Комитет жас тұлғаны жан-жақты дамытуда

Ағымдағы жылдың қаңтар айында қаладағы индустриалдық колледжде жастар ісі жөніндегі комитет құрылған болатын. Бұл комитетті құрудағы негізгі басымдық – колледж студенттерін қоғамдық, патриоттық мәдени іс-шараларға баулу арқылы елжанды ұрпақ қалыптастыру.

Бұл ұйымның бір жылға таяу ішінде атқарылған жұмысы мен алға қойып отырған мақсаттары жөнінде комитет жетекшісі Жандос Оразбеков әңгімелеп берген болатын

– Өздеріңіз жақсы білесіздер Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиялық құжатында болашақтың жарқын болуы тікелей жастардың қолында деп жастарға үлкен сенім артқан болатын. Біздің басты мақсатымыз – ұлтын, Отанын сүйетін ұлағатты ұрпақ қалыптастыру. Осы негізде колледж қабырғасында тәрбиелік мәні зор ауқымды шаруалар атқарылуда. Соның бір парасы ретінде биыл ғана құрылған Жастар ісі жөніндегі комитеттің жастарды жан-жақты тұлға етіп қалыптастырудағы жұмыстарын айтуға болады. Бұл комитет «Жас Отан» Жастар қанаты бастауыш ұйымымен бірлесе отырып, бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Атап айтар болсақ, Елбасының «Бір мақсат, бір болашақ, бір мүдде» атты Жолдауын насихаттау мақсатында «Елбасы Жолдауы – жарқын болашақ кепілі» акциясын ұйымдастырып, жастар арасында Жолдаудың маңыздылығы жөнінде ақпараттар берілді.

Қазіргі күні елімізде діни экстремизм мен терроризм мәселесі өткір тұр. Осы мәселенің мән-жайын түсіндіру ниетінде бірнеше кездесулер өтіп, одан жастар мол мағұлмат алды. Жастардың отбасы құндылығын жете түсінуге, салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Одан бөлек, жастардың патриоттық рухын көтеруде және аға буынның ерлік істерін насихаттауда Ұлы Отан соғысы мен тыл және Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өткізілді.

4 мамандық бойынша жастарға кәсіп меңгертіп отырған білім ошағы жастарды тек кәсіби тұрғыдан мамандандырып қана қоймай, жан-жақты тұлға болып қалыптасуларына бар мүмкіндікті жасауда.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.