«Тұрғын үйлер талапқа сай болсын»

20141212-05-01Сәрсенбі күні аймағымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев қаламызда салынып жатқан коттедждер қалашығын аралап, құрылыстың барысымен егжей-тегжей танысты. Мейман, сондай-ақ, мамандарға «Тұрғын үйлер қай жағынан болмасын тұрғындардың талабына сай келуі керек», деп қатаң тапсырды.

Аймағымызға келген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Жексенбайұлы ең әуелі Үйтас-Айдос су құбыры мен Жезқазған қаласындағы су тазалау цехында болды. Мұнда мамандар қысқаша ақпараттар беріп, мейманды жұмыс жайымен таныстырды.

Жалпы, соңғы жылдары қанаттас жатқан қос қаланың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында аймақта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Оның бірі Үйтас-Айдос су көзін игеру болса, екіншісі – Есқұладан тартылған су құбырларын жаңғырту арқылы халықты таза сумен қамтамасыз ету.

Қазір Есқұладан тартылған құбырларды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда, құбырдың белгілі бір бөлігі апатты аймақтан өтетін болғандықтан, оларды қайыра тарту жұмыстары істің уақытылы аяқталуына кедергі келтіруде. Сондықтан, тапсырыс беруші Жезқазған қаласының әкімдігі мен орындаушы «CASPIAN CONTRACTORS TRUST» ЖШС және «Қазақмыс» корпорациясының бас жобалау институты бірлесе отырып, апатты аймақтағы құбырларды қайыра тарту бағытын белгілеп жатыр. Бұл жұмыстар таяу уақытта біржақты шешілетін болады дейді мамандар. Облыс әкімінің орынбасары осы жұмыстың барысын өз көзімен көріп, мамандардың пікірін тыңдады.

Кені алынған кеніштердегі бос кеңістіктердің қопарылып құлауы осы аймақтағы елді мекендер мен маңызды нысандарға қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Осы мақсатта Сәтбаев қаласымен қоңсылас жатқан көптеген елді мекендерді қауіпсіз аймақтарға қоныс аудару жұмыстары қолға алынуда. Мұндай, «көшіру» шараларынан кейбір нысандар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, Жезқазған-Есіл-Петропавл бағытындағы жолдың белгілі бір бөлшегі де осындай апатты аймақтың үстімен өтіп жатыр. Сондықтан, жолдың бағытын сәл ауыстырып, қауіпсіз аймақ арқылы өткізу күн тәртібінде тұр. Бұл жұмыстар да сәтімен басталған болатын. Асылбек Дүйсебаев жұмыс барысында осы Жезқазған-Есіл-Петропавл бағытындағы күре жолдың тау-кен жұмыстары жүргізілетін аймақпен өтетін бөлігін де өзге, қауіпсіз аумаққа аудару бағытындағы жұмыстың жай-жапсарымен танысты.

Орайы келгенде айта кетейік, аталған бағыттағы жолдың 15 шақырымы қауіпсіз аймаққа қайыра төселіп жатыр. Бұл жұмыс 2014 жылдың қазан айында басталған еді. Жол құрылысы 2015 жылы аяқталып, іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс жұмысының жалпы құны 2 млрд. 654 млн. теңге. Құрылыспен «Дорстрой» ЖШС айналысуда.

Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарын Сәтбаев қаласында салынып жатқан коттедждер қалашығын аралаумен аяқтады. Мұнда мейман қалашық құрылысының барысымен, дайын тұрған үйлердің жайымен жақынырақ танысты.

Үстіміздегі жылы қаламыздың шығыс аймағында екі басты 24 коттедждің құрылысы басталғанын көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаса керек. Бұл үйлер негізінен қаламен қоңсылас жатқан Жезқазған поселкесі мен Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді мекендерінің тұрғындарын өндіріс аумағынан көшіріп, аймақта кен өндірісін дамыту мақсатында салынып жатыр. Биыл осы үйлердің алғашқысы өз тұрғындарын қабылдайтын болады. Қазір қалашықта бір үй 100 процент дайын тұрса, 23 коттедждің төбесі жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртын заманауи құрылыс материалдарымен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Барлық үйлерге жылу, су, кәріз желілері тартылған. Коттедждер ұядай. Ыстық, суық сулары келіп тұр.

Облыс әкімінің орынбасары пайдалануға жақын деген әр үйлерге кіріп, аралап көрді. Кемшін тұстарын тез арада түзетуге тапсырма берді. «Тұрғын үйлердің қай-қайсы болмасын тұрғындар талабына сай болуы қажет. Біз оларға заманауи үлгідегі баспана салып береміз деп отырмыз. Ендеше, сол үрдістен көрінуіміз өзімізге сын», деді Асылбек Жексенбайұлы.

Облыс әкімі орынбасарының жанында облыстық құзырлы мекемелердің басшылары мен қос қаланың әкімдері – Батырлан Ахметов, Әнуар Омар және «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Қрықпышев еріп жүрді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.