Пәтер кілттері берілді

20141114-06-1Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бүгінде мемлекеттің ең басты мәселелерінің біріне айналған. Осы бір түйткілді істің түйінін шешу мақсатында елімізде ауқымды жобалар мен басым бағытты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал, жұртшылық мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы шаралардың шапағатын көруде. Сондай шапағатты істердің бірі – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы.

Үкіметтің осы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының арқасында елімізде мыңдаған отбасы өз шаңырағының жылуына бөленіп, шаттыққа кенелуде. Әрине, мұндай қуаныштан кеншілер қаласының тұрғындары да кенде емес. Жыл сайын қаламызда бірнеше ондаған отбасылар баспаналы болып, қоныс тойларын тойлап келеді. Бұған мемлекет тарапынан қолдау көріп жатқан тұрғын үй құрылысына қатысты бағдарламалар арқылы қол жеткізілуде. Осы кемел істің арқасында бір кездері басталып, тұралап қалған «сақалды» құрылыстардың тамырына қан жүгіріп жатыр. Есік-терезелері үңірейіп, қаланың сәнін кетіріп, ішінде желдің гуілі ғана естіліп тұратын сол ғимараттардың ауласында бүгін тұрғындардың жарқын дауысы мен балалардың сыңғырлаған күлкісі естіледі. Соның бірі – Комаров көшесіндегі жатақхана ғимараты.

Қаншама жыл ол жер жанынан өткен адамға үрей шашып тұрды. Ал, соңғы екі жылдан бері бұл аймақта «қоныс құтты болсын» деген ақжарма тілек жиі айтылатын болды. Өткен жылы жатақхананың бір бөлігі жаңғыртылып, 34 пәтері тұрғын үй кезегінде тұрғандардың игілігіне берілген еді. Биыл осы ғимараттың екінші бөлігіне де түбірінен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Әлем Строй» құрылыс компаниясы 172 млн. теңгеге ғимаратты жұтындырып шығарды. Сөйтіп, 35 пәтерден тұратын 5 қабатты үй пайда болды. Пәтерлер негізінен 1, 2 және 3 бөлмеден тұрады.

Өткен жұма күні осы Комаров көшесіндегі 9 үйдің «Б» блогындағы 28 пәтердің кілті қала әкімдігіндегі тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларына берілді. Олар – бюджет қызметкерлері, мұғалімдер, көп балалы және толық емес отбасылары мен жетім балалар.

Тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру салтанатында қала әкімі Әнуар Омар қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

– Ұзақ жылдар бойы баспанасыз, әр жерден үй жалдап күн көріп жүрген жандарға пәтер кілтін тапсырып, олардың куаныштан албыртқан жүздерін көргеннен артық бақыт жоқ сияқты. Дәл қазір мен сондай сәтті бастан кешкелі тұрмын. Сондай қуанышты сәттер көп бола берсе екен деп тілеймін. Және оған негіз де бар. Сәтбаев қаласында тұрғын үй құрылысы үзілген емес. Жылына үш не бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріп келеміз. Мұның бәрі мемлекеттің қамқорлығының арқасы. Оны сіздер мен біздер шынайы сезінудеміз.

Мына тұрғын үйдің 28 пәтері – тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға, 7 пәтер Жезқазған поселкесінен көшірілетін отбасыларға берілетін болады. Жалпы, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасына сай, қаламызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде қалада 24 коттедж бен 4 қабатты үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Олардың алғашқыларына үстіміздегі жылдың өзінде-ақ тұрғындарды қоныстандыру жоспарда бар. Осылайша қысқа мерзімде қоңсылас жатқан Жезқазған поселкесі мен оның іргесіндегі елді мекендердің халқы жаңа ауданға қоныс аударатын болады, – деді әкім өз сөзінде.

Салтанатта сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын атқарған мердігер компания – «Бакиров Р.К» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Алмас Тәжен сөз сөйлеп, жұртшылыққа қоныс құтты болсын айтты.

Шағын рәсімнен соң қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук пәтер иелеріне кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Одан кейін Әнуар Омар, Татьяна Хмилярчук және Алмас Тәжен тұрғын үйдің лентасын қиып үй иелерін бастап ғимаратқа кірді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, әншілер салтанатты әнмен өрнектеді.

Пәтер кілтін алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. Бір-біріне құтты болсын айтып, шашу шашып жатыр. Солардың бірнешеуін біз де сөзге тартып көрдік.

– Біз үшін бүгін ерекше күн. 2008 жылдан бері осы пәтерді күтіп келеміз. Міне, сол бақытты күннің сәті бүгін түсті. Қуанышымызда шек жоқ. Жолдасым Қоңыров Қайтпас шахтада жұмыс істейді. Төрт бала тәрбиелеп отырмын. Осы күнге дейін пәтер жалдап, әбден зықымыз шығып жүр еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз пәтерімізге қол жеткізіп отырмыз, – дейді Алуа Искакова.

Ал, Зарина Құсайынова жолдасы Болат екеуі балалар үйінің тәрбиеленушілері екен. Мектеп бітіріп, кәсіптік білім алған соң екеуі отау құрып, шаңырақ көтеріпті. Қазір екі балалары бар. Үлкені үш жаста, кішісі бір жасқа толған. Болат шахтада жұмыс істейді екен. Осы күнге дейін пәтер жалдап тұрыпты. Енді өз баспаналарының боларын айтып, қуаныштан шат-шадыман болып жүр.

– Пәтерімді аралап көрдім. Бөлмесі кең. Ең бастысы – жылы екен. Кішкентайларыма жақсы болатын болды, – дейді Зарина.

Қай пәтерге бас сұқсаңыз да иелерінің алғыстан басқа айтарлары жоқ. Пәтерлерінің кең, жарық, жылы екендерін жарыса айтып жатыр.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.