Күз кереметін әспеттеген кеш

20141128-12-1-120141128-12-1-2Қала басшысы Әнуар Омардың бастамасымен қолға алынып, дәстүрге айналған «Ел іші – өнер кеніші» байқауының кезекті шығармашылық концертін қаладағы білімнің қарашаңырағы №27 орта мектептің ұжымы жалғастырып, ырыс пен берекелі күрең күздің кереметін әспеттеді.

Жиналған жұртшылық Сарыарқа даласына желмен ұшып жеткен қаңбақ пен сары бидай қыз-қыз қайнаған еңбектің арасында жүріп, қырман басындағы өнерпаздардың өнерін тамашалады. Астығын жиып, мәре-сәре болған қырманшылар сабантойда «Ауылың сенің іргелі», «Шофер сүйген қыз қандай?» әндерін шырқаса, тойдың басталғанын Эльмира Сайдалина «Тойбастар әлеумет» әнімен баршаға жар салды. Ауылдың әжелері дәстүр бойынша шашу шашқаннан кейін, ұлттық аспаптар ансамблінің күйшілері «Бақтыбайдың әуені», «Нар агачи» күйлерін күмбірлетті.

Қаңбақ пен бидай делебе қоздыратын қазақтың ұлттық ойыны көкпардың қызығын, ақындар айтысының сөзбен шарпысқанын тамашалап, ұлтымыздың өнеріне тәнті болды.

Бұл кешке Қазақстан және Ресей эстрадасының жарық жұлдыздары да «келіп», ән шырқап қайтты. Мектеп мұғалімдері – Маржан Қызданова Мақпал Жүнісоваға пародия жасап, оның «Қазақтың ерке қызымын» әнін әуелетсе, Гүлмира Бектібаева Маржан Араппаеваның кейпіне еніп, «Қазақ елі осындай!» әнін орындады. Ал, Ресейдің әншісі Юрий Антоновқа пародия жасаған Ерлан Қостаев «Мечты сбываются» әнін шырқағанда көрермендердің өнерпазға деген ықыласы ерекше болды.

Сабантойға келген қонақтарға Роза Қасқатаева, Салтанат Жамалова ауылдың алты ауызын орындаса, әртүрлі жанрда би билеген бишілердің өнері де көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Күзгі бақтағы жігіт пен қыздың арасындағы сезімді сатиралық қойылыммен көрсете білген мектеп ұстаздарының шығармашылық қабілеті жоғары бағаланды.

Кештің шымылдығын мектеп ұстаздарының хоры «Дала, дала толқыған» және «Ақ бидай» әндерімен жапты.

Сөйтіп, тағы бір ұжым өздерінің өнерлі екендіктерін дәлелдеп берді.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.