Жұмыстар сараланып, тапсырмалар берілді

Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев аймағымызға жұмыс сапарымен келді. Жанына облыстың бірқатар құзырлы мекемелерінің басшыларын ерткен облыс әкімінің орынбасары өз жұмысын кеншілер қаласынан бастады. Ол әуелі қаланың шығыс аймағында жаңадан салынып жатқан коттедждер қалашығын аралап, оның жұмысымен танысты. Қарағандыдан келген қонақты қала әкімі Әнуар Омар мен «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Бақтияр Қрықпышев қарсы алып, коттедждер құрылысының барысымен таныстырды.

20141114-02-1

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру мақсатында өмірге келген кешенді жоспарда өндіріс орындарының қуатын арттыруға орай көптеген жұмыстар белгіленгені мәлім. Бүгінде сол жоспарлардың алды өз шешімін таба бастады. Соның бірі – өндіріс аумағындағы елді мекендер мен нысандарды көшіріп, шикізат көзін молайту. Ал, қауіпсіз аймаққа көшірілетін тұрғындарға заманауи үлгідегі тұрғын үйлер салу мәселесі оңтайлы шешімін тапты.

Жалпы, өндіріс маңындағы қауіпті аймаққа орналасқан Жезқазған поселкесі мен Весовая, Крестовский, Перевалка және геологиялық барлау партиясы елді мекендерін көшіру үш кезеңге жоспарланған. Оның бірінші кезеңі үстіміздегі жылы басталды. Биыл Жезқазған поселкесінің оңтүстік бөлігі мен ГРП елді мекенінен 163 адам көшірілмек. Көшірудің екінші кезеңі 2015 жылы жүзеге асырылады. Бұл жылы поселкеден 2116 адам қауіпсіз аймаққа қоныс аударады. Үшінші кезең 2016 жыл деп белгіленген. Бұл жылы Жезқазған поселкесінің қалған тұрғындары мен Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендерінің 3796 адамы көшіріледі.

Үстіміздегі жылы Сәтбаев қаласының шығысынан жаңа коттедждер қалашығының құрылысы басталды. Биылдың өзінде мұнда 24 екі басты коттедждер бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарымен «Қазақмыс» корпорациясының «КазЦентрСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бүгінгі күні коттедждер қалашығында 1 үйдің құрылысы 100 процент аяқталды. 23 коттедждің қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Оның ішінде 12 үйдің шатыры салынып оның 4-уінің шифері қағылды. 15 үйдің терезелері салынуда. Бір үйдің сырты заманауи құрылыс материалы – металлосайдингпен қапталуда. 7 үйдің ішкі инженерлік желілері тартылып жатыр. Қалашықтың құрылысы желтоқсан айының онына дейін аяқталады деп күтілуде. Тәуелсіздік күні тұрғындардың алғашқысы өз үйлерінің кілтін алатын болады. Жалпы, үстіміздегі жылы 24 коттеджде, яғни, 48 үйде қоныс тойы тойланатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев осы шағын ауданның бүгінгі жай-күйімен танысып, құрылысшылармен, компания басшыларымен тілдесті.

Бұдан кейін мейман қалалық әкімдіктің мәжіліс залында құрылыс жұмысының барысы, алда тұрған міндеттер мен шешімін күткен мәселелер жайлы жиын өткізді. Оған қала әкімі Әнуар Омар, «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Бақтияр Қрықпышев, облыстық басқармалардың және құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компаниялардың басшылары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары бұл құрылыстың өзге құрылыстардан ерекше екенін және жауапкершілігінің зор екенін айтты.

– Кезекте тұрған адамдар күй талғамайды. Оларға үй болса болды. Ал, өзінің баспанасы бар, бір жерге әбден орныққан жандарды өзге аймаққа қөшіру оңай емес. Оларға деп салынған үйдің сәулеті де, ішкі инфрақұрылымдары да олардың талаптарына сай келуі керек. Сондықтан, бізге босаңсуға болмайды. Жұмысты уақытында ғана емес, сапалы етіп те орындауымыз керек, – деді өз сөзінде орынбасар.

Жиында әуелі облыстық басқармалардың басшылары есеп беріп, құрылыс жұмысының жай-жапсары жайлы баяндады. Одан кейін кезек осы құрылыспен тікелей айналысып жатқан мердігер компаниялардың басшыларына берілді.

Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, құрылыс жұмыстарымен «КазЦентрСтрой» серіктестігі аналысып жатыр. Ал, коттедждер қалашығының инженерлік желілері мен сәулеттендіру жұмыстары «Ремстрой», «Самға», «ЖезСвязьСтрой» сияқты жергілікті ЖШС-лардың еншісіне берілген. Жиында осы серіктестіктердің басшылары өз тараптарына тиесілі жұмыстардың барысы және аяқталу мерзімі жайлы айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасарлары уақыттың тым тығыз екенін ескертіп, олардың «сен салар да мен салар» пиғылдан аулақ болып, әркім өздеріне тиесілі жұмысты сапалы, әрі мерзімінде орындауға міндетті екенін жеткізді. Нақтылы тапсырмалар да берді. Сондай-ақ, облыс тарапынан коттедждер қалашығына демалыс және спорт алаңдары салынатынын айтты.

Өңірімізге келген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев жұмыс сапары барысында қаланың активімен кездесіп, алқалы жиын өткізді.

Жиында қала әкімі Әнуар Омар үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері жайлы есеп берді.

Әкім өз баяндамасында жауырды жаба тоқымай, барды бар, жоқты жоқ деп атап көрсетуге тырысты. Әсіресе, өнеркәсіп өнімдері жоспарларының орындалмауы мен оның себеп, салдары жайлы ашып айтты. Мұндағы бар кілтипан тау-кен өндірісіне қатысты екенін, ондағы өндіріс көлемінің күрт төмендеп кетуі қаланың экономикалық көрсеткішіне де көлеңкесін түсіріп отырғанын жеткізді.

Есесіне қалада ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің тасы өрге домалап тұр. Мұның өзі қала жұртшылығының тек жер асты байлығына ғана қарап қалмай, жердің үстіндегі байлықтарды да игеруге ден қоя бастағанын көрсетеді. Қазір қалада шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылып, қаланың бюджетіне қомақты үлес құя бастады. Сондай-ақ, қалада жұмыссыздар санының азаюына да ықпалын тигізуде, деді әкім өз сөзінде.

Жиында қала басшысы алдағы он жылға белгіленген даму жоспарлары жайлы да жан-жақты баяндады.

Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары баяндамалардағы кемшін тұстар мен олқы қалған жерлерді толықтыруды, әсіресе он жылдық жоспарды әлі де пысықтай түсуді тапсырды. Тіпті, оны қала жұртшылығының талқылауына салып, елдің ұсыныстарын ескеру қажеттігін де айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев өз жұмыс сапары барысында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында қала орталығында салынып жатқан жалға берілетін 4 қабатты 56 пәтерлі тұрғын үйдің де құрылысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді.

Ол сол сияқты «Қазақмыс» корпорациясымен арадағы меморандум шеңберінде салынып жатқан коммуналдық базардың құрылысымен, «Гелисханов» жекеменшік кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Түстен кейін мейман Жезқазған қаласына аттанып кетті.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.