Үгіт-насихат топтары салауаттылыққа үндеді

20141128-07-1Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі Оқушылар сарайында 1 желтоқсан – Дүниежүзілік жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісіне қарсы күрес күніне орайластырып «Жастар ЖҚТБ-ға қарсы» үгіт-насихат топтарының сайысын ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан бойды аулақ салуға үндеген сайысқа №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің, №№5, 14, 25 орта мектептердің оқушыларынан құралған топтар қатысты. Қазылар алқасы әр топтың театрландырылған қойылымына, белгілері мен киімдеріне, ЖҚТБ дерті жайлы ақпаратты толықтай меңгергендіктеріне, ұрандары мен қанатты сөздеріне баға берді.

Үгіт-насихат тобының қай-қайсысы болмасын сайыс талаптары бойынша өнер көрсетуге тырысты.

Сайыстың қорытындысы бойынша №14 орта мектеп белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталса, №5 орта мектептің үгіт-насихат тобы ІІІ орынды иеленді. Ал, Абай атындағы №4 мектеп-лицей оқушыларының өнерлері ІІ орынға лайық деп танылса, №25 орта мектептің оқушылары І орынды қанжығалады.

Жеңімпаздар мен қатысушылар ұйымдастырушылар атынан сыйлықтармен марапатталды.

Ғасыр дертіне айналған ЖҚТБ дертімен күресу ғаламдық деңгейде күрделі тұрған мәселе. Бұл дерттің одан әрі белең алмауы үшін жасөспірімдер мен балалардың тура жолмен жүруіне қоғам болып атсалыссақ, олар да жат қылыққа бой бермесі анық.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.