Жаңа үлгідегі билеттер тапсырылды

Өткен аптада ел көлемінде Тұңғыш Президент күніне арнап «Нұр Отан» партия­сы өз құрамындағы мүшелеріне және партия қатарына өткен азаматтарға жаңа үлгідегі билеттер тапсырды. Атаулы шара партияның Сәтбаев қалалық филиалында да ұйымдастырылып, партияның 11 мүшесі билетке ие болды.

Салтанатты марапаттау рәсімін ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық фили­алы төр­аға­сының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев Елбасы Н.Ә.Назарбаев жақында Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында бас партияға үлкен сенім артып отырғанын, сол сенім үдесінен шығу үшін партияның әрбір мүшесі партиялық бағдарламаларды жүзеге асыруда біркісідей атсалысып, еңбек ету қажеттігін атап өтті.

Одан кейін Жаңбырбай Әбжәметұлы партия мүшелеріне билеттерін тапсырып, еңбектеріне табыс тіледі.

Жаңа үлгіде билет алған партия мүшелерінің алғашқы легінде мемлекеттік мекемелердің басшылары, бас мамандары, білім ошағының директорлары мен «Балалық шақ» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен БАҚ өкілдері бар. Сондай-ақ, бұл күні партия қатары да толықты. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бас мамандары Сұлтанбек Ешмаханов пен Мақпал Раис партия қатарына қабылданды.

Партия мүшелері жиыннан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруда аянбай еңбек ететіндіктерін айтып тарқасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.