Өткен сараланып, алдағы міндеттер анықталды

Өткен аптаның аяғында саяси кеңес мүшелері, партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының XIV есеп беру-сайлау конференциясына облыстық филиал төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қрықпышев қатысты.

20141121-03-2

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының 2013-2014 жылдардағы жұмысы туралы филиал төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов есеп берді. Ол: «Біз өткен екі жыл ішінде атқарған жұмыстарды талқылап, алдағы уақыттағы межелі міндеттерді белгілеу үшін бас қосып отырмыз. Өткен конференциядан кейін аймағымызда ауқымды оқиғалар орын алып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар атқарылды. Арасында жетістіктер аз емес. Осы жиында біз өткенді саралап, алдағы міндеттерді анықтап, оларды жүзеге асыру жолдарын белгілейтін боламыз», – деді.

Баяндамаға орай Жезқазған мыс қорыту зауыты технологиялық құралдар жабдықтау шебері Дархан Әбілов, «Степной» кеніші бастауыш партия ұйымының төрайымы Луиза Мыңбаева, №1, 2 Жезқазған байыту фабрикасының инженері Мақпал Кәрбозова ой бөлісті.

Мәселен, Д.Әбілов: «Өткен жылы уақытша жөндеу жұмыстарына тоқтатылған зауыттың тіршілігі қыркүйек айында қайта жанданды. Елбасымыз Жезқазғанға келген сапарында мыс зауытының іске қосылатындығын ресми түрде мәлімдеген болатын. Елбасының кенді өлкеге деген қамқорлығына тың серпінмен жұмысқа кірісіп кеткен металлургтердің алғысы шексіз. Қазір зауыттың барлық өндірістік цехтары толыққанды жұмыс істеп тұр. Жақында алғашқы қара мыс алынды. Біз, металлургтер, Елбасы Жолдауынан туындаған партиялық міндеттерді жүзеге асыру бағытында жұмыс істей бермекпіз», – деген жүрекжарды сөзін жеткізді.

Партияның белсенді мүшелері Қарағанды филиалының Құрмет грамоталарымен марапатталып, партия қатарына өткен корпорацияның бір топ қызметкерлеріне «Нұр Отан» партиясының куәліктерін облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков тапсырды.

Мұнан соң партия филиалының саяси кеңесінің құрамына, облыстық филиал конференциясына делегаттар сайланып, филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының 2013 жылғы жұмысы туралы ревизиялық комиссия төрайымы Надежда Шкурованың есебі тыңдалды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Сурет Виктор Шавневтікі.

Комментарии закрыты.