Кешенді жоспар – қала болашағы

Сәтбаев қаласы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 мамырдағы №683 қаулысымен «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Республикасының 27 моноқаласының тізбесіне енгізілген қалалардың бірі. Осыған сәйкес, қалалық мәслихат шешімімен Сәтбаев қаласының 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспары әзірленіп, бекітілді.

Бағдарламаның қалада жүзеге асырыла бастағанына биыл үшінші жыл толып отыр. Осы аралықта қанша қаржы бөлініп, қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы халыққа есеп беру мақсатында Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Бапов Марат Тұрсынұлынан сұраған едік.

– Соңғы үш жылда бағдарламаның екі негізгі бағыты бойынша 1 млрд. 636 млн. теңге бөлініп, 12 жоба жүзеге асты. «Экономиканы әртараптандыру әрі шағын және орта бизнесті дамыту» бағыты бойынша 234 млн. теңге, «Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 1 402 млн. теңге игерілді. 2012 жылы «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының төртінші бағытын жүзеге асыру аясында қаланы жайластыруға 274 млн. 203 мың теңге бөлініп, толық игерілді. Нәтижесінде 120 уақытша жұмыс орындары ашылды.

Аталған қаражаттар есебінен 11 балалар алаңы мен 4 көпфункционалды корт орнатылды, 26 жұмыс орны қалыптасып, қаланың 11 көшесі мен аудандарында 249 жарықтандыру тіректері мен 843 шам орнатылды. Оған 38 адам жұмысқа тартылды. Сонымен қатар, 15,1 тонна рұқсат етілмеген құрылыс қоқыстары шығарылды. Көгалдандыру бойынша 2020 жас ағаш түптері отырғызылып, қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына 600 метр қоршау орнатылды, 800 түп ағаш отырғызылды.

2013 жылы бағдар­ламаның 4-бағыты бойынша 3 жобаны іске асыруға 667 млн. 834 мың теңге қаралды, оның ішінде республикалық бюджеттен 540 млн. 188 мың теңге және жергілікті бюджеттен 127 млн. 646 мың теңге қарастырылған. Нәтижесінде 130 уақытша жұмыс орындары ашылды.

Жалпы сомасы 101 млн. 392 мың теңгеге №25 орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

– Екінші бағытқа да кеңінен тоқталсаңыз…

– Екінші бағыт «Экономиканы үдемелі дамыту және шағын және орта бизнесті дамыту» бойынша 2013 жылы 63,4 млн. теңге игерілді, ал 2014 жылға171 млн. теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктердің несиелік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мақсатында 50,4 млн. теңге «Даму» қорына жіберілді.

Кеншілер алаңын абаттандыруға 266 млн. 181 мың теңге қаралып, толық игерілді, сондай-ақ, қала ішіндегі жолдарды қайта жаңғырту жобасы бойынша – 300 млн. 261 мың теңге игерілді. Нәтижесінде жоспарланған тоғыз көше мен алты аулада жұмыстар толығымен аяқталды.

Жаңа өндірістерді дамыту үшін гранттар беруге қарастырылған 13 млн. теңге толығымен игеріліп, 5 кәсіпкер өз істерін ашуға мүмкіндік алды, 24 жұмыс орны ашылды.

2014 жылға 630 млн. 736 мың теңге трансферттер бөлінді. Оның ішінде 4 бағыт «Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бойынша бөлінгені 459 млн. 736 мың теңге. Білім беру нысандарын, яғни, №1 мектеп-гимназия, 5 орта мектеп мен №1 бала бақшаны күрделі жөндеуге – 283 млн. 481 мың теңге қарастырылды.

Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиелік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мақсатында 128 млн. теңге қаралған болса, бүгінгі күні оның 38 млн. 400 мың теңгесі игерілді.

– Ағымдағы жылы қыркүйек айында Премьер-Министр К.Мә­сімовтың тапсырмасына сәйкес моноқалалардың кешенді жоспарлары 2015-2017 жылдарға қайта өзектендірілгенін білесіздер. Осы­ған байланысты қандай жұмыстар жоспарлануда?

– Аталған кешенді жоспар жобалары облыстық басқармалармен келісіліп, 8 министрлікпен мақұлданды. Сәтбаев қаласының дамуының кешенді жоспарының жобасына сәйкес жалпы 4 млрд. 513 мың теңге қаржы қарастыру көзделуде. 2015 жылға екінші бағыт «Экономиканы үдемелі дамыту және шағын және орта бизнесті дамыту» бойынша 82 млн. теңге қаралып отыр.

Оның ішінде: жаңа өндірістерді дамыту үшін гранттар беруге – 10,1 млн. теңге; екінші деңгейлі банктердің несиелік сыйақы мөл­шерлемесін субсидиялауға – 51,2 млн. теңге, шағын несие беруге – 20,7 млн. теңге.

Сонымен қатар, 4-бағыт – «Әлеу­­меттік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бойынша 350 млн. теңге қаралды. Олар: №4, 14, 19 орта мектептері мен балалар өнер мектебі. Жеңістің 70 жылдығына орай «Тағзым» мемориалдық кешенін орнату үшін 120 млн. теңге қаралып отыр.

– Белгіленген жоспар­лардың мезгілінде және сапалы орындалуына, қаржының толық және мақсатты игерілуіне тілектеспіз.

Жазып алған Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.