттісіздер. Мерекеге қандай дайындықпен келіп отырсыздар?

— Біздің мекеменің тамыры тереңде. Мол тәжірибе жинаған, көп жылдар бойы осы салада қызмет атқарған, өз ісін жетік білетін мамандар болғандықтан, жұмыс барысында қателіктерге жол бермей, өздеріне жүктелген міндеттерін уақытында орындап отырады. Өз ісінің шебері Гүлбану Әлкеева, Арнат Көшербай, Алмат Бекетов, Айгана Жүсіп, Алмас Қожахметовтің өзгелерге үйретері көп. Әр құжаттың, соның ішіндегі әр санның, қалай орналасқанын жазбай танып, қатесін бірден айыратын қырағы қызметкерлер ардагерлер салған сара жолды лайықты жалғастыруда. Барлық әріптестерімді, ардагерлерді төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Егемен елдің ертеңінің жарқын әрі көрікті болуы үшін атсалысқан баршаңызға отбасы бақытын, амандық, мол табыс, қызметте үлкен жетістіктер тілеймін. Жүздеріңізден күлкі кетпей, әрдайым биіктерден көріне беріңіздер!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.