Қазақтың жанын тербеген қылқобыз тойы Сәтбаевта

Сәтбаев – тек өндірісті қала ғана емес, қазақтың қадірлі өнерінің туын көтерген өнерпаздардың өрісі болған өлке. Бұлай деуіміздің себебі – жуырда ғана айтыскер ақындардың байрақты бәсекесі өткен болатын. Аузымен құс тістеген, айтарымен ел ықыласына бөленген қазақтың желжүйрік ақындары бас қосып, қан қыздырар айтыс жасалды. Жүрсіннің жүйріктерінің дүбірі басылмай жатып, тағы бір республикалық байқаудың тамашасына жиналды жұрт.

20141121-06-1-1

 Қарашаның 13-і күні басталған Ерден Сандыбайұлы атындағы 1-ші республикалық қобызшылар байқауы үш күнге созылып, үш күн бойы киелі қобыз төрімізге шықты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық байқаудың құрылтайшылары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қарағанды облысының, Сәтбаев қаласының әкімдігі, Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

20141121-06-1-2

Байқаудың Ерден Сандыбайұлына арналуының салмақты себебі бар. Қорқыттан кейін қара қобызға жан бітірген Ықылас күйін арнаған, кейінгі ұрпақ онша біле бермейтін Ерден Сандыбайұлы деген кім? Оның артына қалдырған асыл мұрасы қандай? Байқаудың негізгі мақсаты да осы – қазақтың биі болған батырдың атын өшірмей, ұлы тұлғасын дәріптеп, кейінгі жастарға таныстыру.

Ерден Сандыбайұлы – 1808-1862 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, Ұлытау өңіріндегі Бағаналы-Найманнан шыққан қазақ батыры. Ол 35 жасында аға сұлтан атанған. Қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау маңы, бұрынғы Атбасар өңірінде дүниеге келген. Орта жүздің Бағаналы руының Жырық атасынан тарайды. Ерденнің атасы Төлек батыр, әкесі Сандыбай да кезінде ел қорғаған батыр болған. Ерден жастайынан әкесінің жанында жүріп ел билігіне араласқан. Батырлық, шешендік сайысқа түсіп, өзінің ержүрек ерлігі, бірбеткей өжеттігі, шешендігімен көзге түскен. Ұлытаудың түлегі, Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Сандыбай бидің баласы Ерденнің батырлығы, көрегендігі, шешендігі, саяси танымы жоғарылығы, өзімен үзеңгілес ірі тұлғаларға сыйлылығы ел аузында қалған. Көп жыл болыс, тоғыз жыл аға сұлтан, дуанбасы болып ел билеген Ерденді өз заманында Арғын Қарауыл Орынбай ақын, төкпе ақын Мұқан Бәлтекейұлы жырға қосқан. Ерденнің Орынбор, Омбы губернаторларына сөзі өткен. Орыс билеушілерімен де, ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Кенесары ханмен де тіл табысып, жақсы дипломатиялық қарым-қатынаста болған. 1829 жылы Қоқан хандығы қазақ жерінің оңтүстігіне, Сыр бойына басып кіріп, Қоңырат пен Қыпшақ ағайындарды шапқанда, 21 жастағы Ерден батыр қол жинап, Қоқанға қарсы жорыққа аттанады. Бір қосынды өзі, екінші қосынды Аманбай батыр, үшінші қосынды Лепесбай батыр бастап барып, Шу бойынан, Түркістан маңайынан қоқандықтарды қуып шығады. Шоқан Уәлихановпен бірге сайлауға түсіп, кейін Шоқан өзі жолын берген Ерден Петербордағы патша сарайында болған. 1840 жылы Терісаққан өзені бойындағы Бегентай сай, Сандық кескен, Қайрақты ауылдарына болыс болып, аға сұлтан боларының алдында 1855 жылдың наурыз айында Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыру рәсіміне делегат ретінде шақырылады. Аға сұлтан болып сайланған соң көп ұзамай-ақ 54 жасында дүниеден өтеді. Ерденнің зираты Ұлытау ауданының Бозтұмсық ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағасындағы Жошы хан кесенесінің маңында орналасқан.

Дәуірлердің, заманалардың ақ-қарасын шанағына жазып алып, қос ішегіне халық арманын қонақтатқан, қазақ қамықса қасынан табылып, басын сүйеп, басу айтып, шаттанса жақсылығын жұртқа жариялап, қуаныштың жаршысы болған қара қобыз бен қазақ кіндігі – бір жаратылыс. Сонау Қорқыт заманынан қос ішегі мен шанағына ел тағдырын жазған төрт мың жылдық тарихы бар көне саз аспабының тарихи жолы күреске толы. Кезінде сыңарезу саясатшылардың, біржақты көзқарас салдарынан жойылып кетудің аз алдында қалған қобызды Ықылас Дүкенұлы, Жанақ ақын, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев секілді дарынды күйшілер тағдыр қақпақылынан аман алып шығып, ұрпаққа аманаттап қалдырды. Ұлт ұясы саналатын Ұлытау – елдіктің туын көтерген жер ғана емес, қазақтың қасиетті өнерінің өркен жайған ошағы. Әйгілі Қойлыбай, Бағаналы Балақай бақсылар сөйлеткен қобызды бүгінгі жас ұрпақтың қолынан көріп, ұлы мұраның өлмегендігін түсіндік. Ұлытау даласына қара қобыз келіп, дала мен қобыз өнері, мерекесінде жарасым тауып, іргедегі Қорқыт, Қойлыбай ауылы мен Ерден елін қобыздың құдіретті үні үш күн бойы әлдиге бөледі. Киелі қобыз бен домбыраны ата мұрасы деп бағалаған өнер саңлақтарының қалыптасқан дәстүрі тамырланған топырақта өтті.

Қала басшысы Әнуар Омардың қолдауымен ұйымдастырылған аталмыш байқау сәтбаевтықтар үшін оқшау оқиға болды. Асты кен, үсті ел Сәтбаев қаласы тылсымы терең музыканың бесігіне айналды. Жұдырықтай ғана киелі аспапқа тіл бітіп, сайын дала Қорқыт, Асан қайғы, Қойлыбай, Ықылас, Дәулет, Жаппастың қобызының үнімен тербелді.

Ерден Сандыбайұлының өмір жолын, қайраткерлігін, ел басқару ісіндегі тарихи орнын дәріптеу – жауапты міндеттердің бірі. Дүбірлі доданың шымылдығы ашылып, ерекше той басталған салтанатта Ерден мазарын қалпына келтіру ісінің ұйытқысы болып, есімін дәріптеуде тынбай ізденіп жүрген Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Қойшыбек қария Тоқтамысұлы ізгі лебізін білдіріп, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Дарындылар сынға түскен тартысты додаға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп мұғалімі Саян Ақмолдаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Базархан Қосбасаров, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы Алмат Сайжан, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Ержігіт Оспанханов, Қарағанды қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының ұстазы Рымкүл Бимендина, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов сынды өнер тарландары қазылық етті.

Қобыз жылқының құйрық қылынан жасалатын, екі ішекті, таңғаларлық пішінді аспап. Оның ғажайып сазды, бай тембрлі болуының да, «қылқобыз» аталуының да сыры осында. Қою-қошқыл сазды, мұңды дыбыс керілген қылдан шығады. Пенденің жан сырын, қорқынышы мен үрейін, өлім мен өмір арасындағы тебіренісін қылқобыз ғана кәсіби түрде сыртқа шығара алады. Қылқобызда ойнау үшін шеберлікпен қоса, музыкалық есту қабілетің де жоғары болуы керек. Сондай-ақ, орындайтын шығарманы жүрегіңмен түйсіне, сезіне білсең сәтті шығады. Орындаушы мен туындының арасында үндестік болуы керек. Олай болмаған жағдайда дыбысы таза, дауысы әуезді дүние тудыру мүмкін емес, — дейді қазылар алқасының төрағасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы Ермұрат Үсенов.

Байқаудың бірінші кезеңінде Ықыластың «Ерден» күйінің Дәулет Мықтыбаевың орындауындағы, Қорқыттың «Қоңыр» күйінің Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы нұсқасы, үшінші шарт бойынша Қазақстан композиторларының шығармалары фортепианоның сүйемелдеуімен орындалса, екінші кезеңде Ермұрат Үсеновтің «Қойлыбайдың сарыны», Ықылас «Жезкиігінің» Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы бірінші түрі, Баубектің «Сарын» күйінің Қазбек Әбеновтің орындауындағы нұсқалары орындалды. Екінші айналымның тағы бір шарты бойынша үміткерлер конвертте жасырылған он күйдің біріне таңдау жасап, бірден орындау арқылы шеберліктерін танытты.

Екі күнге созылған күй бәсекесі өз мәресіне жетіп, сансыз бояулы дауыс шығарып, дала тамырына қан жүгірткен дарынды қобызшылар арасынан жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Кәсіби музыканың қыр-сырын меңгерген қазылар алқасының қалт жібермес қатал сынынан сүрінбей өтіп, бабы мен бағы сыналып, бірінен бірі асып түскен өнер шеберлері арасынан Алматы облысы Талдықорған қаласы филармониясының әртісі Дамир Абашев маңдайы жарқырап алға шықты. Салалы саусақтары қыл ішектің үстімен безек қағып, құдіретті күйдің толқынын туғызып, ысқыштан ыңырантып үн саулатқан шебердің шебері екендігін ол осылайша танытып, бас жүлдені (1миллион теңге) қанжығасына байлады. Бірінші орын (500 мың теңге) «Қойлыбай» атындағы жүлдені алматылық Мақпал Манасбаева иеленсе, екі бірдей екінші орынға тағайындалған (250 мың теңге) «Досымбай», «Беркімбай» атындағы жүлдені Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының бірінші курс студенті Бақжол Ақажан мен алматылық Мақсат Медеубек өзара бөлісті. Астаналық Шолпан Шарапатова мен Санжай Әлмішев екі бірдей үшінші (100 мың теңге) «Омарбек» және «Балақай» атындағы жүлделі орындарға лайық деп табылып, жезқазғандық Айгерім Бекмағамбетова мен Оңтүстік Қазақстан облысы атынан қатысқан Айғаным Бекжігіт арнайы дипломды місе тұтып, «Үкілі үміт» номинациясына ие болды.

Бұл бір руханият әлеміне салынған олжа іспеттес кеш болды.

Ұлт құндылығының сақталуы, дамуы үшін жасалған шара. Қазақ деген халықтың өресі биік ұлағатында әлем халықтары таң қалатындай биіктік те, тереңдік те, кеңдік те, көрегендік те, өрелік те бар. Қазақтың ешқандай дипломмен өлшеуге келмейтін, ешқандай дипломға сыймайтын ауқымында жатыр. Осының барлығының бар екендігін біле тұра, білмеген уақытымыз болды. Көзіміз болса да көре алмаған, бар екендігін білсек те «жоқ» деген күніміз болды. Кешегі Алаштың алшаңдатып ат мінген арыстары «Қазақпын» деп айтатын күн қашан туады екен деп, сол атаумен бірге домбыра, қобыз деген құндылықтарымыздың ораларын армандап кетті. Бүгін қалғып жатқан қазақилық қасиеттеріміз көзін ашып, ойын жиып, еңсесін тіктеп оянғандай. Міне, шараны ұйымдастырудың негізі осында. Ерден Сандыбайұлы бабамыздың атымен алуымыз да осы оймен сабақтасып жатыр. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білегінің күшімен қорғаған елімізді талай зобалаңнан өр рухы сақтап қалды. Теңдессіз ерліктің үлгілерін көрсеткен Ерден Сандыбайұлы да ұлт ұясы, түбі бір Түркі елінің астанасы атанған, көшпенділердің көшбасшысы Ұлытау жеріндегі халық мүддесін қорғай білген айлакер де саясаткер, жүректі де білекті, осы жерді еліне мекен етіп беріп кеткен батыр бабаларымыздың бірі. Осы бабаларымыздың, даналарымыздың үлгісіндегі аспаптардың шанағына сыйғызып, салып кеткен әуендерді жаңғыртуға, жаңартуға үлес қосуға келген жас өнерпаздарға қарасам көңіл толады. Даңғаза әуенге әуес болмай, киелі аспапты рухани серігі еткен қобызшылар жастарға үлгі, бізге қуаныш сыйлауда. Қобыз арқылы ұлттық болмысымызды, қазаққа тән барша қасиетті ұғынуға болады. Адамды лас ойлардан тазартып, денсаулық қуатын жөндеуге мүмкіндік беретін қылқобыздың құдіреті шексіз. Соның шексіздігімен жақын танысуға мүмкіндік туды, — деп атап айтты өз сөзінде халық мұрасының жанашыры Әнуар Омар.

Саннан гөрі сапаға мән берілген байқауға жас та болса бас болып, өнер ордаларында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген, дүбірлі додаларда топ жарған кәсіби өнер шеберлері қатысты. Алдағы уақытта екі жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін байқау туралы жұрттың біразға дейін тамсана айтып жүрері анық. Олай болса, қоңыр үнді жан рахаты санаған қазақтың қобыз-ғұмыры жалғаса берері сөзсіз!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Суреттер Бағдат Қазкеновтікі.

Комментарии закрыты.