Жаңа заң жаңалықтарға толы

20141128-04-1Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді Стратегиялық бағдарламасында әкімшілік реформаларды жүзеге асыру аса қажет екенін айтқан болатын. Тапсырмаға сәйкес, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заң заман талабына сай қайта өңделіп, жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл Заңға Елбасы биылғы жылдың 5 шілдесінде қол қойды. Бұл Заң келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Жағымды жаңалығы көп Кодекстің негізгі тұстарын түсіндіру, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жаңа Заң жобасына деген ой-пікірлерін білу мақсатында жақында Жезқазған қаласының ішкі істер бөлімінде келелі жиын өтті.

Жиынға қатысушыларға Жез­­қазған қалалық әкімшілік сотының төрағасы Сәбит Қожах­­метов жаңа мәтіндегі Кодекс­ті толық түсіндіріп берді.

– Жаңартылған Кодекс ең алдымен қылмыстық заңнаманы реформалауға байланысты көп өзгерістерге ұшырады. Кодекстің мазмұ­нына да қарама-қайшы келмеуі қажет еді. Мұндағы «қылмыстық әрекет» әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыс жасаушылық арасындағы ұғымды білдіретіндіктен, екі заң­наманы да бір-біріне сәйкестендіру арқылы жаңа талаптар енгізілді. Жаңа әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодекске сәйкес, елімізде әкімшілік заңнаманы реформалау үшін бірқатар құқықтық арналарды жүзеге асыру қажеттігі туындады. Кодекс­ті ізгілендіру арқылы шағын кәсіпкерлікті қолдауды жан-жақты дамыту Елбасының Жолдауында да басты назарға алынған еді. Мәселен, жаңа Кодекс жобасында шағын кәсіпкерлік нысандарына айып­пұлдар салу мөлшері орташа алғанда екі есеге азайтылды.

Бүгінгі күні шағын кәсіпкерлік нысан­дарын­да орта кәсіпкерлік құрылым­дарға қарағанда активтер құны бес есеге аз екенін көреміз. Бірақ, қолданыстағы Кодексте айыппұлдар санкциялары оларға бір деңгейде қарастырылған. Осыған байланысты жаңа редакциядағы әкімшілік Кодексте шағын кәсіпкерлік нысандары үшін айыппұлдар мөлшерін қолданыстағы заң­намамен салыстырғанда орташа екі есеге азайту қарастырылады.

Әкімшілік құқық бұзушы­лықтар туралы істерді қарайтын өкілетті органдар құзыреті де қайта қаралды. Мысалы, айыппұл түрінде әкімшілік өндіріп алуды қарастыратын санкцияларға байланысты 90 бап пен 52 бап бөлігі сот құзырынан өкілетті мемлекеттік органдар құзырына берілді.

Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі де жаңартылды. Әкімшілік құқық бұзушылыққа айып­пұл төлеу түбіртек арқылы жүргізілетін жағдайларда оны хаттамамен бірге алған кезде мұндай істерді қысқ­арту енгізіледі. Бұл жеке тұлғаның жа­саған құқық бұзушылық фактісімен келісіп, өз кінәсін мойындап, айып­­пұлды өз еркімен төлеуге дайын екендігін және ешқандай қояр талап­тарының жоқтығын көрсетеді. Егер тұлға жасалған құқық бұзушылық фактісімен келіспесе, іс жалпы тәртіпте қаралады. Істі қысқарту кезінде тұлғаға хаттаманы тапсыру сәтінен 7 күн мерзім ішінде айыппұл сомасының 50 пайызын төлеу түрінде ынталандыру тетігі де қарастырылады. Бұдан басқа қысқартылған өндірісті қамтамасыз ету үшін жаңа Кодексте ең төменгі шекті сатылар алынып тасталып, айыппұлдың белгілі мөлшері белгіленген. Мұндай жаңа талаптардың енгізілуі бір жағынан жемқорлық заң бұзушылықтардың да алдын алуға негіз қалайды.

Жаңа әкімшілік Кодекстегі тағы бір жаңалық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізуші органның әрекетіне шағымдану тарауының енгізілуі. Бұл қазіргі қолданыстағы Кодексте жоқ болатын. Демек, жаңа Кодекс арқылы тұлғалардың арыз беру және оны қараудың заң аясында жүргізілетініне сенімділігі артады, – деді төраға.

Жаңа Кодекстің тиімділігі жөнінде Жезқазған қаласы прокурорының көмек­шілері Жан­гелді Есебаев пен Дархан Тоғызбаев ақпарат бере келе, Бұл Кодекстің негізінде әкімшілік тұтқынға алудың жоғары мерзімі 30 тәулікке дейін қысқартылғанын, бұл тек төтенше жағдайлар кезіндегі айрықша оқиғаларда ғана қолданылмайтындығын жеткізді.

Мұн­дай талаптар әкімшілік санкция­лар­дың тым қаталдығынан арылуды, яғни, ізгілендіруге қарай бет бұруды көрсетеді деп атап өтті.

Жиын барысында әкімшілік сот төрағасы барлық құқық қорғау саласы қызметкерлеріне жаңа Кодексті егжей-тегжейлі меңгеріп, осы құжат негізінде жұмыс жасауға шақырды.

Жалпы алғанда бұл Кодексте жаңалық көп. Ең бастысы, онда қарапайым адамдардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Мұның өзі мемлекеттің өз азаматтарының мүддесін қорғауға деген ұмтылысын көрсететіні анық.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.