Жері байдың елі де бай

20141121-05-1Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде берген сұхбаты үлкеннің де, кішінің де, ғалымның да, қарапайым еңбек адамының да, тіпті Отанынан жырақта жүрген барша қандастарымыздың да санасына серпіліс бергені анық. Қазір кемел ойлы басшымыздың ел мүддесі, жер мүддесі жайлы кеңінен қозғаған осы бір келелі әңгімесі жайында әркім өз лебізін білдіріп жатыр. Бұдан тіпті, осы өлкеде өзінің нәпақасын тауып, шаруасын күйттеп жүрген шетелдік компаниялардың өкілдері де қалыс қалып жатқан жоқ. Оған жуырда Ұлытау ауданының 75 жылдық торқалы тойы кезінде өзіміз де куә болдық.

Едіге тауының етегінде өткен торқалы тойға аспан асты елінен де мейман келіп қатысқанын елдің бірі білсе бірі білмес. Ол – Құмкөлдегі «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясының басқарма төрағасы Цинь Хунвей деген азамат. Мейманмен бірге осы компанияның Вице-президенті Болат Көшербаев, күрделі құрылыс жөніндегі директоры Абдолла Әбенов сынды бір топ азаматтар мен жетекші мамандар да келді.

Біз шет елдік мейманмен «Ұлытау» ұлттық табиғи-тарихи қорық-мұражайы тіккен кигіз үйдегі көшпелі көрмеде жолықтық. Қонақтың бұлайша ұлттық болмысымыздың жауһар жәдігерлерін тамашалап жүруі, елдің-жердің тарихына деген қызығушылық танытуы бізді бір серпілтіп тастады. Осы бір орайлы сәтті пайдалана отырып біз аспан асты елінің азаматымен тілдесіп қалуды жөн көрдік. Ол ойымызды Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Мырзабековке жеткіздік. «Сабақты ине сәтімен» деген емес пе, мейман да қарсылық білдіре қойған жоқ. Тілмаш арқылы әңгімеміз мейманның Ұлытау жерінен алған әсері, компанияның аудан экономикасына қосып отырған үлесі, Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбаты жайлы өрбіп жатты.

– Менің Ұлытау өңіріне бұл бірінші келуім. Ұлытаудың табиғаты, ландшафты, бүгінгі тойдың дүбірі маған үлкен әсер қалдырып отыр. Мына көшпелі көрме арқылы мен осы өңірде болған тарихи оқиғалардың көбіне қанығып, қызығып отырмын. Көшпелі халықтың көне мәдениеті, қолөнері, салт-дәстүрі мүлдем бөлек. Және оның өзге аймақтардағы сондай салт-дәстүр, мәдениет пен өнер арқылы бір-бірімен ұштасып кете беретіні мені таң қалдырды.

Осы көрмені тамашалай жүріп менің ойыма Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның Ұлытау тауының бөктерінде берген сұхбаты оралды. Мені бір қызықтырғаны, Мемлекет басшысының тұтас елдің тарихымен бірге оның әрбір аймағының тарихын өте терең білетіндігі болды. Және Президенттің сол аймақтың келешегіне қатты алаңдайтындығы үлкен әсер етті. Осы таудың кеше елдің бірлігіне, ынтымағына ұйытқы болғанын айта келіп, тұтас елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Дінге, тілге қатысты да өз ойын ашық жеткізді.

Кешегі кеңес үкіметі құлап, әр республика жеке-жеке кетіп жатқанда Қазақстанның сол бір ауыр жылдардан қиналмай шығуы Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның дұрыс шешім қабылдай білуінің нәтижесі екені даусыз. Сол дұрыс шешімдердің бірі елге шет елдік инвесторларды шақырып, оларға тұралап жатқан өндірістерді сеніп тапсыруы болды. Соның арқасында Қазақстанның өндірісі аса тарыншылық көрмеді. Өндіріс қиын жылдардың өзінде өрге басты. Бүгінде Қазақстанға шетелдіктер қызыға қарайды.

Сол шет елдік инвесторлардың бірі – біздің «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясы. Қазақстанмен ұзақ мерзімдік шартымыз бар жасасқан. Біз елдің жерасты байлығын алып қана қоймай, қолымыздан келгенінше қайтарымын жасап жатырмыз. Ауданның экономикасына жыл сайын қомақты қаржы құйылып жатыр. Мұның сыртында ауданға әлеуметтік тұрғыдан да қолдау көрсетіліп келеді. Ұлытау ауданын көркейтуге қосып отырған үлесіміздің бар екенін де мақтана айта аламыз.

«ПетроҚазақстан» ком-паниясының стипендиялық бағдарламасы аясында Ұлытау ауданының екі жеткіншегі Бейжіңдегі жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Оның бірі медициналық институтта дәріс алса, екіншісі мұнай институтының студенті. Олардың оқулары компанияның қаржысы есебінен төленеді.

Биыл біздің компания Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы және өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағының 20 мүшесіне Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шипажайында демалып, емделіп қайтуларына мүмкіндік жасады.

Ұлытау ауданымен әлеуметтік серіктестігіміз одан әрі жарқын жалғасын табатын болады. Осы тұрғыда ауданның 75 жылдық мерейтойына да компания қомақты көмек көрсетті. Тойға кигіз үй тігіп, той тартуы ретінде электронды тұрмыстық заттар әпердік. Бәйгеге тігуге бір ресейлік автокөлік сыйға тарттық. Мұндай сый-сияпаттар мен тарту-таралғылар келешекте де болып тұрады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мырза өзінің сұхбатында Қазақстанның келешегі кемел болуы үшін оның жастары білімді, мамандары іскер, кәсіпкерлері шаруақор болуы қажеттігін, басшыларының қабілеті қарымды, шетелдік кәсіпорындармен қарым-қатынас орната білуі керектігін де айтып өтті. Ұлытау ауданында ондай іскер жас басшылар аз емес. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Аманжол Мырзабеков мырза солардың санатында. Біз көбіне Аманжол Батырбекұлымен тікелей жұмыс істейміз. Оның еліне, жеріне деген жанашырлығы бізді қызықтырады. Әр азамат осындай көзқараста болса Қазақстанның дамуы, аймақтардың гүлденуі қиынға соқпайды. Ұлытаудың байлығы мол. Соны ел игілігіне пайдалана білу керек. Бұл жерде ауыл шаруашылығын, туризмді, өндірісті қатар дамытуға болады. Тек соның жолын дұрыс таба білу керек.

Аспан асты елінен келген мейман Цинь Хунвей осылай деп ағынан жарылды. Шағын сұхбатымыздан соң ол көрмедегі ұлттық жәдігерлерімізді қолмен ұстап көріп, оның жасалу жолдары жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Керегеде ілулі тұрған қасиетті қара домбырамызды алып, шертіп көрді. Үніне елтігендей бір сәт үнсіз тұрып барып, «керемет» деп басын шайқады.

Иә, біздің халықта талайды таң қалдырып, талайдың басын шайқататын мұндай кереметтердің әлі қаншамасы бар. Оның бәрін тамашалап шығуға бір адамның ғұмыры жетер ме екен?!

«Жері байдың елі бай» дегенді де айтып қалды шетелдік мейман. Бәлкім, ол жердің асты мен үстіндегі материалдық байлықтарды ғана айтқан шығар. Ал, шаш етектен келетін рухани байлық бір бөлек.

Елбасымыз өзінің Ұлытау төріндегі берген сұхбатында басты арманы елімізді Мәңгілік ел ету екенін айтты. Сол мәңгілік елді жасау үшін материалдық байлықтарымыз бен рухани байлықтарымыздың қабысып жатуы қажеттігін санасы ояу жанға сарқып тұрып құйып берді. Оны тіпті аспан асты елінен келген Цинь Хунвей де жазбай танып, ұғынып тұр емес пе…

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.