Сәтбаев – даму аймағы

20141205-06-2Биыл бесінші жыл қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен Жастар ресурстық орталығы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Сәтбаев қаласы жастарының V форумын өткізді. Әр жылы өзекті де келелі мәселелерді қозғап жүрген форум биыл «Сәтбаев – даму аймағы» тақырыбында өтті. Жалынды жастарды тың идея құрып, қаланың дамып өркендеуіне үлес қосуға шақырған форум Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде өткендіктен, Елбасының саясаткерлігі жайында сыр шертетін бейнебаяннан басталды.

Тақырыпқа сай кенді шаһардың өсіп, дамуы мен келешектегі жоспарлары, жастар саясатының жүзеге асырылуы сынды мәселелер де форумға қатысушыларға бейнедеректер арқылы жеткізілді.

Бүгінгі таңда жергілікті билік қалада жастар саясатының жемісті жүзеге асырылуына барлық көмекті жасап отыр. Қала бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындар саны 17626 адамды құрайды. Бұл – қала тұрғындарының 25 проценті жастар дегенді білдіреді. Жастардың басым көпшілігі өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет пен мәдениет салаларында жемісті еңбек етсе, кәсіпкерлікті қолға алып жатқандары да баршылық. Шаһарда қала жастарын қолдаудың бірнеше мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асып келеді.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбай Наурызбаев форум жұмысында алғаш болып сөз алып, 2012 жылдан бастап қызметіне кіріскен орталықтың екі жыл көлемінде атқарған жұмыстарына есеп бере келе, алдағы міндет-мақсаттардың жарқын істермен астасып жатқанын жеткізді.

Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Оспанова отбасы құндылығы жөнінде жиналған жастарға өз ойын айтты.

Аймағымыздағы өндіріс ошақтарына мамандар даярлайтын технологиялық колледждің студенті Қанат Тортаев пен «Денсаулық» колледжінің студенті Мәдина Рахметова жастарды қолдап, білім алып, білікті маман атануларына мүмкіндік жасап отырған мемлекет басшысының қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жылдары шаһарда жастардың кәсіпкерлікке деген құлшынысы да артып келеді. «Моноқалаларды дамыту», «Бизнестің Жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламаларының негізінде кәсіпкерлікті дамытуға сәтбаевтық жастар құлшыныс білдіруде. Соның бірі – жас кәсіпкер, жастарды кәсіпкерліктің қыр-сырына баулу ниетімен жақында құрылған «Алтын ұрпақ» білім беру орталығының басшысы Әлібек Орынбек сөз алып, қаланың бірден-бір дамушы күші болып отырған кәсіпкерлікті дамыту ісінде жастардың да үлесі басым болғаны жөн деп атап өтті.

Жастардың келелі жиынында мінберге шыққан әрбір баяндамашы өздерінің тақырыптарына сай ұсыныс, тілектерін де жеткізді.

Кеншілер шаһарының жалынды жастары «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жақында ел халқына жолдаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыруда жастардың да үлесі қомақты екендіктерін «Нұрлы жолда ел бірлігін қолдаймыз!» деген ұрандар арқылы білдіріп жатты.

Форум жұмысын қала басшысы Әнуар Омар қорытындылап, жастардың білімді һәм өз ісіне адал бола отырып, Отанды сүйіп, отбасы құндылығын сақтай білулері – тәуелсіз Қазақстан болашағының жарқын болуының кепілі деп сөзін түйіндеді.

Жалпы форум жұмысы қала көлемінде жастар саясатын дамыту бойынша жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындап, жастарға шабыт сыйлады.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.