Зорлық-зомбылықсыз 16 күн

Жыл сайын «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы аясында қараша айының 25-нен 10-шы желтоқсан аралығында республика бойынша түрлi iс-шаралар ұйымдастырылады. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» Заңына сәйкес, №1 мектеп-гимназия оқушыларымен кездесу өткізген «Шаңырақ» дағдарыс орталығы акция мақсатын түсiндiрiп, үгiт-насихат шараларын жүргiздi.

Әйелдерге қатысты зор­лық­-зомбылыққа физик­а­лық, жы­ныстық зорлау, пси­хо­логиялық залал келтiру, мәжбүрлеу, жеке бостандығынан айыру секілді күштеудің барлық түрлері жатқызылады. Акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықты жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру бағытында қабылданған шаралармен таныстыру. «Шаңырақ» дағдарыс орталығының төр­айымы Қаламқас Әбдуәлиева, қалалық ІІБ жанындағы әйелдерді зорлықтан қорғау тобының инспекторы Гаухар Жүнісова, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор Бақтияр Байқадамов, №1 мектеп-гимназия инспекторы Александра Кулитис ақпараттық, заңдық тұрғыдағы психологиялық қызмет түрлерiн ұсынумен қатар, түрлi анықтамалық қағаздар мен плакаттар таратты. Әйелдердiң конституциялық құқығын, еркiндiгiн, заңды мүддесiн қорғау, алдын алу жұмыстарына iшкi iстер органдарын тарту, зорлық-зомбылыққа ықпал ететiн себептерге аналитикалық зерттеу жүргiзу, тұрғындарға көмек көрсету – әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi топтардың негiзгi мiндеті. Арнайы жүргізілген тексерістер нәтижесі ерлі-зайыптылар арасындағы дау-жанжалдардың отбасының күйреуіне, жастар арасында қылмыс санының артуына, сонымен қатар, әйелдердің өзіне-өзі қол жұмсауына әкеліп соғатынын көрсеткен. Отбасы тыныштығын бұзып, жағымсыз әрекеттерімен танылғандар Әкімшілік Кодекстің 79 бабына сәйкес, 15 күнге дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда, заң органдарына шағым жасау әр әйелдің қолынан келе бермейді. «Әйелдерді қорғау тобының» қызметкерлері осы мәселенің түйінін шешіп, ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздікті жою жолында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Алдағы уақытта акция аясында осы мақсаттағы дөңгелек үстелдер мен тренингтер жалғасын таппақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.