Мәслихат мерейтойын атап өтті

20141114-04-1-1Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 20 жыл. Еліміздің барлық аймақтарында осынау мерейтой салтанатты түрде аталып өтуде. Сондай айшықты іс-шара өткен аптада кеншілер қаласында да болып өтті. Жұма күні қала әкімдігінің мәжіліс залында V шақырылған Сәтбаев қалалық мәслихатының Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына арналған салтанатты сессиясы болды. Оның жұмысына қала әкімі Әнуар Омар бастаған қалалық мекемелердің басшылары және қалалық мәслихаттың әр шақырылымдардағы төрағалары мен депутаттары, аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын оның төрағасы, депутат Әділбек Қиясбеков ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінгі сессияның ерекшелігі – оның салтанатты сипатында. Бүгін біз әдеттегідей шешімдер қабылдамаймыз. Сессия мінберін оның қонақтарына береміз. Жиырма жылда жүріп өткен жолымызды еске түсіріп, бір-бірімізге ақжарма тілектер ақтарамыз. Ендеше, еліміздің жер-жерлеріндегі үрдіс бойынша, өткелі отырған қалалық мәслихаттың салтанатты отырысына қош келдіңіздер. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына арналған салтанатты сессияны ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Төрағаның осы тебіріністі сөздерінен кейін еліміздің Әнұраны орындалып, сессия өз жұмысын бастады. Алғашқы болып сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук жергілікті өкілетті органның құрылу және даму жолдары туралы баяндама жасады.

20141114-04-1-2Сәтбаев қалалық мәслихаты 1994 жылы құрылды. Оның құрамында бес жыл мерзімге сайланған 25 депутат болды.

Мәслихаттың алғашқы сессиясында депутаттар ұйымдастыру мәселесін қарап, қалалық мәслихат-жиынның төрағасы етіп депутат Маргарита Ковтунды бірауыздан сайлады. Қалалық мәслихаттың төрт тұрақты комиссиясы құрылды. Олардың төрағалары сайланды. Міне, сол күннен бастап қалалық мәслихат жергілікті атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Әсіресе, кешегі өтпелі кезеңде қаланың тығырықтан қиналмай шығуы, халықтың әл-ауқаты, экономикалық және әлеуметтік жағдайға қатысты мәселелердің бәріне қалалық мәслихат пен оның депутаттары бел буа араласып, олардың оңтайлы шешілуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосты.

Орайы келгенде айта кетейік, кешегі оңтайландыру жылдарында Сәтбаев қаласының бюджеті Жезқазған қаласына қосылып, ортақ қазанға қарап қалғаны белгілі. Ол қаланың қай жағынан болмасын дамуына, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешімін табуына белгілі бер деңгейде кедергі келтірді, қолбайлау болды. Міне, осындай алмағайып тұста қалалық мәслихаттың 14 сессиясында депутаттар комиссиясы қала бюджетін өзіне қайтару туралы мәселе көтеріп, оны қорғай алды. Әйтсе де, қомақты қорды қолдан бергісі келмеген қоңсыластарымыз 2004 жылға дейін ортақ қоржынды ұстап келді. Тек, үшінші шақырылымның депутаттары қаланың дербес бюджетін өзіне қайтара алды. Бұл істе жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламентінің сол жылдардағы депутаты Мұханбет Көпеевтің көмегі зор болды.

Баяндамашы өз сөзінде қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы атқарған осындай ауқымды істерге шолу жасап өтті.

Баяндамадан соң сессия қонақтарына сөз берілді. Мінбеге алғашқы болып шыққан қала әкімі Әнуар Омар қалалық мәслихат пен оның депутаттар корпусының кешегі қиын жылдарда билікке демеу көрсетіп, қоян-қолтық жұмыс істегенін, соның нәтижесінде кеншілер қаласы өтпелі кезеңнен сүрінбей өтіп, даму жолына түскенін, қаланың әлеуметтік-экономикалық және сәулет жағынан өсіп-өркендеуінде депутаттардың да үлесінің қомақты болғанын айта келіп, оларды мерейлі 20 жылдықтарымен құттықтады.

Салтанатты сессияда, сондай-ақ, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұзараф Аханов сөз сөйлеп, екі қоғамдағы депутаттардың еншісі жайлы ой толғады. Кешегі кеңестік заманда қалада екі жүзден астам депутат болғанын, солар атқарған жұмыстар бүгінде қалалық мәслихаттың 13 депутатының иығына түскенін, олар осы ауыр жүкті абыроймен алып келе жатқанын айтты. Әрине, депутаттық аманат пен сайлауалды бағдарламалар және оған адалдық та ардагердің назарынан тыс қалмады.

Алқалы жиында қалалық мәслихаттың бірінші шақырылымының депутаты Мағзұм Омаров сөз сөйлеп, әріптестеріне деген ақжарма тілегін жырымен жеткізді.

Салтататты сессияның жұмысы бұдан әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук бастаған қаланың депутаттар корпусы түгелдей «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 20 жыл» мерейтойлық медалін омырауларына қадады.

Сондай-ақ, депутаттар Жақия Күнеділов – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының грамотасымен, депутат Иманбай Бралин – Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, депутат Қиясбек Әділбаев Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мұндай мерекелік марапаттардан қалалық мәслихаттың әр мерзімдердегі шақырылымдарының төрағалары да шет қалған жоқ. Атап айтқанда, І шақырылған қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарған Алаш Тұрлыбек пен ІV шақырылған мәслихат хатшысы Серік Имамбай мерекелік медальмен марапатталды. Сол сияқты мәслихаттың бұрынғы шақырылымдары депутаттарына да қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары табыс етілді. Мұндай марапатқа қаланың бір топ мекеме басшылары да ие болды.

Салтанатты сессияда қалалық депутаттар корпусы жаңа халық қалаулыларымен толықты. Осы мерекелік жиын күні қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Нина Геймбух жаңадан сайланған депутаттар – Қайрат Керімқұлов пен Қамар Жанасыловаға депутаттық куәлігі мен төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты сессия мерейтойға арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.