Кенді өлкедегі келелі кездесулер

20141128-02-1-220141128-02-1-11991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Яғни, өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан – мемлекет тарихының мерейлі күні. Парламенттің бекітуімен 2012 жылдан бастап 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мереке дәстүрлі іс-шараға айналды. Осы күнге орай мемлекет басшысының қазақтың қазыналы аймағы – Жезқазғанға сапарларындағы есте қаларлық, ұмытылмас сәттерге шолу жасауды жөн көрдік.

Дәл осы 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлау арқылы Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын дәлелдеді. Сайлау қарсаңында, қа­раша айының аяғында Рес­публика Президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанда болып, сайлаушылармен кездесті. Нәтижесінде алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын айта отырып, жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жететіндігімізге уәде етті. Кейін халық сонау жылғы желтоқсандағы сайлауда жасаған таңдауы алдама­ғанына талай рет куә болды, әлі де куә болып келе жатыр.

1993 жылдың 14 қыркүйегінде Жезқазғанға келген Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Назарбаев өндіріс орын­дарында болып, жұ­мысшылармен кез­десті. Осы сапарында Ұлытауға да атбасын бұрып, хал­қымыздың тарихын еске түсіріп, сол жерде жатқан бабаларымыздың аруағына тағзым етіп, VIII-XIII ғасырдың тарихи ескерткіш­тері, ықылым заманнан бізге жеткен аса құнды жәдігер – Жошыхан мен Домбауыл, Алашахан мазарымен таныс­ты. Ұлытау ауданының Аманкелді ауылына таяу арадағы атақты Едігенің, Тоқтамыстың сүйек­тері жатқан, кезінде Ақсақ Темір тоқтап, аялдаған Алтыншоқы аталатын жерлерге барып, хан ордасындағы белгітасқа гүл шоғын қойды.

Қазақстан өз тәуел­сіздігінің 20 жылы ішінде әлем мойындаған мем­лекеттердің қатарына қосылды. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуел­сіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мем­лекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғыл жолын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалып­тасып, тарихымыз түген­деліп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.

Мемлекет басшысы 1994 жылдың 3 қарашасында Жезқазған жерінде болған жұмыс сапарында нақты төрт жерге атбасын тіреді. Әрине, олардың әрқайсының алар орны ерекше. Дегенмен, Республика Президентінің осы жаққа құстай ұшып жетуіне айрықша себепкер болған жайт – жаңа өндіріс ошағы – «Казкат» бірлескен кәсіпорнының ашылуы еді. Облыс орталығына таяу Жезді кентінде болғанда мемлекет басшысы тау-кен және металл балқыту ісінің тарихын шертер мұражайға аялдады. Осында ата-бабаларымыздың ежелгі әдісімен пеште балқытылған металдан өз қолымен кәдімгі балғаны құйып, мұражайға ең бағалы жәдігер қалдырды.

1996 жылдың 4 сәуірінде жұмыс бабымен Жезқазғанға келген Елбасы «Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамының жаңадан іске қосылған Анненск шахтасында болып, бір топ кеншілермен кездесті. Жаңа шахтаны тамашалап, облыс активінің жиналысына қатысты.

Назарбаев бұдан кейін Жезқазғанға сол кездегі Жезқазған облысының әкімі Қажымұрат Нағымановты тағайындау мақсатымен де келді.

1997 жылдың 19 мамырында өндіріс жайын, сол кезде Қарағанды облысына қосылған Жезқазған халқының көңіл-күйін білу мақсатымен келген Елбасы Жезқазған мыс қорыту зауытының металлургия цехында болып, театрлар, жоғары оқу орындары, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінің бұ­рын­ғысынша жұмыс істей беретіндігін, ешкімнің қысқартылмайтындығын жеткізді.

Мұнан соң ғарышта 208 тәулік болып, қасындағы екі серігімен аман-есен Жаңаарқа ауданының «Же­ңіс» шаруашылығына қарайтын «Шаңқұдық» ата­­­латын жерге қонған қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевты Жезқазған әуе­жайында Елбасының өзі қарсы алды. Экипаж командирі, полковник Талғат Мұсабаев тапсырманың ойдағыдай орындалғаны туралы рапорт беріп, күрделі міндеттің орындалғандығын жеткізді. Елбасы өз атынан, барша қазақстандықтардың атынан батырларды жерге аман-есен оралуларымен құттықтады.

2000 жылдың 1 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Жезқазғандағы сапары «Қазақмыс» корпора­циясының Оңтүстік Жез­қазған кенішінен басталды. Ардагерлермен, инженер-техник қызметкерлермен, жұмысшылармен емен-жарқын әңгімелесіп, Социалистік Еңбек Ері Демберген Баймағанбетовті білетіндігін, забойда кездескендігін атап айтқан еді. Ол осы сапарында Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын аралап, үш-төрт концерттік нөмірді тамашалап, жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

Тәуелсіздіктің он жылдығына келген сапарында Елбасы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бірқатар нысандарда болды. Алдымен маңдай тірегені – Сәтбаев қаласындағы жақында ғана пайдалануға берілген стоматологиялық орталық болды. Президент мұнан соң Жезқазған байыту фабрикасындағы жаңа өнім – ксантогенат өндіретін цехқа соқты. Кен байыту процесінде пайдаланылатын бұл өнім бұған дейін Ресейден сатып алынатын еді.

2008 жылдың 24 қаңтарында Мемлекет басшысы Жезқазғанға ж­ұ­­мыс сапары аясында «Қазкат» зауыты мен «Қазақмыс» корпорациясына атбасын тіреді. Форумға қатысып, «Қазақмыстың» өз жұмысшыларына басқа­ларға қарағанда көп қолдау көрсететіндігіне ерекше назар аударды. Осы сапарында №10 орта мектепті аралады.
Ал, Жезқазғанға жасаған биылғы сапары аясында Елбасы қазақ тілді бұқаралық ақпарат құрал­дарына сұхбат беріп, Ұлытау төрінде ұлағатты ойларын ортаға салды. Бұл сұхбатты болашақ ұрпаққа жасаған «Үндеу» деп қараған жөн. Өз сөзіне дінді де, ділді де, тілді де тиек етіп, осындай киелі жерде айтқан тың ойлары барша қазақстандықтарға, әсіресе, жастарға рух беріп, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандыруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын әркез өзінің жіті назарында ұстап келеді. Ауқымды шараларды қамтитын Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау аудандарын әлеуметтік-эко­но­микалық дамытудың 2012-2020 жылдарға ар­налған кешенді жоспары одан әрі дамудың даңғыл жолына түсуде ерекше серпін берері анық.

Бүгінгі күні елімізде даму мен өркендеудің іргетасы қаланды. Сындарлы жылдардың сынынан сүрінбей өткен мемлекетіміз төрткүл әлемге танылды. Еліміз беделі биік, қуатты мемлекетке айналды. Қысқа уақытта көп биікті бағындырды. ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСІШК сияқты ұйымдарда белсенділігі артты, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық етуде.

Дәстүрлі дін басшылары Қазақстанды бас қосу, пікір алмасу алаңына айналдырды. Бұның өзі Елбасының ерлікке парапар істерінің нәтижесі. «Алдымен – экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Тәуелсіздік жылдары бар-жоғы 700 долларды құраған ішкі жалпы өнім 20 жылдың ішінде 11 мың долларға дейін жетті. Индустриаландыру саясаты қолға алынып, оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа, мүлдем басқа арнаға бұрылғанын айғақтайды.

Мінеки, осындай алаш жұртының асқан асула­рының баршасы, елдегі экономикалық-әлеу­­­меттік және саяси реформа­лар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы мемлекет басшысы Н. Назар­баевтың есімімен тығыз байланысты. Ендеше, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру – мемлекет мерейі. Сондықтан, Тұңғыш Президент күні уақыт өткен сайын маңызы артатын халықтық шараға айналмақ. Өйткені, өткеннің өнегесі, ұл ұлағаты, жоғарыда аталған келелі кездесулер ұрпақ есінде осылай сақталуы тиіс.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.