«Нұрлы жол» тың серпінге бастамақ

20141205-05-1«Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ел халқына жол тартқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы әлемді алаңдатқан экономикалық дағдарыстан елімізді аман алып шығудың жолдарын анықтап, ендігі бағындырар белесімізді бағдарлап берді. Жолдау ел дамуының алдағы 10 жылдағы өркендеу өрісін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Жолдаудың маңызды­лы­ғын ел арасында түсіндіру мақсатымен кездесулер де ұйымдастырылуда. Сондай кез­­­­десудің бірі өткен аптада Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің қабырғасында өтті.

Кездесуге келген мектеп оқушылары мен ұстаздарына Жезқазған аймағы бойынша Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы Хансейіт Бөлен, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Ешмаханов биылғы Жолдаудың маңыздылығын түсіндіріп берді.

– Ел болашағына тың серпін берген бұл Жолдау маңыздылығы жағынан ерек­ше. Олай дейтін себеп – алдағы 3 жылда дағдарыстың дүбірі әлемді шарпымақ. Келер сынға қазақ елінің тосқауылы қайсы, тығырықтан қалай шығуға болады? Дәл осы сұрақтарға Президент Жолдауында нақты жауап берді. Біз қолда бардың қадірін бағалай отырып, ел дамуына қажетті жаңа мүмкіндіктерге жол ашуымыз қажет. Дағдарыста дағдарып қалмай, экономиканы өрістету, сол арқылы халықтың әл-ауқатын нығайта түсу Елбасының да, Үкіметтің де, жергілікті атқарушы биліктің де назарынан түспейді. Әсіресе, халықты баспанамен қамтудың тиімді жолдарын қарастыру, аймақтардың дамуы сынды мәселелер Жолдауда егжей-тегжейлі қозғалды.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы екі жылдың көлемінде Елбасы өз Жолдауында Жезқазған аймағын дамытудың тиімді тетіктерін ұсына отырып, аймақты тоғыз жолдың торабына айналдыруды қолға алды. Бұл жоба да нәтижесіз емес. Елбасының өзі келіп, ғасыр жобасы «Жезқазған- Бейнеу» теміржолының тұсауын кесіп кетті. Демек, аймағымыздың болашағы бағдарлы, жүрер жолы айқын. Тұтастай жаңа экономикалық саясат жүзеге асқалы отырған мемлекетімізде ұлтаралық татулық пен келісімнің де маңыздылығы ерекше. Біз «Мәңгілік ел» идеясын қолға алған жасампаз мемлекетпіз. Мәңгілік ел болу үшін Елбасы айтқандай, ұлттық тарихымызды, тілімізді қадір тұтуымыз қажет. Келер жылы қазақ даласында Керей мен Жәнібектің хандық құрғанына – 550 жыл. Сан ғасырлық тарихы бар, тұтастығы жарасты, тұғыры тұрақты еліміз алдағы өтпелі дағдарысқа дес бермесі анық, – деді баяндамашылар.

Жиын барысында ұстаз­­дар мен оқушылар баяндамашыларға Жолдау төңірегінде өз ойларын білдірді.

Кездесу соңында «Қазақ­телеком» АҚ сату жөніндегі орталықтың бас маманы Аслан Қалмағанбетов жиналғандарға «Отау ТV» отандық жерсеріктік телевидение жайында ақпарат берді.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.