Мұзараф Аханов, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы: «Ұлытаудың дамуы — ұлт мерейі»

20141128-06-1-1Жаздың ортасында Жезқазған жеріне келген Елбасы, Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ғасырдың жасампаз жобасы болған Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілерін салтанатты түрде іске қосқан соң атбасын арнайы Ұлытауға бұрды. Ұлт ұясы атанған Ұлытаудың төрінде отырып сұхбат берді. Елді бір серпілтті. Дүйім елдің бетін Ұлытауға бұрды. Осы бір тарихи оқиға жайлы бүгінде ел өздерінің ыстық ықыласымен бірге пікірлерін де білдіріп жатыр. Сондай бір орамды ойын қаламыздың қадірлі қарттарының бірі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, алдағы желтоқсан айының ортасында сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Мұзараф Аханов ағамыз да білдірген еді. Ағаның әңгімесін қаз қалпында жариялауды жөн көріп отырмыз.

– Ұлытау – Алатаудай асқақ, Қаратаудай қаһарлы емес. Ұлытаудың бітім болмысы мүлдем бөлек. Оның ең биік шыңы – Едіге мен Тоқтамысқа мәңгі мекен болған Әулие тауының биіктігі бір шақырымна сәл ғана асады. Аумағын бір күнде шаршамай-шалдықпай аралап шығуға болады. Бірақ, оның ұлылығы көлемімен есептеліп отырған жоқ. Ұлытаудың ұлылығы оның түп тамырында жатыр.

Ұлытау орта ғасырларда Дешті Қып­шақ деп аталған. Яғни, қыпшақ­­тардың елі болған. Геродоттың жазбаларында Ұлытау «Сақтардың тауы» деп аталған. Сақ падишасы Тұмар қанішер Кирді Сыр бойынан бері қарай өткізбеу үшін осы Ұлытаудан аттанған екен. Сақтың өжет, батыр қызы Кирдің басын кесіп алып, шүпілдеп тұрған қанды мес­ке батырып тұрып: «Тірі кезіңде қанға тоймап едің, енді іше ғой», деген екен деседі аңыздың бір желісі.

Ғұндардың айбарлы Атилласы да өз армиясын осы Ұлытауда жасақтапты. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы осы сайын даланы мәңгілік тұрақ еткен. Ал Шығыс Еуропаны билеп, ойрандаған Бату болса, өз жасағын Ұлытауда жинаған. Алтын Орда хандары Тоқтамыс пен Едіге де Ұлытаудың ұшар шыңында жатыр. Асан Қайғының досы Ақмешіттің зираты да осында. Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, Тұранның атақты ханы Афрасиаб өмірінің соңғы кезеңін осы жерде өткізген. Әлемге әйгілі Әмір Темір өзінің Ұлытауда болғандығының белгісі ретінде Алтын шоқы тауындағы үлкен тасты балқытып, қы­лышымен жазып қалдырған.

Үш жүздің үш биі 1723 жылы Арға­наты бойындағы Балбұлақтың басында бас қосты. Билердің шешімімен Қан­жығалы Бөгенбай жаңадан құрылатын жасақтың бас қолбасшысы болып таға­йындалды.

«Ақтабан шұбырынды» жылдарын­да Ұлытаудың даңқы жоңғарларға күшті тойтарыс беруімен шықты. Шайқас болған жер «Қалмаққырған» деген әйгілі атпен тарихта қалды.

ХІХ ғасырдың ортасындағы Кенесары Қасымұлының, 1916-1917-жылдардағы Амангелді Имановтың ұлт-азаттық көтерілістері де Ұлытаудан күш-жігер алып, қайраттанған… Ұлытау осындай тарихи оқиғаларымен дараланады. Ұлытау осынысымен ұлы.

Міне, сол иісі қазақтың көшесіз көне астанасы атанған Ұлытаудың кешегі кеңестік кер заманда қадірі кетіп, басынан бағы тайғаны жасырын емес. Оның баурайындағы ескерткіштердің көбі мемле­кеттің қорына кірмей, ескінің сарқын­шағы саналғанын қалай­ша қынжыла еске алмасқа. Тасқа басылған тарихтарының өзі табан астында елеусіз қалып, ақыры талан-таражға түсіп кетті. Көптеген тарихи жәдігерлер бұзылып, құрылыс материалдарына айналды. Балбас тастар іргетас пен табалдырыққа төселіп, ғимараттардың кірпіштерімен қоралардың қабырғалары қаланды.

Тарихын былай қойғанда, табиғи ерекшелігінің өзі бір бөлек. Ұлытаудың табиғаты ел айта беретін Швецарияның табиғатынан кем түспейді. Тау қойнауларындағы қайыңы мен терегі аралас шоқ-шоқ тоғайлар, таудан құлай сылдырлап аққан бұлақтары қандай. Көк майсалы жазығы жазғы тұрым масаты кілемдей құлпыратын. Осы бір жайтты Елбасы өз сұхбатында қалай тамаша айтады.

«…Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады. Мына таудан бұлақ ағады, төңірегі жайылымға қолайлы.

Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады».

Бәрі дәл солай болғаны рас. Тек сол шүйгін дала қайда қазір. Бәрі көмескі тарта бастаған. Тағы да сол кер заманның кесірі. Жаңбырдай жауған жымырандар Ұлытаудың ол жағынан да бұл жағынан да құлады. Ормандары отқа ранып, даласын күйік шалды. Бұлақтары тартылып, тақырға айналды…

Жә, мұның бірі өткеннің өлшемінде кетті. Енді сол ортайған байлығымыздың орнын толтыруға жұмыс жасауымыз керек. Осы мақсатта Елбасы елдің бетін Ұлытауға аударды. Соның шапағаты шығар елдің бетке ұстар ғалымдары, өнер майталмандары Ұлытауға келіп, оны өркендетудің жолын іздестіріп жатыр. Ұлытауды туризм аймағына айналдыру мақсатында нақтылы жұмыстар қолға алына бастады. Мұның бәрі дәтке қуат.

Бірақ, құр сөзбен ештеңе өнбейді. Ұлытау ұлт ұясы деп айғайлай бергеннен ол жердің әлеуметтік жағдайы да экономикасы да өспейді. Бұл үшін нақты іс керек. Ал, ол істің басы бар қазыр. Ел құдайға шүкір, кәсіпкерлікті дендеп игере бастады. Ендеше сол кәсіпкерліктің бетін Ұлытацудағы ұлттық құндылықтарымызды дамытуға бұруымыз керек. Осы жерде жылқы шаруашылығын құрып, оның өрісін кеңейтсе. Ұлытауда оған мүмкіндік бар. Және бұл аймақтың еті де, сүті де құнарлы. Әсіресе, Ұлытаудың бал татыған сары қымызындай қымызды Қазақстанның қай түкпіріне барсаңызда таба алмайсыз. Сондықтан осы өңірде қымыз өндіріп, оны саудаға шығарса Ұлытаудың қоржынына қырыуар қаржы құйылар еді. Қазірдің өзінде Ұлытауда жылқы осіруге деген құлшыныс артып келеді. Тек соны мемлекеттік тұрғыдан қолдап, өндірілген өнімді қабылдайтын арнайы орындар ашылса, шаруа жүріп кетер еді.

Тағы бір «түгін тьарсаң майы шығады» дейтін сала – туризм. Оған да бастама бар. Кешегі корпорацияның демалыс орны деп салынған ғимараттарды әрі қарай дамытып, тауға шығатын аспалы жол салынса, шанамен, шаңғымен сырғанайтын арнайы базалар ашылса ел шетел аспай-ақ, Ұлытауға ағылар еді.

Әрине, ол үшін сервисті де саулеттің де талапқа сай болу қажеттігі заңдылық. Ал, бұл да шешімі жоқ іс емес. Қанаттас жатқан қос қаланың қалталы азаматтары осы ьаудың бөктерінен бірлі-жарымды баспаналар салып, демалыс орындарын жабдықтасы өз қалталарына да аз қаржы түспейді. Ал, қала әкімдері мен қалалық мәслихаттың депутаттары Ұлытауға арнайы экологиялық сенбіліктер ұйымдастырып, тау бөктеріне, кешегі өртке оранған ормандардың орнына тал-теректер отырғызып, оының күтіміне назар аударса, азғана жылда тау бөктерін орманға айналдыруға болар еді. Бұл қолдан келмейтін іс емес қой.

Кезінде Қарағандыда, Ас­та­нада этнопарктер жабдық­талғанын ел жақсы біледі. Дәл сондай мақсатпен Ұлытаудағы Хан Ордасы, Алтын шоқы сияқты тарихи орындарды сол заманға қалпына ұқсатып жасауға не кедергі келдтіреді. Ешқандай кедергі жоқ. Тек ынта болса болғаны.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні айтар болсам Ұлытаудың дамуы ұлтымыздың мерейі. Сондықтан осы жолда қолдан келгенімізше қолдау көрсетейік.

Комментарии закрыты.