Ескермеген ауру опық жегізеді

Қазіргі таңда қоғамда еркін белең алып, халық санасын астыртын улап жатқан «діни экстремизм» деген сөзге елдің құлағы үйрене бастаған сыңайлы. Бұл – үлкен қатер. Халық «Ескермеген ауру жаман» дегенді тегін айтпаған. Созылмалы құрт ауруы секілді діни экстремизм де ата-бабамыздың жылдар бойы армандаған, жастардың қанымен келген тәуелсіздігімізге нұқсан келтірерін де ойдан шығармағанымыз абзал.

Осы мақсатта еліміздің жер-жерлеріндегі сияқты біздің қаламызда да жат ағымдарға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай бір айшықты іс №27 жалпы орта білім беретін мектепте де болып өтті. Мұнда мектептің ұстаздар қауымы бас қосып, діни экстремизмнің алдын алу шаралары жайлы ой қозғады.

Мектеп директоры Жеңіс Әлмағамбетов өзге елден келген, қазаққа теріс пиғылды ағымдардың жастардың санасына сіңіп, бүгінде көптеген жеткіншектеріміз осы жат ағымның қолшоқпарына айналып бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді.

– Бізде діни сауаттың төмендігінен осындай келеңсіздіктер белең алып барады. Соның салдарынан жастарымыз әр түрлі ағамдардың жетегінде кетіп жатыр. Олар өздерінің ұғымындағы «дұрыс дінді» насихаттап жүрміз деп жат пиғылды ұйымдардың идеологиясына шырмалып жатқанын өздері біліп жүрген жоқ. Сондықтан, ұстаздар мен ата-аналар бірігіп, балаларымыздың бетін дұрыс жолға бұруға жұмыс жасауымыз керек, – деді мектеп директоры.

Жиында мектептің тарих пәнінің мұғалімі Г. Бектібаева «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тоқталып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның тиімділігі туралы әріптестеріне кең мағлұмат берді.

Жиында ұстаздар қауымы қазіргі заманғы қауіп-қатердің ең бастысы лаңкестік пен діни экстремизм екендігін оқушылар мен жасөспірімдерге түсіндіру қажет екендігін айта келіп, бұл істе бел буа жұмыс жасауға ұйғарымға келді. Ал, жас жеткіншектерді мұндай жат пиғылдардан арылтудың басты құралы қазақ халқының діни ұстанымдары мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын жастардың бойына сіңіре білу деп пайымдады ұстаздар. Және осы істе салғырттыққа жол бермеуге келісті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.