Волейболдан турнир өткізілді

Өткен аптада Жастар сарайы ғимаратында Сәтбаев индустриалдық колледжі, «Жас Отан» жастар қанаты мен Жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен волейболдан қалалық турнир өткізілді.

Турнирдің негізгі мақсаты – аталмыш ұжымның еңбек нәтижесімен таныстыру. Жарыстың ашылу салтанатында Сәтбаев қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі спорт сектор меңгерушісі Зухраб Даумбаев, жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арман Мұханбетжанов сөз сөйлеп, командаларға жеңіс тіледі. Ойынды бастамас бұрын қатысушы командалар құрметіне индустриалдық колледждің «Крылатая гвардия» әскери-патриоттық клубы өнер көрсетті.

Турнирде жалпы 8 команда бақ сынап, мықтылықтарын танытты. Олардың қатарында индустриалдық колледждің «Батыр», №1 мектеп-гимназиясының «Денсаулық», Амангелді мен Қаракеңгір ауылдарының, №16, №4 орта мектептері, технологиялық және индустриалдық колледж командалары бар. Турнир қатысушылары – 18 бен 30 жас аралығындағы спортшылар.

Командалардың ұйымшылдығы, жеңіске деген талпыныстары, салауатты өмір салтын ұстанудағы қасиеттері ойын барысында анық байқалып тұрды. Қорытынды есеп бойынша индустриалдық колледждің «Батыры» I орынды жеңіп алды. Ал, II орынға Амангелді ауылының «Амангелді» командасы лайық деп табылса, III орынға қаракеңгірлік «Қаракеңгір» командасы табан тіреді. Өзге командалар да сыйлықтан құр қалған жоқ. Белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды.

М.Мұқатова.

Комментарии закрыты.