Тартысты турнир

20141128-08-2Өздігінен жүретін жерасты құрылғыларына сервистік қызмет көрсету басқармасы мен Қарағанды құю-механикалық зауыты аймақтық кәсіпорындарының құрылымдық бөлімшелері арасында өткен волейбол турнирі тартысқа толы болды. Аталмыш кәсіпорындар әкімшілігі, Жастар одағының қолдауымен «Жастар» спорт сарайын дүбірге бөлеген додаға белсене қатысушылар спорттан құр алақан еместіктерін айқын танытып, бір-біріне дес бермеді. Үш күнге ұласқан турнирге жеті команда қатысып, бірінші жартылай финал қорытындысы бойынша аппарат басқармасы мен «Кат» сервистік орталығының командалары кездесіп, нәтижесінде Жұмабек Жамабаевтың басқаруындағы сервистік орталық 2:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Диагностика учаскесі командасымен бірге тамаша ойын өрнегін көрсеткен Қарағанды құю-механикалық зауыты аймақтық кәсіпорыны волейболшылары өз шеберліктерін танытып бақты. Нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіс туын желбіретті. Диагностика учаскесі финалда «Кат» сервистік орталығынан басым түсіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаз кубогы өз командасына ерекше қолдау танытқан учаске бастығы Еркебұлан Құлымбетовке табыс етілді. Жеңімпаздар мен қатысушылардың барлығына арнайы дипломдар мен Жастар одағының бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, сурет автордікі.

Комментарии закрыты.