Жеті бағыт жіктелді

20141121-02-1Сәрсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында Елбасының үстіміздегі жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа Жолдауын талқылауға байланысты қала активінің жиыны болып өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мәслихаттың депутаттары, мекеме, ұжым басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Активті қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай ашып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.

– Өзінің Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында Елбасы елімізде Жаңа Экономикалық Саясат жүргізілетінін жария етті. Бұл – Қазақстанның алдағы жаһандық сынақтар кезеңінен сүрінбей өтуін, сыртқы теріс ықпалдар алдында, оның ішінде табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда, экономикамыздың орнықтылығын арттыруды көздейтін, елдегі экономикалық құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған айқын да нақты іс-әрекет жоспары, – дей келіп, әкім орынбасары жаңа экономикалық саясаттың тірек қазығы – 5 жылға есептелген инфрақұрылымдық даму жоспарының 7 басым бағыттарын жіктеп шықты. Және осы бағытта қалада атқарылатын, атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Жеті басым бағыттың біріншісі – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл дегеніміз, автомобиль, темір жол, әуе желілері арқылы көлік қатынасын дамыту. Осы бағытта 7 негізгі автожолдар жобаларын жүзеге асыру міндеті қойылып отыр. Оның ішінде біздің аймақ үшін маңыздысы – Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда бағыты. Бұл жол жөнделіп, іске қосылған жағдайда біздің тұрғындарымыз үшін Қарағанды қаласынан тарайтын көлік желілерін (Қарағанды-Жезқазған, Қарағанды-Балқаш әуе рейстері, Қарағанды-Астана бағытындағы жаңа жедел комфортабельді электрпоезы жіберіледі, Қарағанды-Павлодар, Қарағанды-Шымкент маршруттары бойынша жолаушылар тасымалдайтын әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр) кеңінен пайдалануға мүмкіндіктер туады. Ал, Жезқазған-Қызылорда жолы, сөзсіз, Жезқазған-Ұлытау аймағының дамуына оң септігін тигізеді.

Екінші бағыт – индустриалдық инфрақұрылымдарды дамыту. Бұл бағыттың жүзеге асырылуы құрылыс материалдарына, көлік-коммуникациялық, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық салаларына арналған өнімдерге және қызметтерге сұранысты арттырады. Бұл кәсіпкерлер үшін өндірісті ашу және дамытуда үлкен демеу болары анық. Облысымызда 8 индустриалдық аймақтың тұжырымдамасы әзірленген. Соның бірі – Сәтбаев қаласы. Аталмыш жобаны жүзеге асыру бағытында қаламызда әзірге 5 кәсіпорын құрылып, жаңа 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Үшінші бағыт – энергетика инфрақұрылымын дамыту. Мұнда еліміздің барлық өңірлерін теңгерімді түрде қазақстандық электр станциялары арқылы қуатпен қамтамасыз ету міндеті алға қойылып отыр. Сәтбаев қаласы «Жылуэнергетика» кәсіпорнының №1 жылу станциясын техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы бойынша мазут шығынын азайту жобасы негізінде Санкт-Петербург қаласының «Политехэнерго» ЖШС институты тарапынан жұмыстар басталды. Жоба негізінде қазандықтарды мазутсыз жұмыс істеу тәртібіне көшіру және 4 қазандық агрегаттың әрбіреуінің қуат деңгейін 55-тен 100 гигакалорияға дейінгі жобалық қуатқа жеткізу көзделген. Ағымдағы жылы №4 қазандық агрегаты жаңартылды. Қазіргі кезде жобалаушы институттың мамандарымен бірге іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Төртінші бағыт – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жылумен, сумен жабдықтау инфрақұрылымдарын жаңғырту. Ағымдағы жылы Сәтбаев қаласы «Жылуэнергетика» кәсіпорнында ОПТИОН-585-2 ингибитор енгізілді. Бұл судың коррозиялық белсенділігі мен темір-оксидтік тұнбалар деңгейінің төмендеуіне, жылу станцияларының негізгі жабдықтарының және қаладағы жылу желілерінің жөнделуіне жіберілетін шығындарды азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жылу тасымалдағыштың жылу беру мүмкіндігін 110 градусқа арттырады.

Бесінші бағыт – тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберінде қалада үстіміздегі жылы 9,2 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Үстіміздегі айдың өзінде қалада 35 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді. Жалпы, баспанаға қатысты бағдарламаны жүзеге асыру бағытында қалада 2012-2020 жылдары 71000 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Алтыншы бағыт – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағытта апатты жағдайдағы және үш ауысымдық оқу мәселесін шешуге басымдық берілген. Осыған орай, Үкіметке қосымша 70 млрд. теңге бөлу тапсырылды. Бізде Жезқазған поселкесі мен оған қоңсылас жатқан елді мекендердің көшірілуіне орай 3 мектеп жабылмақ. Ондағы 800 оқушы қаладағы №15 және №16 мектептерге бөлінеді. Ал, бұл аталмыш білім орындарында үш ауысымдық оқытуға амалсыз көшуге мәжбүрлеуде. Осыған орай, келешекте алтыншы шағын ауданда 600 орындық жаңа мектеп салу қолға алынуда. Бүгінгі күні оған 2,75 гектар жер телімі бөлінді. Мектеп құрылысының құны 1 млрд. 407 млн. 269 мың теңге. Екінші мәселе, мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы. Ол мәселені шешу үшін Елбасы Үкіметке 20 млрд. теңге бөлуге тапсырма берді.

Жетінші бағыт – шағын және орта бизнесті, оның іскерлік белсенділігін қолдауды жалғастыру. Бүгінгі күні қалада кәсіпкерлікті қолдаудың толыққанды инфрақұрылымы жұмыс істейді. Оның ішіне қаржылық институттар, бизнесті қолдау орталықтары, кәсіпкерлер қауымдастығы кіреді. Қазіргі кезде қала бойынша бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 3 млрд. 141 млн. 233 мың теңге болатын 27 жоба жүзеге асырылуда. Сол арқылы 490 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жалпы құны 325 млн. теңге болатын, 43 жұмыс орнын ашқан 2 жоба іске асырылды. 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасына несиелік портфелінің жалпы құны 2 млрд. 283 млн. 897 мың теңгені құрайтын 23 жоба енді. Жаңа өндірістерді ашуға гранттар бөлу бағытында 2014 жылғы республикалық бюджеттен 13 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні 3 жоба жүзеге асырылуда.

Баяндамашы өз сөзінде аталмыш жеті басым бағытты осылайша жіктеп шықты.

Активте қалалық мәслихаттың депутаты Иманбай Бралин, «Республикалық ардагерлар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сабыр Омаров, қаламыздағы орыс этно-мәдени орталығының өкілі Инна Мосунова, С. Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Назерке Танабаева сөз сөйлеп, Елбасының жаңа Жолдауы жайлы өздерінің көзқарастарын білдіріп, орамды ойларын ортаға салды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.