Дала патшасы

Жақында Қойшыбек Тоқтамысұлының Ұлытаудың жұртына арнаған «Дала патшасы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Жезқазғанның қарт тұрғыны Қойшыбек Тоқтамысұлы бірнеше кітаптың авторы. Қолынан қаламы түспейтін қарт жазушы республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Орталық Қазақстан», аймақтық «Мысты өңір», Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газеттерінің тұрақты авторы.

Қойшыбек Тоқтамысұлы бұл кітабында қазақ үшін өзекті мәселеге айналған елдік, бірлік туралы аталы сөз айтады. Өз тарихымыздан, шындықтан қашып құтылу мүмкін емес. Алаш атаның аруағы кейінгі ұрпағын қолдары анық. Мақсатым – Алаш әлемін насихаттау. Аты аз аталатын түп-атамыз Алашты еске алу. Рухани күйзелістен шыға алмай жатқан заманда Алаш әлемі елдігімізді бүтіндеуге септігін тигізері анық. Келер ұрпаққа ойланайық, ел болайық деген ой тастау ниетімен дүниеге келген шығарма оқуға жеңіл, жүрекке жақын тиіп жатса нұр үстіне нұр, – дейді Қойшыбек ақсақал.

«Аңыз бен ақиқат», «Тарих қатені кешірмейді», «Алаштың үрім-бұтағы» атты бөлімдерінде Алаш рухын көтерген қаламгер тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін түбіміздің Алаш екендігін ұмытпау туралы, Ұлытаудың ұлағаты төңірегінде толғанады. Алаш пен Ұлытауды егіз ұғым ретінде түсіндіріп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төңірегіндегі толғаныстарымен үндес ой айтады. Жаңа еңбекпен таныса отырып, тоқсанның бесеуіне келсе де тоқырамаған қарт қаламгердің ойының зеректігіне, қалам қайратының қайтпағанына тәнті боларыңыз анық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.