Шығармашылық кеш

20141205-01-1Өткен жылдың қараша айында қаламызда аймақтық ұлттық өнер орталығының тұсауы кесілгенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаса керек. Қала әкімінің ұйытқы болуымен өмірге келген бұл орталық ұлттық өнерге жақын жүрген жандардың басын біріктіріп, бірсыдырғы жұмыстар атқарып үлгерді. Сейсенбі күні қала жұртшылығы орталықтың бір жылғы жұмысын көрсеткен шығармашылық есебіне куә болды. Есеп «Елі сүйген Елбасы» деген атпен өтті.

Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен кеш аймақтық ұлттық өнер орталығының есепті мерзім ішінде атқарған жұмыстарын баяндайтын бейнефильммен басталды. Мұнда орталықтағы үйірмелердің жұмысы жұртшылық назарына ұсынылды. Естеріңізге сала кетейік, аймақтық ұлттық өнер орталығында шешендік сөз, айтыс, жазба ақындар, терме, халық әндері, тоқыма-ою шебері, ағаш шебері, күйшілер үйірмелері жұмыс істейді. Оларға арнайы жетекшілер тағайындалған.

Шығармашылық есеп кешінде осы үйірмелер өз өнерлерін жұртшылық назарына ұсынды. Сахнада әуелете ән шырқалып, күмбірлеген күй шертілді. Ақындар сөз қағыстырып, өлеңдер оқылды. Жұртшылық қолөнер шеберлерінің де бұйымдарын тамашалап, сүйсініс білдірді.

Кеш барысында қала әкімі Әнуар Омар сөз сөйлеп, балғын өнерпаздарға жол сілтеді. Орталық жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында қаржылай қолдаудың да жасалатынын айтып өтті.

– «Көш жүре түзеледі», дейді атам қазақ. Өнер орталығының да талпынысы мен талабы таудай. Ең бастысы ынта бар. Ал, ынта болған жерде оның келешегі де кемел болады. Әрине, бір жылдың ішінде бәрін бағындырып тастау мүмкін емес, бірақ, жас өнерпаздардың өресіне қарап сүйсінеміз. Еңбектерің жана берсін, – деп түйіндеді әкім сөзін.

Салтанатты кеш соңында қала басшысы Әнуар Омар үйірмелердің жетекшілерін марапаттап, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ, өнер орталығы жанындағы жазба ақындар арасында Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған мүшәйраның да қорытындысы шығарылды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген Айгүл Тутеева.

Комментарии закрыты.