Этномәдени орталықтар бір шаңырақ астына бірікті

Бірде қала басшысы Әнуар Омар шаһардағы этномәдени орталықтардың өкілдерімен кездесуінде барлық ұлт өкілдерінің басын біріктіру үшін Достық үйінің болуы қажет деген мәселені көтерген болатын. Көтерілген мәселенің де шешімі табылып, өткен аптада Достық үйі ашылды. Енді қаладағы 7 этномәдени орталық бір шаңырақ астына бірігіп, өздерінің ұлттық өнерлерін, тілін, дәстүрін дамытуға мол мүмкіндік алды.

20141121-03-1

Достық үйінің ашылуына арнайы келген қала әкімі Әнуар Омар бір шаңырақ астына біріккен ұлт өкілдерін Достық үйінің ашылуымен құттықтап, ұлтаралық татулық пен тұтастықты сақтау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

– Қазақстан – жүзден аса ұлтқа ортақ мекен болып отырған мемлекет. Сол ұлттардың барлығы да өздерінің тілін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтап келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев күні кеше ғана халыққа арнаған «Нұрлы жол» атты Жолдауында елдің басты өркендеп дамуының кепілі қазақ елін мекендеген ұлттардың ынтымағында екенін баса айтты. Тұтастықта, татулықта ғұмыр кешіп отырған еліміздегі сан ұлттың өкілдері қазақ халқының тілін, дәстүрін қадір тұтады. Бұл – татулықтың негізгі тірегі. Кеншілер қаласында да өзге ұлттың өкілдері бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласып-құраласып жатыр. Ал, мынау ашылған Достық үйі біздің баршамыздың ымыра-біршілігімізді арттыра түсетін ортақ шаңырақ болмақ, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Қазақтың салт-дәстүріне сай шашу шашылған соң, дастархан басына жайғасқан қазақ, орыс, украин, татар-башқұрт, корей, балтық елдері халықтары этномәдени орталықтарының төрағалары мен өкілдері қала басшысына алғыстарын білдіріп, өздерінің өнерлерін ортаға салды.

Бір дастархан басында емен-жарқын әңгіме құрған бауырлас ұлт өкілдері өздерінің алдағы атқаратын жұмыстарының ауқымы кең екендігін де тілге тиек етті.

Достық үйінің тізгінін қолға алған Мәдина Маменова әр ұлттың өнерін, тілін, дәстүрін дамыту мақсатында қыруар шаралар атқарылатын болады дейді.

Келер жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 15 жыл. Осы мерейлі мерекені біздің қаланың өзге ұлт өкілдері Достық үйінде атап өтетіндеріне дәН риза.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.