«Жәрмеңке – жабайы базар емес»

Қаланың батыс аймағындағы бос жерде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкенің бұрынғы «Әсел» базарының орнына ауысуы жұртшылық тарапынан наразылық тудыруда. Олардың бірі жәрмеңкенің тар жерде, саудаға ыңғайсыз жағдайда өтетінін айтса, енді бірі лайсаң күндері бұл жердің адам аяқ алып жүре алмайтын күйге түсетінін айтып редакциямызға шағымдануда. Осы мәселелерді анықтап, халыққа жағдайды етене түсіндіру мақсатында біз қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікерге жолыққан едік.

– Жәрмеңке өтіп жүрген бұрынғы аймақ шынында да кең, тұтынушылардың еркін аралап жүрулеріне қолайлы еді. Бірақ, әр сенбі сайын осы аймақпен жүретін көліктер, оның ішінде қоғамдық көліктер маршруттарын өзгертуге мәжбүр болды. Ең бастысы, жәрмеңке жабайыланып кетті. Арнайы құжаты бары да, жоғы да тауарларын саудаға шығарып жүрді. Үшіншіден, қаланың санитарлық жағдайына нұқсан келе бастады.

Осының бәрін ескере келіп біз жәрмеңкені «Әсел» базарының орнына ауыстырдық. Рас, алғашқы кездері қиыншылықтар болды. Орын тарлық етті. Кімнің қайда тұратыны белгісіз болды. Қазір бәрі қалыпқа келіп жатыр. Бұрынғы жәрмеңкеде ет сататындарға 42 орын берілсе, қазір олардың орны 50-ге жетті. Соғым науқанына орай мал етін тұтас әкелгендерге де арнайы орын белгіленді. Кәсіпкерлер осыған қалыптаса бастады.

Ал, әлгінде айтқан аймақтың лайсаңдығына келер болсақ, ондай жағдайдың орын алғанын жоққа шығармаймыз. Содан құтылу үшін алаңға бірнеше машина ұсақталған тас әкеліп төктік. Көктемге салым бұл жұмыстар қайыра жалғасатын болады. Базар алаңын түпкілікті құрғататын жағдай жасаймыз.

Енді, жәрмеңке неге бұл жаққа ауысты? Сол жағын тәптіштеп өтейін. Жәрмеңке – жабайы базар емес. Оның өз талабы, тәртібі бар. Жәрмеңкенің аты айтып тұрғанындай, ол тек азық-түлік жәрмеңкесі болуы керек. Сондықтан, біз мұнда тек ет, сүт өнімдерін, шұжық, балық, ара балын және көкөніс сататындарға ғана рұқсат беріп отырмыз. Оның өзінде бұл адамдардың барлығының медициналық кітапшасы, тауарларының ветеринариялық сараптамасы болуы қажет. Осы екі құжат міндетті түрде керек.

Ал, макарон өнімдерін сататындарға қойып отырған талабымыз – біз белгілеген бағадан аспау. Қазір қала тұрғындары көбіне «Ғалия-Бану» сауда желісінің дүкендерінен сауда жасайды. Өйткені, қаладағы ең арзан баға осы дүкендерде ғана. Біз макарон, кондитер өнімдерін сататындарға сол дүкендердің бағасынан төмен бағамен сатыңдар деп талап қойып отырмыз. Өйткені, тұтынушылар жәрмеңкедегі осы өнім­дердің бағасы «Ғалия-Банудың» бағасынан жоғары екенін айтып, бізге шағымданып жатады.

Көкөніс бағасына қатысты шу да тиылар емес. Оған саяжай иелері себеп болуда. Рас, маңдай терлерімен өсірген өнімдерін су тегін беріңдер деп оларға талап қоя алмаймыз. Бірақ, жәрмеңкенің өз тәртібі, талабы, өз бағасы бар. Біздің белгілеген бағамыз бойынша картоп 100 теңгеден сатылуы керек. Бірақ, саяжай иелері өз өнімдерін 120-130 теңгеден қояды. Баға осыдан көтеріліп тұр.

Ет те солай. Біздің баға бойынша қой еті араластырып салғанда 900, ірі малдардың еті 950-1100 теңге аралығында. Алайда, көлденеңнен қосылғандар өздері қалаған бағаны қойып, дау-дамайға негіз болуда.

Сондықтан, жәрмеңкеге шыға­тын­дарға алдын-ала келіп тіркеліп, жоғарыда атал­ған құжаттарын (вете­ринариялық сараптама мен өзінің медициналық кітапшасын) көрсетіп, белгіленген бағада сауда жасауды міндеттейміз.

Комментарии закрыты.