Сұңғыла жырдың сұңқарларына құрмет

20141114-12-1Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының дамуына өзіндік үлесін қосқан алаштың алыптары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин биыл 120 жасқа толды.

Әдебиетімізде үш бәйтерек деп қадір тұтқан қазақтың маңдайына біткен ардақтыларына нақақтан-нақақ жала жабылып, ұлтшыл деген айыппен атылып кетті. Алайда, олардың ұлтқа, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктері тарихта хатталып, жазылып қалды. Тар жол тайғақ кешіп, өздерінің басына қиын іс түссе де ұлтын ұлы мұраттарға жетелеген арыстың бірі Сәкен Сейфуллин еді.

Сұңғыла жырдың сүлейі атанған арқа ардақтысының атын иеленген қаладағы іргелі білім ошағы С.Сейфуллин гимназияның қабырғасында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ақын, драматург, қоғам қайраткерінің мерейтойына орайластырып ғылыми-тәжірибелік конференция, үш бәйтеректің шығармаларын оқудан сайыс және жас ақындар мүшәйрасын өткізді.

Гимназия кітапханасында ұйымдастырылған «Сәкен рухына тағзым» деген тақырыпта оның әдеби әлемі мен өміріне саяхат жасалды.

Ақынның мұраларын жас буынға жеткізуді мұрат тұтқан ғылыми жиынның шымылдығы Сәкен өмірінің соңғы сәттері бейнеленген көрініспен ашылды.

Конференцияда Сәкеннің өмірі мен шығармашылығына арналған үш тілде жазылған, іріктеліп алынған 8 баяндама тыңдалды. Оның ішінде №3 орта мектептің 10 сынып оқушысы Аяна Ілиясованың «Сәкеннің педагогтік қызметі», №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Құндыз Серікованың «Сәкен – фольклоршы», Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары Еркеназ Мусаеваның орыс тіліндегі және Камила Есенованың ағылшын тіліндегі баяндамалары тыңдаушылардың көңілінен шықты.

Әдебиетке құмар жастардың бір тобы ғылыми баяндамаларын көпшілікке ұсынса, енді бір тобы «Сыр сандықты ашып қара, сырласым» тақырыбында өткен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың шығармаларын мәнерлеп оқу және «Талпынып құлаш сермеген, айтайын ішкі сырымды» жас ақындардың мүшәйрасында бақ сынасты.

Бірнеше шығармашылық байқаудың басын біріктірген іс-шара соңында қазылар алқасы үздіктерді анықтап, марапаттады.

Ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысы бойынша І орынды №3 орта мектептің оқушысы Аяна Ілиясова, ІІ орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Камила Есжанова, ІІ орынды №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Құндыз Серікова жеңіп алды. Ал, мәнерлеп оқу сайысында І орын С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Жағыппар Абай І орын иеленсе, №5 орта мектептің оқушысы Маралбек Шүлембай ІІ орынды қанжығалады. Байқаудың ІІІ орнын №27 орта мектептің оқушысы Арайлым Балғабаева жеңіп алды.

Жас ақындардың мүшәйрасында С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Жайна Ділдебаеваның байқауға қосқан өлеңі І орынға лайық деп танылды. ІІ орынның жүлдесі №1 мектеп-гимназияның оқушысы Ардақ Тойлыбаеваға бұйырса, ІІІ орынды №10 мектептің оқушысы Сұңғат Сейітов алды.

Аталмыш байқауларда ерекше қабілетімен көзге түскен өзге қатысушылар да марапатқа ие болды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.