Кіріс басқармасы іске кірісті

20141205-07-1Елбасының тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы Үкіметте бірқатар өзгерістердің болғаны мәлім. Көптеген министрліктер біріктіріліп, қайыра құрылымдалды. Солардың бірі – Салық комитеті. Бүгінде бұл құзырлы орын Кіріс басқармасы деген атауға ие болды. Жуырда біз осы жаңарған мекеме басшысы Мылтықбай Серікбаевқа жолығып, басқарманың жұмыс барысы мен алдағы жоспарлары жайлы әңгімелескен едік.

– Мылтықбай Қорда­байұлы, әңгіме­ні әуелі қайыра құрылымдалудан бастасақ. Сіз басқаратын мекеме бүгінде қалай аталатын болды?

– Баршаға мәлім, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 Жарлығына сәйкес, еліміздің министрлер кабинетінде бірқатар өзгерістер болды. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті болып қайыра құрылымдалды. Осы министрлік аясында облыстарда кіріс департаменттері құрылды. Біз осы мемлекеттік кірістер департаментінің басқармасымыз.

Орайы келгенде айта кетейін, кеден және салық органдарының мемлекеттік кірістер департаментіне қосылуының тиімділігі жоғары.

Оның ішінде салық төлеу бойынша әкімшілік бизнес-процестерін оңтайландыру, көлеңкелі экономиканы төмендету және бюджет түсімдерін арттыру сияқты тұстарды атап өтуге болады.

– «Сабақты ине – сәтімен» деп жатады ғой. Сізбен әңгімеміз Елбасының Жолдауымен сәйкес келген екен. Ендеше, осы жаңа Жолдаудың өзіңізге ұнаған жолдары жайлы да айта отырсаңыз.

– Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа Жолдауы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан зор қызығушылық туғызып, талқылауға түсіп, барша халықтың қолдауына ие болғаны бәрімізге мәлім.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ау­қым­ды экономикалық бағдар­ла­малар басталатыны туралы жария ете отырып, Инфрақұрылымдық даму жоспарының 7 басым бағытын белгілеп, Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысынан бөлінген қаржыны, 5-бағыттағы нақты мақсаттарға бағыттауға тапсырма берді.

«…Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады», деп атап көрсетті Елбасы Жолдауында.

Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Нұрлы жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауы мемлекеттік басқару реформасы шеңберінде өмірге келген Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сәтбаев қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының ұжымында талқыланып, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену стратегиясын іске асыру жолындағы әкімшілік реформа мәселелері, тиімді шешімдер жөнінде айтылды.

Жиында сондай-ақ, салықтық және кедендік әкімшілік қызметін жетілдіру, көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейту, салықтық және кедендік заңнаманы жетілдіру, салықтық және басқа да төлемдерді ұлғайту бөлігіндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалу жолдарын шешу, осы аталған жайттарды салық төлеушілерге түсіндіру жұмыстарын толыққанды жүргізу арқылы салықтық мәдениетті жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету сияқты басты міндеттер де кеңінен әңгіме болды.

– Қызмет көрсету сапасы жайлы айтып қалдыңыз. Осы жағы бізде қалай жолға қойылған?

– Қазіргі кезде 32 салықтық қызмет көрсетуден 23 қызмет көрсету толығымен және ішінара автоматтандырылды. Оның ішінде 16 қызмет көрсетуге «электронды үкімет» порталы (ЭҮП) арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, келесі жылы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер депар­таментінің тапсырмасына орай, кезек күту мәселесін шешу, салықтық қызмет көрсету сапасын бақылау үшін және сыбайлас жемқорлық және протекционизмнің же­ке мәселерін шешу үшін «Құжаттарды қабылдау жә­не беру орталықтарында» кезектілікті басқарудың элек­трондық жүйесі енгізілмек.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде кәсіпкерліктің қандай түріне болмасын тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Алайда, бұл қамқорлықты кәсіпкерлердің бәрі бірдей дұрыс қабылдап, орынды пайдаланды дей аласыз ба? Осы істің күнгейі мен көлеңкесі жайлы не айтар едіңіз?

– Иә, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылдың 27 ақпанындағы №757 Жарғысына сәйкес, кәсіпкерліктің кіші және орта бизнес субъектілерін тексеруге 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап 2015 жылдың 1 қаңтары аралығына мораторий жарияланған болатын. Дегенмен, осы кезеңде кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан, тапсырылған салық есептемелерінде табыстарын азайтып көрсеткен, есептемелерді нөлдік көрсет­кіштермен тапсырған, жұмыс берушілер тарапынан жалдамалы қызметкерлердің нақты табыстарын жасырған, бақылау-касса машинасының пайдалану тәртібін бұзған, жалдамалы қызметкерлердің санын азайтып көрсеткен фактілер орын алып, осының бәрі салықты төлемей бюджетке салық түсімдерінің азаюы кірістер басқармасының камералдық бақылау жүргізу нәтижелерінде анықталып отырғанын жасыра алмаймыз.

Елбасы жариялаған мораторий жақында бітетіні мәлім. Мораторий аяқталғаннан кейін ешқандай жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер болмайды. Мораторий жариялануына қарамастан, кәсіпкерлер заңнаманы сақтауға міндетті, корпоративтік мәдениетті енгізуге, тауарлар мен қызмет көрсетулердің сапасын арттыруға құқылы.

Бүгінде тексерудің жаңа жүйесі – тексеру үшін салық төлеушілерді іріктеу автоматтандырылған түр­де жүргізіледі, яғни қауіптерді бақылау жүйесін енгізу көзделуде. Тауарларды әкелген сәттен бастап, тұтынушыға сатқанға дейін тауарға бақылауды күшейту жолымен әкімшілік етуді жақсарту жолға қойылмақшы.           Алдағы уақытта салық төлеушілерге «тәуекелдері дәрежесіне қарай» талдау жүргізілу нәтижелері арқылы тексерулер жүргізіледі, сонымен қатар, мекен-жайлары және басқа мәліметтерін өзгертіп, ұзақ уақыт бойы басқарманың сұраныстарына жауап қатпағандар, салық төлеуді азайтқандар, адал емес кәсіпкерлер «үдемелі шолуға» (интенсивный обзор) ілігеді.

Сонымен қатар, Кеден одағына мүше мемлекеттер: Ресей мен Беларусьтан тауарлар импорттаған кезде салық төлеуші әкелген тауарлардың құнынан 12 пайыз қосымша құн салығын 320.00 және 328.00 нысандар арқылы салық есептемелерін тапсырып, бюджетке төлеуге тиіс екендігін ескертіп айтып өткім келеді.

– Осы аталған талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге қандай әкімшілік шаралар қол­данылмақ? Қате­леспесем бұл бағытта да бірқатар өзгерістер бар сияқты?

– Дұрыс айтасыз, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы Кодекстегі мемлекеттік кірістер басқармасы қарайтын баптар төмендегілермен толық­тырылып отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, 266-бап – Қазақстан Республикасының заң­на­малық актілерінде төлемдер жүргізу бойынша белгіленген шектеулерді бұзу; 274-бап – Қаржылық бақылау шараларын бұзу; 277-бап –Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару; 278-бап –Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын кемітіп көрсету.

Салық салу саласындағы ең күрделі өзгеріске түскен бап ол – 284-бап – Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртібін бұзу. Қазіргі қолданыстағы Кодекске сәйкес 215 баппен тек бір ғана жағдаймен «Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген кассалық-бақылау машиналарын қолдану тәртібін бұзу» үшін ғана жауапкершілік қаралса, жаңа Кодекс бойынша әрбір кемшілік 9 жағдаймен дербес сараланып, айыппұл сомалары да соған сәйкес белгіленіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.