Елбасы күніне арналған біріншілік

20141205-12-1Тұңғыш Президент күніне орай №16 мектептің спорт залында мемлекеттік мекемелер арасында волейболдан қалалық біріншілік өткізу дәстүрге айналды. Бұл спорт додасы биыл екінші рет жалауын көтерді.

Елбасы күніне арналған қалалық біріншілікке мемлекеттік мекемелер арасынан «Акимат», «ПЧ-44», «ГорОО», «ДЮСШ» «ГОВД», «СШ№16» сынды 6 команда қатысты. Алғашқы айналымда өзара күш сынасқан командалардың мықтылары екінші турға өтті. Атап айтқанда, №44 өртке қарсы бөлімнің, қалалық білім бөлімі мен әкімдіктің және қалалық ішкі істер бөлімінің командалары өз қарсыластарын басымдықпен жеңіп, ақтық сайысқа шықты.

Біріншіліктің қорытындысы бойынша «Акимат» пен «ГОВД» командалары үшінші орынға таласып, нәтижесінде 25-16 және 25-23 ұпаймен әкімдіктің командасы үшінші жүлделі орынды иемденді.

Ал, бірінші орын үшін додаға түскен «ПЧ-44» пен «ГорОО» командалары арасындағы ойын тартысты өтті. Намысты қолдан бермеуге тырысқан командалар барын салып бақты. Алғашқы таймда 26-24 ұпаймен өртке қарсы қызмет командасы жеңіске жетсе, екінші тайм 25-27 ұпаймен аяқталып, жеңіс білім бөлімі командасының еншісіне бұйырды.

Алайда, біріншіліктің басынан бастап шебер ойын көрсеткен «ПЧ-44» командасы үшінші таймды 15-9 ұпаймен аяқтап, жеңіс тұғырына көтерілді. Білім бөлімінің командасы екінші орынды місе тұтты.

Біріншілік соңында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Зухраб Дауымбаев командалар мен олардың жанкүйерлерін Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады. Команда капитандарына кубок беріліп, үздік ойыншыларға мақтау қағаздары табыс етілді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.